Бауыр
Құласаң демеп, сүрінсең сүйеу болатын, қайғырсаң мұңдасың, қуансаң жолдасың бола білген бұл дүниеде бауырдан асқан, бауырдан жақын жан бар ма екен? Иә, расында да, жақсылыққа құшақ ашар бауырдың ыстық пейілінен асқан кеңпейілділік жоқ шығар. Қазіргі таңда сол бағасы алтыннан да қымбат аға-бауырлармен қарым-қатынасымыз қалай? Бір-бірімізге жылы шырай танытып, көңіл бөліп жүрміз бе? Үлкенді сыйлап, қадірлейтін баяғы салт-дәстүріміздің титтей де болса тармағы қалды ма екен? Неге бұл мәселені қозғадыңыз десеңіз, осы күнгі болып жатқан кейбір жағдайларға көңілім толмайды. Бір анадан туған егіз қозыдай бірге өскен бауырлардың бір-бірімен ерегісіп, намысты ерлердің рухын төмен түсіретін жайттар жиі ұшырасуда.
ХХІ ғасыр техника бүкіл әлемді жаулап алған кезең.Тіпті келешекте бар жұмысты робот атқарады дегенге де таңқалмайсың. Байырғы ата-бабамыздың бір-бірімен, туған-туысымен жылы шырай танытып, қал сұрасып, игі жақсылыққа бастау болып бір-бірімен тығыз қарым қатынас жасайтын күндері көзден қазір бұлбұл ұшқан. Техниканың дамығаны сол, бір-бірімен ұялы телефон арқылы хат алысып аман-саулық біліп, аман ба, аман, деп жүре беруі қынжылтады мені.
Бауыр басқан, бауырмал болған қандай керемет дүние. Отбасыңда бірге туған бауырың болса, онда өмірің тіпті шаттыққа толы. Сол бауырыңмен бірге ойнап, бірге күліп, бір затқа таласып қалып, қайта татуласатын жандар болғанға не жетсін?! Бұл өмірде барлық жанда бауыр жоқ, оның ішінде жанашыр аға, көңіл бөліп мәпелер әпке, еркелер сіңілі. Ал осындай бақытқа бастайтын туыстары бар жандар шын бақытты. Бауырмал болу – ол сенің көпшіл болуың, ол сенің адамдармен жақсы қарым-қатынас жасауың, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсете алатыныңның белгісі.
Алауыздықта болу «шайтанның» ісіне баланатын. Ұрыс-керіс, айқай-шу, түсініспеушілік ол жамандықтың бастауы. Әрине, біз бір-бірімізді қандай жағдай болмасын түсініп-түйсіне алмаймыз, себебі, бұл өмірде қанша адам болса соншама пікір бар және әрбір адам өз өмірінің қолбасшысы. Сол өмірін қай арнаға бұрса да өз еркі, бастысы жолдан адаспауы.
Бір істі бастағанда екі ағайынды екі жаққа тартса ол істен не ырыс? Не береке? Расында, ондай істің қайыры болмайтыны бесенеден белгілі. Қазақ атамның өзі «жұмыла көтерген жүк жеңіл», - деп айтып кеткен. Сондықтан қазақтың қызу қанына жаралған, бір-бірі үшін жан пида етуге дайын бауырларымыз әрқашан бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүрсе екен...
Сөз сүйектен өтеді, жүрекке жетеді. Ауыздан шыққан бір ауыз сөз, мірдің оғы тәрізді, қай мағынада айтқаның маңызды емес, маңыздысы, оны тыңдаған адамның қабылдауында. Қағазды умаждап-умаждап барып ашып қалсақ, қыржым түскенін байқаймыз. Адам көңілі де дәл солай. Мүмкін кейбір жайтта уақыт өте келе ұмытылар, бірақ көңілде өшпес кірбің қалары сөзсіз. Адамның көңілі шарайна, сындырып алма, абайла, деген...
Гүлдана Асанжанова