ПАРАСАТТЫ ПОЭЗИЯ

Поэзия – адамзат жүрегін өлең өрнегімен тербейтін, көңіл пернесін қилы сезіммен емдейтін құнды өнер. Сыр елі тұқиян тегімізден уыз жырдың рух дарыған ордасы екені мәлім. Осы киелі өлкеде облыс әкімдігінің қолдауымен, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының ұйымдастыруымен 26-30 мамыр күндері Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласы аясында, сондай-ақ ақын Фариза Оңғарсынованың 80 жылдығы мен сыншы, аудармашы Жарасқан Әбдірашұлының шығармашылығына арналған «Парасатты поэзия» атты халықаралық фестиваль өтуде. Бұл жөнінде  «Sultan Plaza» қонақүйінде өткен баспасөз конференциясында айтылды.

Сыр топырағында екінші рет ұйымдастырылған шараға Түркия, Әзірбайжан, Қырғызстан, Татарстан елдерімен қатар республикаға танымал 28 ақын қатысуда. Фестиваль барысында ақындар үш топқа бөлініп, бірнеше бағыт бойынша аудандарға сапарлап, ауыл тұрғындарымен жолығады. Сонымен қатар 30 мамыр күні қаламыздағы іргелі оқу орны Қорқыт ата атындағы ҚМУ және Болашақ университетінің студенттерімен кездесіп, пікір алмасады. Ал шараның қорытынды кешінде «Ұлы дала үні» атты қырғыз тілінде тәржімаланған жыр жинағы мен Жарасқан Әбдірашұлының «Дала, сенің ұлыңмын» атты кітабының тұсауы кесері өтеді.
Сыр аспанында «рух» салтанат құрып тұр
Шахизада ӘБДІКАРІМОВ, ақын:
− Әдетте үлкен бір маңызға ие мега жобалар Нұр-Сұлтан, Алматы қаласынан бастау алушы еді. Ал осы жолы «Парасатты поэзия» фестивалінің Қызылордада қанат жаюы біз үшін шынымен де қуанышты жағдай болып тұр. Шараға республиканың барлық аймағынан талантты, қазіргі қазақ поэзиясының бір-бір уығы болып, керегесін керіп жүрген ақындар жиналды. Қазір қала аспанында рух салтанат құрып тұр.
Мына жайды ескеру қажет, облыстық мәдениет басқармасы Жастар жылына орай фестивальге жас ақындарды көбірек шақырту жөнінде ұсыныс айтты. Сондықтан шараға қатысушылардың тең жартысынан астамы жыр мәйегін жүрегіне жиған жастардан құралды. Бұл − қазақ поэзиясының болашағы жарқын екенінің дәлелі.
10 мың дана кітапты тарту етеміз
Пармаксыз МЕХМЕД, түрік ақыны:
− Менің атым – Пармаксыз, қазақ тіліне аударғанда «бармақсыз» деген мағына береді. Бір қолда бес саусақ болатыны секілді, қырғыз, әзірбайжан, татар, түрік ұлтының қазақ жерінде бас қосуы ел арасындағы бірлікті көрсетеді.Қазақстанға келгеніме өте қуаныштымын. Түркия мен Қазақ елін ең алдымен Қорқыт бабамыз біріктіп тұр, одан кейін поэзия жақындатады. Поэзия ақындарға ауа тәрізді қажет. Айта кетейін, жақында Түркия жазушыларының поэзия, поэма туындылары жинақталған 10 мың дана кітапты қазақ жұртына тарту етпекпіз. Тұсаукесер рәсімі Нұр-Сұлтан қаласында өтеді, ал кітаптардың Қызылордаға жетуін өзім қадағалаймын.
Екі елдің тілі де, үні де ұқсас
Қарбалас БАКИРОВ, қырғыз ақыны:
     − Қырғыз айтады «қанча» деп,
Қазақ айтады «қанша» деп.
Ч мен Ш болмаса
Айырма жоқ онша көп, − деп қырғыз ақыны айтқандай, екі ел ақындарының айтар ойы мен сөзі ұқсас. Осы жылы «Парасатты поэзияға»  екінші рет келіп отырмын. Өткен жолғы шараны Қырғызстанға барып «Қызылорданың губернаторы Қырымбек Көшербаевтың бастамасын біздің Қырғыз губернаторы үйреніп, осындай поэзия кешін өткізсе жақсы болар еді» деп газетке жаздым. Жалпы түрік ақындарының бас қосуы үлкен жетістік деп есептеймін. Бәріңізді поэзия фестивалінің басталуымен құттықтаймын! 
  Халықаралық фестивалге ақын Фариза Оңғарсынованың сіңілісі Алмагүл Оңғарсынова, баласы Алмас Оңғарсынов және Жарасқан Әбдірашұлының баласы Рүстем Әбдірашов, немересі Әбілхайыр арнайы қонақ болды. Айтулы шарада поэзия пырағына мініп, қара қаламға қанат бітірген ақындардың түрік жұртына арнар жыры мол болмақ.
Гүлдана ЖҰМАДИН  
29 мамыр 2019 ж. 2 236 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930