» » ЖАУҺАР ЖЫРДЫҢ САЛТАНАТЫ

ЖАУҺАР ЖЫРДЫҢ САЛТАНАТЫ


Өткен жұмада А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде Рухани жаңғыру бағдарламасы аясында«Парасатты поэзия» атты халықаралық жыр кеші болып өтті. Поэзия кешіне облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қатысып, жылы лебізін білдірді.
– Сыр өңірінде өміршең де құдіретті поэзия атты сырлы әлемнің құрметіне арналып тұңғыш рет «Парасатты поэзия» атты жыр кеші өткізіліп отыр. Баршаңызға жолы бөлек, жөні ерек шараға қош келдіңіздер дейміз. Біз – ежелден «Сыр елі – жыр елі» атанған елміз. Тұма жырдың бастауын Қорқыттан алған Сыр өңірі талайды таңдай қақтырған, Сыр сүлейлері деген атау­ды ұлттық мәдениет төрінде берік орнықтырған жыршы-жыраулардың, дарабоз ақындар мен шайырлардың мекені деп мақтан етеміз. Осы ретте, «Парасатты поэзия» жыр кешін Сырда ұйымдастыру Елбасының рухани жаңғыру идеясының аясында тарихи, рухани болмысымызды одан әрі аша түседі, айшықтай түседі деп есептейміз, – деді аймақ басшысы.
Өлеңге шөліркеген жұртты тамсандырған шараны «Парасатты поэзия» идеясының авторы, ақын Ш.Әбдікәрімов жүргізді. Қоғамның шындығын, кезең келеңсіздігін қаймықпай шығармасына арқау етіп, әдебиетіміз бен мәдениетіміздің тарихына, болашағына сүбелі үлес қосатын поэзия пырақтарының әркез айтары анық, келешек үшін алар орны ерекше. Бұл кеште де ақындар осы үдеден шыға білді.
Жыр кешіне қырғызстандық Б.Чотурова мен Қ.Бакировтай және Ғ.Жайлыбай, Қ.Иса, Е.Ашықбаев, Ұ.Дәлейұлы, Н.Бегалиев, Б.Бабашова, Б.Мүбәракұлы, М.Тоқсанбай сынды есімдері елге белгілі ақындар мен Қ.Жәленова, Қ.Есімсейітова, Т.Абылаев, А.Үсенов, Д.Аяшұлы, Т.Қабылша сынды жерлестеріміз қатысып, өлең оқыды.
«Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» деп Абай хәкім айтқандай, оның айналасы тегіс келіп, жүректерден орын алуы керек. Өлеңде халқымыздың өмір, тіршілік, табиғат туралы түсінігі, салт-дәстүр, елдік пен ерлік махаббат пен сенім көрініс табады. Сол себептен, поэзия атаулы халықтың рухани өмірінде ерекше орынға ие болды. Бір кезеңдерде жыраулар өлеңмен тарихты астастырды. Ел мен елді жақындастырып, ханға сүйеу, батырға тіреу бола білді. Яғни, жыраулар поэ­зиясы халықтың басынан өткен тарихи оқиғаларды, оның арман-мұратын, кешкен ауыртпалықтарын жырлаумен ғана емес, елдің саяси-әлеуметтік тіршілігін, ой-санасын, дүниетанымын көркем бейнелі тілмен бере білуімен де бағалы деген сөз.
Қазіргі қазақ әдебиетінің дамуында ХХ ғасырдың орны айрықша екенін айта кеткен жөн. Ахмет, Міржақып, Мағжан, Сәкен, Бейімбет, Сұлтанмахмұт сынды ұлт ақындары ел болашағының қамын жеді. Ал, өткен ғасырдың 60-шы жылдары әдебиетке талантты ақындардың тағы бір шоғыры келді.  
Мұқағали Мақатаев, Олжас Сүлейменов, Қадір Мырза Әлі, Мұхтар Шаханов, Жұмекен Нәжімеденов, Төлеген Айбергенов, Жарасқан Әбдірашев, Жұбан Молдағалиев секілді қазақ өлеңін жаңа сапалық биікке көтерген, өзіндік таным өрнегімен дараланған қазақ поэзиясының бірегей тұлғалары халықтың сүйіспеншілігіне бөленді.
Сыр елінің де өз Әбділдасы, Асқары, Қалтайы, Зейнолласы, кейін­гі Қомшабай Сүйенішев, Асқар Кіребаев, Махмұтбай Әміреев, Әскербек Рахымбекұлы, Рысты Бекбергенова, Сәнімкүл Желдербаева, Қатира Жәленова, Шаһизада Әбдікәрімов, Толыбай Абылаев, бүгінгі Дүйсенбек Аяшұлы,  Қаршыға Есімсейітова, Алтай Үсенов, Толқын Қабылша сынды ақындары да қазақ поэзиясының дамуына сүбелі үлес қоса білді.
Ерасыл ШӘРІБЕК
28 желтоқсан 2017 ж. 1 409 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031