Елордадағы «Еуразия» кинофестиваліне танымал продюсерлер келді
30 маусымда елордадағы «Қазақстан» Орталық концерт залында «Еуразия» XV Халықаралық кинофестивалінің салтанатты ашылуы өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Жыл сайын осы фестиваль қамтып отырған өңірлер кеңейіп келеді. Биыл Қазақстан картиналарымен қатар, Франция, Ресей, Македония, Италия және басқа да бірқатар елдердің фильмдері қатысады деп күтілуде. Сонымен қатар фестивальге келетін қонақтар да артып келеді. Олар осы шарадан бөлек, жалпы Қазақстанға және елімізде киноиндустрияға қызығушылық танытуда», - деді ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Мәдениет және өнер істері департаментінің директоры Әбіл Жоламанов.
Оның айтуынша, биыл фестиваль аясында танысу сапарымен АҚШ-тан продюсерлер тобы келді. Олар бірлескен жобаларды іске асыруға ниет танытуда. Бұл тұрғыда Lionsgate, NBC Universal, Warner Horizon, The Discovery, Global Film Solutions және басқа да компаниялардың продюсерлері бар. Өз кезегінде «Еуразия» кинофестивалінің президенті Ермек Тұрсынов аталған шараға шынымен де танымал өнер ұжымдары шақырту алғанын атап өтті.
«Фестиваль қызықты болады деген сенімдеміз. Барлықтарыңызды осы шараларға қатысуға шақырамын. Биыл танымал әрі саланың білікті мамандары келді», - деді Е.Тұрсынов.
Белгілі болғандай, ағымдағы жылғы фестивальде қазылар алқасының үш құрамы жұмыс істейді: негізгі байқау қазылар алқасы, қысқа метражды және анимациялық фильмдер байқауының қызылар алқасы, сондай-ақ NETPAC тәуелсіз қазылар алғасы (азиялық киноны насихаттау желісі). Фестиваль орталығында танымал кинематографистердің шеберлік-сабақтар, отандық киноиндустрия үшін өзекті тақырыптарда дөңгелек үстелдер ұйымдастырылмақ. Айта кетейік, кинофестивальдің жабылу рәсімі 6 шілдеде «Қазақстан» Орталық концерт залында өтеді.