ЖУРНАЛИСТ МӘРТЕБЕСІ ТУРАЛЫ ЗАҢ КЕРЕК ПЕ?
Журналист – халық пен билік арасындағы дәнекер жан. Халықтың шер-мұңын, мәселесін толық зерттеп, орынды көтере білетін кәсіби маман. Елімізде «БАҚ» туралы заң бар. Бұдан бөлек журналистердің мәртебесін айқындайтын заң қабылдануы мүмкін бе? Жуырда Елордада өткен жиындардың бірінде бір әріптесіміз ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа сауал қойды. «Бізде журналистердің мәртебесі туралы заң жоқ. Біз ешқандай топқа жатпаймыз. Сол статус туралы заң қабылдауға өзіңіз мұрындық боласыз ба? Бұған көзқарасыңыз қандай?» - деді журналист. «Бұл – өте өзекті мәселе. Мәселені жақсылап тұрып қарауымыз керек. Егер керек болатын болса, мен Үкіметке тиісті тапсырма беремін. Келешекте журналистердің мәртебесі туралы, тиісті заңды қабылдаймыз. Я болмаса, мен өзім президент ретінде шешімімді шығарамын», − деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Президенттің бұл сөзінен соң ертеңгі күні жаңа заң қабылданса, онда қандай баптар болуы мүмкін? деген ой туындады. Жалпы әріптестер «журналист мәртебесі» деген ұғымды қалай түсінеді? Ортаға осындай сауал тастап, пікірлерін білген едік.
Есенгүл КӘПҚЫЗЫ, журналист:
− Журналистің мәртебесін нақтылайтын болсақ, ең алдымен журналистің тәуелсіздігіне назар аудару керек. Қазіргі ақпарат тәуелді, онда үгіт-насихат, көңіл көтеру жағы басым, ал нақты проблемалық журналистика жоғалып кетті. Мына Арыста болып жатқан оқиғалар секілді жаңалықтардан соңғы жылдары аяқ алып жүргісіз болып кетті. Күнде тікұшақ құлайды, төтенше жағдайлар орын алады, адам қолымен жасалған апаттар көбейіп барады. Күн сайын бір нәрсеге бармақ тістейміз. Бірақ сабақ алмаймыз. Мұның бәрі ашық ақпараттың жоқтығы. Ең бірінші, біз бұл заңды қабылдамас бұрын журналистік қызметтің дәрежесін айқындауымыз керек. Яғни кедергілер көбейе бере ме, журналистер тоқпақпен жазуы керек пе, әлде еркіндік беріле ме? Бізде БАҚ туралы заң бар. Меніңше жаңа заң қабылдағанша осы заңды жетілдіру керек. Өкінішке қарай бұл заң журналистің жұмыс істеуіне жол ашқанның орнына, кедергі келтіріп тұр. Сондықтан бұл заңды қайта қарап, шетелдің тәжірибесін алу керек. Ол жақта арнайы заң жоқ. Тек кәсіби-этикалық кодекс бар. Демократия бар. Айлығы да жоғары. Бізде журналистің айлығы шайлығына жетпейді. Журналистердің көбі мемлекеттен тағайындалған сыйақыдан дәметеді. Сыйлық беру – ол журналисті сатып алу деген сөз. Ол журналист ешуақытта тәуелсіз бола алмайды. Ал мемлекеттік тапсырыс − қазіргі журналистиканың аяғына салынған тұсау. Әрине, мемлекеттің БАҚ-ты қаржыландыруына қарсы емеспін. Өкінішке қарай, мемлекеттік мекемелер «Аяғына ас құйып, сабына қарауыл қойып» отырады. Яғни, ақша беріп, контентті бақылап-тексереді. Қаржылай қолдау білдірсін, бірақ контент тексерілмеу керек. Бұл бәлкім журналистиканың тыныс алуына аз да болса септігін тигізер.
Сәкен АЛДАШБАЙ, «Сыр дидары» газетінің бас редакторы:
−Тілшілердің 60-70 пайызын құрап отырған газет журналистерінің жағдайы күннен күнге нашарлап келеді. Бұл журналистер үшін ғана емес, мемлекет үшін қасірет екенін сезінетін кез келді. Себебі, газет журналисті жартылай тұлға болуы керек деген қағида бар. Бұл − осы сала тілшілеріне білінбей қалыптасқан болмыс. Газет сараптамасы, пікірі, болжамы мен жоспары, ұсыныстары салыстырмалы түрде терең болатынын ғылыми дәлелденген. Өйткені, бұл сала мамандары жазушылықтың алғышартында "тілші жартылай тұлға" деген болмыста қалыптасқан жандар. Көптеген жазушылардың тілші болғаны бұған дәлел. Демек, биліктің бей жай қарауы тұлғалық болмысы қалыптасқан мамандарды тыңдамайды деген сөз. Бұл биліктің халықтан бөлектігін көрсетеді. «Кез келген маманның тілшінің пікірімен қалай санасамыз?» деген де пікір бар. Бұл да ақиқат жауап. Себебі, қазір төмен балл жиналғандар, телеарнадан тележүргізушіні көріп еліктеп өскен жастар журналистикаға келуде. Саны бар, сапасы жоқ мамандықты дайындап жатқан оқу орындары студенттің журналистикалық тұлғасы, ұстанымы, тереңдігі бар жоғына қарамай дайындай береді. Тіпті «болды», «кетті» жиналысты жазатын маман деп қабылдау деңгейіне жеттік. Біздің беталыс осылай бара жатқанда мемлекеттен мәртебе сұрау қисынсыз секілді. Сол үшін мыңғырлаған газет-журнал аша беруге, ретсіз маман дайындау беруге жол бермеген жөн. БАҚ таралымын, көрсетілімін жазылым мен көрілім ретингісіне қарап есептемей, еркіндігі, тереңдігі, қоғам дамуына қосқан үлесі арқылы өлшеп, соған жағдай жасау тиіс. Заңдағы талаптарды көрші Ресейден көшіріп, құқықтары қорғалуы керек. Сол кезде тілші мәртебесі өзінен-өзі көтеріледі. Биліктің мереке қарсаңында берген бір жапырақ қағазы емес, елдің ықыласы біздің мәртебемізге мәртебе қосып, алғыстары алтын медаль, тілектері құрмет грамотасы болады. Ал, біздің қазіргі журналистика көзі жәудіреген өгей ананың қолындағы жетімнің күйін кешіп тұр. Егер осы күйімен кете берсе журналистика өледі, елді де, болашақты да өлтіреді.
Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА, «Сыр бойы» газетінің бөлім басшысы:
− Әрине, ең алдымен журналистердің әлеуметтік тұрғыдан қорғалуына себеп болды еді деп сенемін. Қазір бюджеттік қызметкерге немес мемлекеттік қызметкер қатарына жатпаймыз. Бұрын облыстық газет қызметкері облыстық партия қызметкері саналған. Бұл бұрынғыны көксегенім емес, енді олай болмайтынын да түсінем. Әйтседе билік пен халық арасындағы алтын көпір иелерінің мәртебесі қорғалу керек.
Қозы Көрпеш ЖАСАРАЛҰЛЫ, «Халық» газеті бас редакторының орынбасары:
− Елімізде БАҚ саласында қадау-қадау мәселелер бар. Мойындау қажет. Қай-қайсысына да екі шоқып, бір қарау маңызды. Алдымен журналистің мәртебесі туралы сөз қозғамас бұрын, бүгінгі БАҚ-тың жай-күйін жөндеп алған абзал. БАҚ-тың беделі болмайынша, журналистің мәртебесі көтерілуі неғайбыл. Дегенмен, журналистің мәртебелі болуы алдымен БАҚ өкілінің өзіне тікелей байланысты. Мәселен, журналист өз орнын қоғам арасында қалыптастыра алса, мәртебелі болары сөзсіз. Сонда ғана емен есігі еріне ашылатын шенеуніктердің де аяқ тартатыны рас. Әйтсе де, мұнымен БАҚ саласындағы барлық мәселе шешілді деп айту қиын. Журналист кәсіпкер емес, иә, бюджеттік салада қызмет етпейді. Нақты статусы жоқ. Қоғамда статус анықталмаған соң құр сөзден құйын ойнатудың қажеті шамалы. Ең алдымен журналист мәртебесі туралы заң қабылдамас бұрын, БАҚ туралы заңнаманы қайта қарап шығу қажет. Қазір ақпаратқа қол жеткізу қиын. Ең бірінші мұны ретке келтірген жөн. Екіншіден, елімізде журналистерге қарсы қозғалатын қылмыстық іс көбейген сыңайлы. «Әділ сөз» қорының мәліметіне сенсек, былтыр журналистерге қарсы қозғалған 20 дан астам қылмыстық істің оны сотқа жеткен. Азаматтық істер бойынша сотқа түскен 42 шағым мен талап-арыздың 30 дан астамы ар-намыс пен іскерлік беделді қорғауға арналған. Моральдық шығынды өндіріп беруді сұраған талап-арыздарда көрсетілген өтемақының жиынтық көлемі 230 миллион теңгені құраған. Аталған сандар еліміздегі БАҚ-тың «беделін» көрсетіп-ақ тұр.
Абай ТАҒЫБЕРГЕН, журналист:
− Қазір нық сөйлеп, тез шешім қабылдайтын уақыт. Журналистің мәртебесі артады дегелі ширек ғасыр өтті. Журналистиканың алтын дәуірін жасаған аға буын өкілдері де уақытында мәртебе хақында мәселелерді төтесінен көтеріп, мінберге шыққан-ды. Бірақ амал нешік, қалам ұстаған қауымның мәртебесі толыққанды айқындалған жоқ. Соның салдарынан журналистер әлеуметтік пакеттен қағылды. Яғни мемлекет шеңберінде баспана ала алуға мүмкіндігі болмады. Әлбетте, елдегі БАҚ құралдарының дені жекенің қолында деген жауаптың айтылып жүргеніне де біраз уақыт өтті. Десе де, баспанасыз берекесі қашып, үй-үйді жағалап жүрген журналистің еңсесі тік, мәртебесінің айқын болуы баспанаға байланып тұр. Бұл – материалдық тұрғыдан туындаған ой. Ал, журналист деген абыройды алып жүру, оның мәртебелі болуы ұстаным мен позицияға тікелей қатысты. Біреудің жетегінде не айтаққа ерген тілшінің нақ кәсіби көзқарасының болмауы, ардан аттап, елдің мәселесінен «ақша жасап алу» сынды қасиеттер өз құнымызды түсіреді. Сондықтан, журналистің жеке мәртебесінің биік болуы тікелей өзіне ғана қатысты. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «журналистер мәртебесін айқындайтын уақыт келді» дегені көкейге бір сенім ұялатады. Меніңше, арнайы заң қабылдана қоймайды. Себебі БАҚ туралы заңға енген өзгерістерге де көп уақыт болған жоқ. Заңда мәртебе туралы пункт жоқ емес, бар. Бірақ нақты айтылмаған. Егер журналистердің жанайқайына шындап мән берілсе, ескіруге жақындаған ұсыныстарға қан жүгірер еді. Ал жас буын журналист ретінде журналистердің біліктілік арттыру институтын құру туралы идеяны ұсынар едім. Институт 4 жылдық теорияны беретін университеттік білімді емес, нақты нарыққа қажет журналистік дағдыларды үйрететін алаң болса деген ой бар. Қазіргі уақыт иіріміне, яғни журналиске керек сапалы контент жазу, видеоблог түсіру, ағылшын тілінде ақпарат таратуды, фрилансерлік, менеджерлік қасиеттерді, бір салаға машықтанған менеджерлерді дамытатын кәсіби журналистер институтын құра алсақ, нағыз қауқары мықты, айтары бар журналистер бой көрсетеді. Бұл сөзі де, өзі де өтімді журналистиканың жоғалып кетпеуіне жол ашады. Сонда ғана әлеуметтік проблемасы мен кәсіби біліктілік мәселесін шырылдап айтып жүрген түлкі құрсақ журналистердің талабы орындалар еді.
P/s: Әріптестер түрлі пікір білдірді. Журналист мәртебесі жасаған қызметімен өлшенуі қажет шығар. Олар ақ адал еңбек етуі үшін сөз бостандығы қажет. Ең бастысы арамыздан қомақты қаламақыға сатылып кетпейтін өз ісінің кәсіби шеберлері шықса игі.
Пікірлерді топтастырған Гүлбану МАҚАЖАН