ЖАРТЫ ҚАП ЖАЛАҚЫ


Жалақының түрлерін санап берсем, сегізің сайға, тоғызың тоғайға қашасыңдар, ал, осы жерде жым болсам, «Неге үнсіз қалды?» деп аяғымды басасыздар. Ай сайын  күректеп, немесе қасықтап табатын табысыңыз мынадай болып келеді: жыртық жалақы, «жынды» жалақы, біртүрлі жалақы, күлкілі жалақы, болар болмас жалақы, орны толмас жалақы, қампиған жалақы, аңқиған жалақы, шалшық жалақы, жарты қап жалақы…
Бір күні жұмыс іздеп, мектеп директорына келдім. Керіліп, сәлем беруге ерініп, әрең тыныстап отырған апайым аңтарыла қарады:
– Жайша келдіңіз бе? – деп сұрады саусағын қасып.
– Мұғалім болайын деп…
– Қай пән?
– Кәдімгі ән.
– Музыка пәні мұғалімінің, жалпы ұстаздардың айлығы масқара. Сіздің айлығыңыз сексен сегіз миллион теңге алпыс бір тиын…
– Қойыңызшы, енді… мұнша ақшаны санау да қиын… – деп ыржалақтай бастадым. Жастар тілімен айтқанда «мандраж» болып қалдым.
– Бірақ жұмысқа тұру үшін сексен сегіз миллион алпыс екі тиын пара бермесеңіз…
Мұндай ақша мен пақырыңда қайдан болсын, басым екі бұтымның арасына кетіп қалардай салбырап, біртүрлі қалтырап, жүрегім жалбырап, жабырқай шықтым. Бір құрылыс компаниясына келдім. Бастығы басын қасып отыр екен, мәселемді майыстыра тыңдап алды да, терезе тұсына барып, бұрылмастан:
– Қыш қалаушы боламын деңіз… Айлығы сұмдық! Сегіз жүз сексен миллион теңге… Келісесіз бе? – деп сұрады.
Құдайым-ай, мына жұртқа не болып кеткен өзі? Отыз мың теңге айлығын «опырып алдым» деп ойбайламай-ақ жүрген кедей қызметкерлердің алдында менің айлығым… Сонша ақшаны қалай санап аламын? Неге жаратамын? Ақшаның буымен Құдайдың қолынан кофе ішіп кетпеймін бе? Қайта сұрадым.
– Ия, сегіз жүз сексен миллион теңге бір тиын…
Тұра қаштым! Мені мазақтап отырған шығар? Әлде, қоғам бір сәтте өзгерді ме? Әлде, теңгенің құны құмға сіңіп кетті ме? Дереу «Жедел жәрдем» мекемесі бастығына келіп, шопыр болғым келетінімді мәлімдедім.
– Бір орын бос. Біздегі шопырдың айлығы мардымсыз ғой. Небәрі екі жүз миллион теңге.
Шалқамнан түсіп жатырмын. Көз алдымда ақшалар «пыр-пырлап» ұшып жүр. Көбелек ақшалар. Бірі – мұрныма, бірі – құлағыма қонады… Бастық бетіме ішіп отырған кофесін шашып, тірілтіп алды.
– Мен сізді парасыз қызметке алайын. Бірақ бірінші айлығыңызды маған бересіз…
Қатты састым, тұра қаштым, бетті бастым жалма-жан… Кешіріңіз, сіз шынымен сеніп отырсыз ба? Халықтың айлық табысы дәл мен жазғандай болса, жынданып кететін шығармыз? Жұрт жыртық ақшаға күнелтіп жүргенде, кейбір шенеуніктер шіреніп отырып-ақ жарты қап жалақы алып келеді емес пе?
Мұхтар ШЕРІМ
15 желтоқсан 2017 ж. 1 649 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031