ЖАСТАРҒА БІР ТЕЛЕАРНА КЕРЕК

Қазіргі шет елден солайымен көшіріп алынған жобалардан жұрт әлдеқашан жалықты. Онсыз да түкке тұрғысыз үнді, түрік телехикаяларынан құтыла алмай жүрген жастарды телеарналарымыз осылайша «жарылқап» жатыр. Рейтинг қуалаған, айтар ойында салмақ жоқ жобалар мен «жұлдызды» шоулардың міндеті жастарды кері кетіру сияқты көрінетіні бар кейде. Күні бойы шетелдің телехикаяларын айналдырып, ал таң ата оларды қайталап көрсетіп көрерменін «көзайым» етуден бір танбай-ақ келеді. Одан қалса, сырттан айна қатесіз көшіріп алған кезекті «шедевр шоуын» ұсынып, одан сайын миыңды улай түседі.
Еуразия арнасынан тұрақты беріліп келе жатқан «Қалаулым» бағдарламасы осы сөзіміздің бір дәлелі. Аты дұрыс болғанмен, заты бұрыс бұл бағдарлама қазақ менталитетіне мүлдем келмейді. Боқауыз да, ұрыс-керіс те осында. Бір-бірімен жаға жыртысып жатқандарға ақыл айтудың орнына «үрит соқ» деп отқа май құя түскен біреулерді көресің. Шу көбейген сайын бағдарлама жүргізетін «жұлдыздың» жаны кіреді. Айтары жоқ, түрік ағайындарымыздан келген көшірме жобаға қатысушылар «Атың шықпаса, жер өртенің» кебін киіп-ақ жатыр.
Баяғы біздің бала кезіміздегі «Жүз бір жұмбақ, мың бір мақал», «Алтын сақа», «Жерұйық» сынды бағдарламаның бірі де жоқ қазір. Жаңадан ашылған «Гәкку» телеарнасы да бастапқыда тек қазақша бейнебаяндар көрсететін. Қазір олар да жүрісінен жаңыла бастады.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтайық, бүгінгі қазақ қоғамына «Қалаулым» және сол тәрізді арзан бағдарламалардың түкке де қажеті жоқ. Кері кеткеннің бетін бері бұрамыз десек, жастарға бір телеарна керектігін мойындайық. Сол арқылы жастарға ұлттың тарихын, дәстүрін, мәдениетін танытайық. Алтын көмбе – руханиятымызды насихаттайық. Сол арна арқылы ойлы жастардың ортасын қалыптастырайық.
Сонда ғана өзгенің қаңсығын таңсық көрген түсініктен арыламыз. Елбасы бастамашы болған рухани жаңғырудың негізгі ұстындарының бірі де осы емес пе?!
Ерхан АҚЫН