ЕСТІ ӘНДІ ҚАШАН ЕСТИМІЗ?
Инстаграм әлеуметтік желісінде сіздің де, біздің де жеке парақшамыз бар. «Жұлдыздардың» оқырманын көрсеңіз таңдай қағасыз. Ішкен асын, киген киімін жарнамалаған суреттермен-ақ лайк жинайды. Комментарийлерді көрсеңіз, бірі «бұл киім сізге жарасады» десе, ендігісі «қысқа киюге ұялмайсыз ба» деп өзара даурығысып жатқаны. Сахнаға алғаш қадам басқан жасты өзіміз тұлға етіп жібереміз-ау. Жаңа шыққан әнді естісек, бәріміз жамырай жарнама жасайтынымыз тағы бар. Шындығында жанды дауыста ән айтатын әншілер саусақпен санарлық.
Ұлттық ән-өнерімізді дәл бүгінгідей әнші болмаса да, әнші атанып ақшатабудың көзіне айналдырған «жұлдыздардың» осылайша еркіне беріп қойсақ,мұның түбі – орны толмас өкініш. Ән мен оның сөзіне мәнбермей кім көрінгенді сахнаға шығарып, ол аз болғандай күн сайын теледидарғашығарып насихаттау ұлтымыздың рухани құлдырауына әкеп соғады. Алұлттық өнері құлдыраған ұлттың бүкіл сана-сезімі құлдырайды.
Әнші, белгілі өнертанушы Ерлан Төлеутай: «Қазірдің өзінде әбден мәңгүрттенген маргиналданған бір топ «өнер жұлдыздары» мемелекеттік телеарналардан көрермен санасын сансырататын ию-қию шоулар ұйымдастырып, теледидар төрінен халқымызға төрелік айтып, жөн сілтейтін деңгейге жетті. Бір сұмдығы – бойында отаншылдық сезімі жоқ, есіл-дерті коммерциялық мақсатты көздейтін осындай нигилист – өнерпазсымақтардың ықпал етуімен отандық теле-радио арналарымызды тобырлық мәдениетке құмар жастар аудиториясына бейімдеу үрдісі байқалады. Бұрын Сағат Әшімбаев, Ақселеу Сейдімбек, Қадыр Мырзалиев, Шерхан Мұртаза сынды қайраткер ағаларымыздың ұлтты ұйыстыруға негізделген, мемлекетшіл ой-пікірлерін беретін теле-радиоларымыз бір той мен бір тойдың арасында жүгіріп жүрген эстрада әншілері мен екі ауыз сөздің басын қосып ойтүйе алмайтын асабасымақтардың қолына көшті. Теледидар мен радио үшін мұнан асқан сорақылық болады ма?»– деген еді бір сұқбатында.
Әнші Нұрлан Өнербаев отандық шоу-бизнестегі бүгінгі күннің жұлдызына қатысты ойын ашық айтты. Ол сахнаға көшеден келген жұлдызсымақтармен қатар тұрып ән айтқысы келмейтінін жеткізді. Конкурс, кастинг, тағы бірдемелер арқылы көрініп, продюссерлердің қолдауымен, көмегімен бір әнді жаздырып, ол әнге бейнебаян түсіріп, әлем-жәлем киімді кигізіп қояды. Сосын желі арқылы, одан соң теледидар арқылы сағат сайын айналдырып отырып, қаласаң да, қаламасаң да көруге мәжбүр қылады. Сағат сайын көрініп жатқан соң әнші «жұлдыз» болмағанда кім болады?!
Белгілі журналист Ержан Байтілес: «Жұрт жылауық әннен жалықты. Сүйгеніне жете алмай ыңырсып, көз жасына төгіп, «жаным» дегенді жетпіс жеті рет қайталап айтатын әндер қазақ сахнасында соңғы жылдары көбейіп кетті. Қызы да, жігіті де мұңданып, кейбірі махаббаттан жынданып, ән салады. Сөзінде – мән, әуенінде – ән, өн бойында жан жоқ әуендерден тындарманның құлағы сарсыды. «Қолым жетпей сенің шашыңа, Шаштарыңның иісін сағындым» деген өлең ұйқасты былай қойып, қисын көріп тұрсыз ба? Оның қолы қыздың шашына жетпесе, қалай сағынады? Ақылға сыймайды. Біз бүгінде толықтай еуропаланып кеттік пе, әлде жаһанданып болдық па, қазіргінің әндері сезімдерін ашық айтады. Жасырмайды. Қай әнде де «сүйемін» деген сөз өріп жүреді. Махаббат бағзы заманда да болған. Бірақ қазақ сезімін ыммен, астарлап жеткізген», - дейді.
Шәмші Қалдаяқовтай асқаралы тұлғаның әндеріне қазір ешқандай насихаттың қажеті жоқ, өйткені онсыз да халқымыздың жүрегіне берік ұялаған халықтық қазына саналады. Осындай нар тұлғалардың әндерін шырқаса құба-құп болар еді. Қай-қайдағы «Сен маған сүюді үйреттің», «Жанымда бол» «Күнім сен сөнбеші» деп жарыса әндеткенше, Шәмші әндеріндей мәні мен сазы келіскен ән болса, үні қиырларды шарлап, қияндағы жұрттың құлағына жетіп жатса, одан қазақ эстрадасы ұтпаса, ұтылмайды.
Мөлдір САБЫРЖАН