Перзентханадан алып шық
Бүгінде "любимая спасибо за сына", "любимая спасибо за дочь" деген безендірудегі көлікті жиі кездестіреміз. Осыдан-ақ шетелге еліктейтініміз көрініп тұр.
Бұрын әкеміз анамызды перзентханадан қалай алып шықты. Өткенге көз жүгіртейікші. Ол кезде көліктің түр-түрі болған жоқ. Ат арбамен алып шыққан сәттердің де кездескені жасырын емес. Қолында бір құшақ гүлі бар. Есесіне жас-жұбайлардың жанарынан сыйластықты байқауға болады. Ал қазіргі жастар бәсекелес. Бір оқиғаны мысалға келтірсек: "Арман, Қайрат келіншегін перзентханадан қалай алып шыққанын білсеңіз ғой. "Лимузин" жалдапты, қосымша тағы екі көлігі бар. Достарының барлығы келген, олардың қолындағы құшақ-құшақ гүлдерін көрсең қызығасың. Көліктегі безендіруді айтпасаң да белгілі. Мені де перзентханадан дәл солай алып шықшы", – дейді аяғы ауыр Әсем күйеуіне еркелеп. Арман мұндай жағдайға шамасы келмейді әрине. Пәтерден пәтер жағалайтын жас-жұбайдың тұрмыс-тіршілігі айтпаса да белгілі. Жол көлік апатынан ата-анасы көз жұмып, жастайынан жетім қалған. Осылайша өмірдің қиындығымен бір өзі арпалысып келеді. Жақында отбасын құрды. Келіншегі Әсем дәулетті отбасынан шыққандықтан көп нәрсеге көңілі толмай кикілжің туа берді. "Маған алтын алқа керек, маған соңғы үлгідегі көлік керек. Сіз менің қалауымның ешқайсысын орындай алмайсыз. Мен әкемнің үйіне кетемін" деп киім-кешегін жинап кете барады. Айы-күні жеткенде перзентханадан күтіп алуға Арманнан өзге ешкім келмеді. Сол кезде ғана байлықтың, қызығушылықтың жетегінде жүргенін түсінеді.
Бұл мен білетін жас отбасының басынан өткен бір ғана оқиға.
Көлік безендіруді алайық. "Көлікті жалға беремін, бүгінде үйлену тойынан бөлек, сәбиін перзентханадан шығарып алу үшін арнайы көлік іздеушілер көп. Олардың қоятын басты талабы әдемі безендіру мен көліктің барлығы бірдей болу керек. Сосын қаланы аралап шығу қажет. Құдды келін әкелгенмен бірдей. Бұл да жақсы шығар", – дейді кездейсоқ танысқан Ерман есімді жігіт. Қарап тұрсаң бұл да бір табыс көзіне айналған.
Жас жұбайлардың қалауы бөлек. Өмірге көзқарасы да басқа. Біреуге артар кінәміз жоқ. Тек бәсекелестік, көре алмаушылық, көрсеқызарлық қасиеттерден аулақ болған жөн секілді. Әйтпесе "Асхаттың зәулім үйі бар" деген түсінікпен өмір сүрсек бүгінгі сәттің рахатын сезінбесіміз анық.
Мөлдір САБЫРЖАН