Облыс әкімі өңірлік кәсіпкерлер кеңесінің мүшелерімен кездесті
Бүгін аймақ басшысы Гүлшара Әбдіқалықова жаңадан сайланған өңірлік кәсіпкерлер кеңесінің мүшелерімен кездесіп, кәсіпкерлік саласындағы ортақ мәселелерді талқылады.
Жиында облыс әкімі өңірлік кәсіпкерлер кеңесі кәсіпкерлік саласындағы негізгі мәселелерді шешіп, бизнес идеяларды қолдау бағытында жаңаша жұмыс жүргізетінін атап өтіп, жаңадан сайланған кеңес мүшелерін бірлесіп жұмыс істеуге шақырды.
- Өңірлік кәсіпкерлер кеңесінің үшінші сайлауында 8000-нан аса сайлаушы-кәсіпкерлер Сіздерге дауыс беріп, таңдау жасады. Электоралды кампания кезінде Сіздер өздеріңіздің жоғары кәсіби деңгейлеріңізді көрсету арқылы жеңіске жеттіңіздер. Бүгінгі күні кәсіпкерлік саласын дамыту бағытында облыс әкімдігі өңірлік кәсіпкерлер палатасымен тығыз байланыста жұмыс жасауда. Сол себептен сіздермен бүгінгі кездесуді ұйымдастырып отырмын,-деді Г.Әбдіқалықова.
Кездесуде облыс әкімі бизнес қауымдастық өкілдерінің өзекті мәселелерінің шешілуіне және кәсіпкерлерге қолдау көрсету бағытында тұрақты көмектің бар екенін атап өтті. Сонымен бірге шағын және орта бизнес иелерінің жобалары қолдау табатынын атап өтті.
- «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығы ауылдық елді-мекен кәсіпкерлерінің жобаларын жеңілдікпен несиелендіруде үлкен сұранысқа ие микроқаржы ұйымы болып отыр. Оның қызметі қолданыстағы заңнамаларға сәйкес 2020 жылдың 31 қазанына дейін шектелген болатын. Дегенмен, біз Орталық қызметін 2025 жылдың 31 желтоқсанына дейін ұзарттық. Жобаны қаржыландыру үшін әртүрлі қаржы көздерінен 1,2 млрд. теңге қаржы тартылды. Осыған орай Қызылорда облысының 2023 жылға дейінгі экономикалық даму жоспарын жасадық,-деді облыс әкімі.
Кеңес мүшелерімен кездесуде аймақ басшысы карантин уақытында бизнес субъектілерінің 75 пайызы жұмысын уақытша тоқтағанын ескере келе, орта және кәсіп иелеріне тұрақты қолдау болғанын атап өтті.
Айта кету керек, төтенше кезең уақытында өңірде 51 мыңнан аса шағын және орта бизнес субъектісіне салықтық жеңілдіктер берілді, 8 мыңға жуық кәсіпкердің несие төлемдері кейінге шегеріліп, сауда нысандары 700,0 млн. теңгеге жалға алу төлемдерінен босатылды. Мұнан бөлек, «Бизнестің жол картасы 2025» бағдарламасын іске асыруға бөлінген қаржы 1,7 млрд. теңгеден 2,9 млрд. теңгеге дейін ұлғайтылды.
Карантиннен кейін кәсіпкерлер бизнесін әртараптандыруға көшті. Аймақта тоқтап тұрған тойханалардың қызметін өндіріске бағыттау жұмыстары да жүргізілуде. Бүгінгі күннің өзінде 9 тойхана өз қызметін басқа салаға ауыстыруға дайын.
Басқосуда кеңес мүшесі, «K-GroupLTD ЖШС директоры Қайрат Боранбаев пен кәсіпкер Айткүл Әбдіқадырова сөз алып, кәсіпкерлікке бағытталған гранттар мен өндіріс орындарын ашу мәселесін сөз етті. Сондай-ақ, кәсіпкер Манарбек Еспенбетов құрылыс саласының мамандарын даярлауда жас мамандарды тәжірибе алаңына тарту мәселесін көтерді.
Өз кезегінде аймақ басшысы жаңа өндіріс нысандарын ашу арқылы бағыттас шағын өндірістерін құрып, тұрақты жұмыс көздерін тауып, кәсіпкерлерді оқыту мәселелеріне жете мән беру қажеттігін қаперге салды.
Кездесуде облыс әкімі осы кезге дейін өңірлік кеңес төрағасы қызметін атқарған, пандемия кезеңінде халық қажеттілігіне орай қызмет көрсеткен кәсіпкер Дінмұхамед Абизовқа «Халық алғысы» медалін табыстады.
Жиын соңында Гүлшара Әбдіқалықова биылғы жылы 26 млрд. теңгені құрайтын 108 жобаны іске асыру арқылы өңірде 2000-ға жуық жаңа жұмыс орны құрылып, кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасалатынын атап өтіп, кездесуді қорытындылады.