Әзәзіл әлемі (әңгіме)
Елордадағы Есіл өзенінің абаттандырылған жағалауы бірнеше шақырым, бір басынан екінші басына жету үшін талай уақытың кетеді.Есіл іргесіндегі «Ататүрік» саябағы Абамүсілімнің таңертең дене шынықтыратын орны, кейде кешкісін қыдырыстайтыны да жағалаудың осы тұсы.
Қала тірлігінде әзәзілдің қитұрқы әжуа-қылжағы аз емес. Соның бірі – белгілі бір жерде ұзақ жыл бойы бой көрсетіп жүрсең, сол жерде көлеңке-егізің де пайда болатыны. Жаз күндері Есіл бойында қармақпен балық аулайтындар көп.
Қала тірлігінде әзәзілдің қитұрқы әжуа-қылжағы аз емес. Соның бірі – белгілі бір жерде ұзақ жыл бойы бой көрсетіп жүрсең, сол жерде көлеңке-егізің де пайда болатыны. Жаз күндері Есіл бойында қармақпен балық аулайтындар көп.
Жақсы танысы, таңмен таласып қармақ салатын Әлсейітпен әлдеқашан шаңырақ құрған ұлдары мен қыздары туралы әңгіме тиегін ағыту екеуіне де ұнаушы еді. Қоштасарда қос зейнеткер бір-біріне:
– Аман бол!
– Өзің де аман-есен жүр! – деп ізгі тілектерін қосады.
Өткен айда бір кездескенінде осы Әлсейіт:
– Қай күні амандаспай өтіп кеткенің не? – деп сұрады.
– Қай күні?
– Жексенбі күні.
– Жексенбі – туған күнім, Бурабайда бір-екі демалушымен бірге мезіреті сипатында атап өткенім есімде. «Оқжетпес» шипажайынан кеше ақ пен қызылда келдім, – деді Абамүсілім. – Мүмкін, маған ұқсас біреу шығар.
– Әбеке, сені басқа біреумен шатастыратындай әзірге алжыған жоқпын. Жағалауда қарсы ұшырастық, жүрісің ширақ. Қалың, терең ойға батқасын байқамадың ба? Ұсынған қолымды алмай өте шықтың.
– Көңіліңді қалдырған жерім жоқ. Он күн бойы «Оқжетпесте» демалғанымды тағы да айтайын ба, әлде?
* * *
Ілгеріде жолаушылар таситын кеме қатынасы қолға алынғанда Есіл өзенінің әр тұсына аялдама орнатты. Бірнеше ұзын отырғыштары бар, шатыр сипатында темірден соққан, түсі ақ аялдамалар жолаушылар үшін бой көтерген. Ол бастама өзін-өзі ақтамайтын болды ма, ақыры су түбі құрдымға кетті. Аялдама-шатырдағы ұзын отырғыш қармақпен балық аулауға ыңғайлы, жан-жағыңа түрлі ыдыстағы құрт-жеміңді, басқа да қажетті асай-мүсейіңді рет-ретімен қойсаң, не керектің бәрі қол созымда.
Кезекті Құрбан айт жаздың ыстық күніне сәйкес келеді, Құрбан айт алдында аялдама-шатырда әңгімесі жарасатын Әлсейітпен кездесті. Абамүсілім денсаулығы туралы сөз қозғады:
– Үш күн тұмауратқасын Есіл жағалауына бүгін шықтым.
Әлсейіт таңғалғандай құрдасының бетіне бажырайып қарап қалыпты.
– Кеше таңертең осы отырғышта отырып әңгіме-дүкен құрған жоқпыз ба? – дейді.
– Кеше таңертең кемпірім ыстық шайымен бірге дәрімді тағы да ішкізіп, бетімді бері қаратты. Бұл жерге келгенім жоқ, – деді Абамүсілім шынын айтып.
– Айтпақшы, кеше кездескенімізде отырғышқа қойған темекі мен кілттеріңді ұмытып кетіпсің, – деген Әлсейіт қалтасынан бір қорап «Вирджиния» шылымы мен кілттерді шығарды.
– Астапыралла! Кілттерімді үш күн бұрын жоғалтып алып едім, шын қуанттыңыз мені.
– Ойнап сөйлесең де ойланып сөйле, – деген жауап айтылды.
Пәтерінің, сондай-ақ бірінші қабаттағы пошта жәшігінің кілттері көзіне оттай басылды, шығыршығына өткізілген шынашақтай Эйфель мұнарасы былтыр Парижге қыдырыстап қайтқан ағайынының кәдесыйы.
– Қайта айналып келе беретін, көңілің ұнатқан жерде кейбір адамның көлеңке-егізі қоса жаратылатыны туралы әпсана-аңыз айтылады. Ал енді кешіріңіз, шынында да кеше таңертең бұл жерде болған жоқпын.
– Кілттер сенікі ме?
– Иә, темекі де, кілттер де менікі.
– Ендеше адамның басын қатырма. Жөн сөзіңді айт!
Кілттерінің қайта табылған қуанышы болар, Абамүсілім сөз таластырғысы келмеді.
Ертеңіне ертелетіп саябақ алаңқайындағы түрлі жаттығу құрылғыларында қан тарқатқасын Абамүсілім қармақ салып отырған Әлсейітпен әңгімелесті.
– Қайырлы таң!
– Қайырлы таң, – деді Әлсейіт құрдасы. Дауысы бәсең, пәс.
– Көңіл күйің жоқ қой.
– Сонда не? Менің кездесіп жүргенім көлеңке-егізің болғаны ма?
– Бәрі де мүмкін, Әлеке.
– Көлеңке-егізің кездесіп жатса, сенен қалай айырамын?
– Қала күні қарсаңында Есілден үлкен шортан ұстағаныңды әріптес балықшыларың біледі. Мен де білемін. Сол үлкен балығым тісті ме? Тұқы ма? Жауабын айта қойшы де. Шортаннан басқа балықты атаса бәрі түсінікті.
* * *
Жақында белгілі жазушы Азат ӘКІМНІҢ «Аман-есен бол, ақ құс» атты кітабы «Фолиант» баспасынан жарық көрді. Кітапқа хикаяттары мен әңгімелері енгізіліп отыр.
Бейсенбі күні Абамүсілімнің көлеңке-егізі қармақтың қызығына түскен Әлсейіттің жанына келіп амандасты.
– Жағдай қалай? – деді Әлсейіт.
– Мәз емес, – дейді көлеңке-егіз.
– Не болып қалды? Таратып айтсайшы.
– Кейде қарақұсым қайта-қайта шаншығанында көзім қарауытады. Сол сәтте орнымнан тұрып кетсем қос жанарым суқараңғы болып қалатын секілді. Осының бәрі жадылап жатқан белгісіз бір науқастың басы болмаса неғылсын.
– Таусылмай сөйлеші, құрдасжан. Адам жасы алпыстан асқасын ыңқыл-сыңқыл бәрімізде болады.
– Көп нәрсені ұмытып қалатын болыппын. Кейде кейбір ағайын-туыстың аты-жөнін есіме түсіре алмаймын.
– Қала күні қарсаңында үлкен балық ұстағанмын, – деді Әлсейіт. – Сол тісті ме? Тұқы ма? Ұмытқан жоқсың ба?
– Шортан ғой ұстағаның. Өлшегеніңде тоғыз қадақ шыққанын айтқансың.
– Уай, жадың жас жігітке бергісіз. Өмір-жасың ұзақ болсын, аман-есен жүр, – деп жатыр Әлсейіт.
– Өзің де аман бол, – деген көлеңке-егіз жағалауды бойлап ұзап кетті.
* * *
Апта аяғында Ақтөбедегі сіңлісінің ұлдан жалғызы үйленетін хабары жеткесін Абамүсілімнің бәйбішесі төркініне ұшақпен ұшып кетті. Абамүсілім дағарадай пәтерінде соқа басы қалды. Қолындағы кенжесі шетелде оқуда, сыртта жүрген баласының, шаңырақтары бөлек тұңғыш ұлы мен ортаншы қызының, немерелерінің амандығын тілеумен түн ішінде бір Аллаға мінәжәт етіп жатты.
Оянса таң атыпты, бүгін Құрбан айт мерекесі, саябақта, Есіл жағалауында бой сергітіп қайтуға жиналды. Қайтарында қаптаған дүкеншіктердің бірінен сүт, ірімшік, пәтір нан алып қайту үшін шағын портфельдің сыртқы қалтасына салған бес жүз теңге қағаз ақшасы мен майда тиындарын іздестіріп жатыр. Бес жүз теңгесі орнында, тиындары жоқ. Аузы сырғытпамен жабылатын қалтасынан қаламсапты, беторамалын, оттықты, басқа да ұсақ-түйекті шығарып жатты. Тиындары жер жұтып қойғандай. Сонан портфельдің шүберек қалтасын түбімен айналдырып шығарып қараса, бір бұрышы тесіліпті. Тиындары сол тесікке түсіп кеткені белгілі болды.
Шүберек қалтасын орнына қайта салысымен әлгі тесікке екі саусағын бойлатқанында кешегі салған тиындарымен бірге біраз майда ақша жиналып қалғанына көзі жетті. Тиын-тебені бар болсын, бір ғажабы, жоғалтып алған кілттері де осы тесіктен шықты. Сол күні саябақтағы алаңқайда түрлі жаттығуларын жасаған соң үйреншікті орны аялдама-шатырда балық аулайтын Әлсейітті іздеп келді.
– Құрбан айт қабыл болсын!
– Айттан айтқа аман-есен жетейік, Әбеке!
Әлсейіт бірінен соң бірі екі тыран ұстағанын үлкен қуанышпен айтты. Құрдасы от алып келгендей асығыс.
– Әлеке, бүгінгі шаруа шаш етектен. Бәрінен бұрын көрші жас жігіттің көлігімен барып арнайы қасапханада бір құрбандық қой шалмақпын, тұтас етін қаламен қоңсылас «Қызылсуатта» тұратын жамағайынымызға, бала-шағасы көп шаңыраққа апарып тастауым керек, асығып тұрғанымның себебі сол. Өзіңе айтқым келгені Алматыда тұратын қызымыз Ханшайым несиеге жақсы пәтер сатып алыпты. Қызымыз, күйеу бала, сол үйдегі кішкентай қос немереміз қосылып шақыруда. Ақтөбеден бүгін кемпірім келсе, кідірместен жол жүреміз. Екі апта Алматыда болмақшымыз.
– Басқа не жаңалық? – деді Әлсейіт.
– Жаңалығым, жоғалтқан кілттерімді тауып алдым. Мына бір қорап «Вирджиния» темекісін және кілттерін көлеңке-егіз кездесіп жатса берерсің. Әлеке, жақсылық үстінде жүздесейік, – деп, бұрылып жүре берді Абамүсілім.
Бір Жаратқанға сыйынатын, құлшылық ететін Әлсейіт ертеңіне таңертең жын-шайтанның бетін қайтаратын қысқа дұғасын күбірлеп оқып болғаннан кейін әлгі кілттерді Есіл өзенінің тереңіне лақтырып жіберді. Өзі темекіге әуейі емес, «Вирджиния» қорабын шылымқор балықшы әріптесінің қолына ұстатты. Осындай тосын шешімі сауап болды ма? Абамүсілімнің көлеңке-егізі содан қайтып ұшырасқан жоқ.
Азат ӘКІМ