Кітап оқып, өрісін кеңейтпегеннен журналист шықпайды
Жолдасбек Ақсақалов,
«Сыр бойы» газетінің экономика бөлімінің басшысы:
Экономика тақырыбын талдап, таразылап жазатын журналист көп емес. Себебі бұл салаға көбінің тісі бата бермейді. Сол санаулы қаламгердің бірі – Жолдасбек Ақсақалов.
– Сіз журналистикада экономика тақырыбынан бөлек тың тарихи деректер жайында жиі қалам тербейсіз. Аударма жасауда шеберлік керек. Алдымен осы жайында сөз қозғасақ...
– 1991 жылы Совет үкіметі құлаған соң Сталин туралы, оның ішінде талай зұлматты ашаршылық, репрессия құрбандары жайлы шындық ашылып, осы тұста Ресейдің архивіндегі деректерді ғалымдар кітап қылып шығара бастады. Сондай құнды деректерді қазақшаға аударып, кітап қылып басып шығаруды қолға алдым. Біріншіден, бұл кітапты қызықтырып берудің әдісін тауып, екіншіден, халықты жаңа тарихи деректермен сусындатуды көздедім. Пенде болғаннан кейін табыс табу алдыңғы орында. Сол себепті 2011 жылы «Сталиннен Горбачевке дейін» атты аударма кітабымды өз қаражатыммен жарыққа шығардым. Біраз пайдаға да кенелдім. Бұл кітапты жарыққа шығарғанда Сталинді даттайын деген ой болған емес. Себебі Сталин – тарихи тұлға. Ал тарихи тұлғаға «жаман», «жақсы» деген баға берілмейді. Өйткені олар әлемнің, мемлекеттің дамуына ықпал жасаған адамдар. Мұндай көшбасшылық қасиет екінің бірінің бойында бола бермейді. Бұл кітапты шығару арқылы жаңалық ашайын дегенім жоқ, жаңалық ашу тарихшылардың еншісінде. Нарықтық заман талабына сай танымдық тың деректерді топтастырдым. Дегенмен аударма жасау сүйікті ісімнің бірі десем артық айтқаным емес.
– Публицист Т.Амандосовтың "Журналист әйелді физика немесе математика саласынан алуы керек" дегенге саятын пікірі бар. Сол кісі айтқандай сіздің әйеліңіз есеп-қисап саласында жұмыс істейді. Шығармашылыққа көзқарасы қандай?
–Құдай қосқан жарым маған қай жағынан болса да үнемі қолдау білдіреді. Шығармашылық адамы болған соң түрлі жағдайлар орын алып жатады. Барлығына сабырмен қарап, екі балама өнегелі тәрбие беріп, азды-кемді тапқаныма қанағат етіп, орнымен жұмсап отырады. Өзім «Сыр бойы» газетінде 35 жыл табан аудармастан жұмыс істесем, ал әйелім қалалық білім бөлімінде есеп-қисап саласында 40 жылға жуық жұмыс істеді. Тауман Амандосов ағайымыздың айтқан пікірі өте орынды, оған қосыламын және де шығармашылық адамдарына, оның ішінде айлап жырдан жауһар түзетін ақындар жар таңдауда қателеспесе екен деймін.
– Тарихтан ойып орын алған әйгілі тұлғалар туралы кітабыңызды оқырманыңыз тұщына оқыды. Соны одан әрі жалғастыру ойда бар ма?
– Әрине, бірақ ол үшін тың деректер табу қажет. Әсіресе Ресей мұрағатында жариялау мерзімін күтіп жатқан тың деректерді зерттеу қажет.
– Журналистикада біршама қызметтерді абыроймен атқардыңыз. Редактор болу мен бөлім басшы болудың айырмашылығы неде?
– Әлбетте, бұқаралық ақпарат құралдарында бас редактордың орны бөлек. Бас редактор біріншіден, ой-өрісі кең болған жағдайда ғана қарамағындағыларға орынды тапсырма бере алады. Өйткені баспа, телевидениедегі ақпараттың кез келген мақаланың сапалы, дәйекті, дәл әрі ұтымды шығуы бас редакторға тікелей байланысты. Бүгінгі редакторлар меніңше, қазіргідей сән-салтанатқа арнап киім киетін генерал секілді болмауы керек. Мұны орыстарда «свадебный генерал» дейді. Тапсырма беруге өресі жетпейтін бас редактор сол «свадебный генералға» көбірек ұқсайды. Мұны қазақша түсінікпен айтқанда, «мылтық ата алмайтын генерал» деп бағалауға болады. Өзім редакторлық еткенде қаншалықты талап үдесінен шықтым, оның бағасын оқырман береді. Бас редакторлыққа өз ісінің жілігін шағып, майын ішкен, жылдар бойы тәжірибе жинақтаған тілшілер тағайындалады. Дегенмен бас редактордың жазу мен ой-өрісі, білімі қатардағы қызметкерлерден оқ бойы озық болуы шарт.
– Елімізде күрделі сала саналатын экономика тақырыбында жазатын тілшілердің білімін қалай жетілдіруге болады?
–Журналистің тұлға болып қалыптасуы отбасындағы тәрбиеге тікелей баланысты. Мені бұл салаға машықтандырған әкем десем артық айтқаным емес. Есімді білгелі әкем мерзімді басылымдарды оның ішінде «Известия», «Комсомольская правда» сынды орысша газеттерді үзбей оқитын. Мені де орысша сауат ашуға дағдыландырды. Содан 6-сыныптан бастап газет оқуға деген құлшынысым артты. Өзім қаланың баласы болғандықтан жан-жақты ізденуіме мүмкіндігім мол болды. Сол ізденісімнің арқасында еңбектің адал нанын жеп нәпақа табудамын. Журналистиканың кез келген жанрында қалам тербеймін. Оның ішінде экономика саласы күрделірек. Дегенмен арнайы оқу орындарында берілетін академиялық білім қажет. Бірақ шығармашылық адамы білімін күн сайын жетілдіріп отыруы шарт. Өйткені заман да, заңдар да өзгеріп жатқан мына кезеңде күнделікті ағымға ілесіп отырмаса, кенжелеп, кейіндеп қала беретін заңдылық бар. Мен экономика, бухгалтерлік есеп, қаржыға қатысты шығып жатқан қаулы, қарарларды, олардағы өзгерістерді қалыс қалдырмаймын. Осылайша дағдыланып, қалыптасқан сыңайлымын. Өзге журналист әріптестерімнен өзгешелігім сол ғана. Ал жас журналистерге айтарым экономика саласындағы әрбір мақаланы ынтасымен, зер салып қараса үйренуге болады. Мұның барлығы тек маңдай термен, ұдайы ізденіспен келетін дүние. Бірақ оқу орындарында арнайы курс ашылса артықтық етпейді.
– Міржақып Дулатұлының: «Қай ұлттың баспасөзі мықты болса, сол ұлттың өзі де мықты», – деген сөзі бар. Сіз үшін XXI ғасыр журналисі қандай қасиеттерге ие болу керек? Заман талабына сай журналист дайындаудың алғышарттары қандай?
– Елбасы Жолдауында еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының ұзақ мерзімдік стратегиялық бағытының тұжырымдамасын, сондай-ақ, жаңарған қазақ елін әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына қосу міндетін қойғаны белгілі. Тағы бір мерейлі сәт, Елбасының бастамасымен «Мәңгілік ел», «Жүз жаңа есім» сынды идеясы өмірге келді. Осы жолда қажырлы еңбек ету, бірлік пен бекемдікті сақтау, заманауи жаңашыл үрдістерге тереңірек бой ұру қажеттілігі де қаперден шықпауы тиіс. Ең бастысы, экономика тұрақты дамыған тұста экономика тақырыбында еркін әрі сауатты қалам тербейтін тілшілер қоғамға қажет. Біздің заманымыз – қазақ халқының тарихындағы кілт бұрылыс, соныға тартқан асулы кезең. Сондықтан болашақтың бағдарын белгілегенде, өткен тарихымызға көз жүгіртіп, сана таразысына қайта бір тартып, салмақтай алғанымыз да маңызды. Бұл – ертеден келе жатқан жалпыға ортақ жора. Мәселені көлденең тарту – өмірдің үлесі, ал сол мәселенің шешімін көрсете білу – тілшінің міндеті.
– Тұлғаның қалыптасуы студенттік шақтағы ізденіске байланысты да болса керек. Сол уақытты қалай пайдаландыңыз, не нәрсеге ерекше көңіл бөлдіңіз? Бүгінгі студенттерге қандай ақыл-кеңес бересіз?
– Қағаз бен цифрлы технологияның таласына келетін болсақ, ғалымдар адамның ақпаратты қабылдауына қатысты зерттеулер жүргізген екен. Нәтижесінде қолмен ұстап көрудің ақпарат қабылдауда әсері мол екенін анықтаған. Яғни бірдей ақпаратты компьютерден көру мен қағаздан оқу екі түрлі әсер етеді. Бүгінгі толқын кітап оқымайды. Бұл рас. Ал кітап оқып, өрісін дамытпағаннан қандай тілші шықпақ? Ал кейбіреулер электронды кітапты оқып, марқаяды. Бұл дұрыс емес. Сөзімнің басында айтқанымдай адам қағаз бетінен оқып, кітаптың иісін сезіну өзгеше бақыт. Соны жастар да сезінсе, түсінсе екен. Студенттік шағымның басым бөлігі кітап оқумен кетті. Сол ізденісім өмірлік азығым болды.
– Кейбір БАҚ-та дерегі анық емес немесе бұрмаланған ақпарат адамды қоғамнан түңілдіруге, елдің деңгейін түсіруге ұрындырып жатады. Сіздің ойыңызша ақпараттық шексіз еркіндіктен қалай сақтануға болады?
– Өте өзекті сұрақ. Интернет пен әлеуметтік желілер әрбір адамды ақпарат таратушыға айналдырды. Біреулер бұл мүмкіндікті орынды пайдаланып, адамдарға дұрыс ақпарат беруге талпынып жүрсе, өзгелер жаңалықты ойдан құрастырып, айтпағанды айтты деп неше түрлі жалған ақпарат таратып жүр. Мұндағы мақсат – трафик жинап, жарнамадан ақша табу немесе біреудің беделіне нұқсан келтіру. Әдейілеп өтірік мәлімет шығарудан кейбір БАҚ та кенде емес. Лауазымды кісілерді, белгілі кәсіпкерлерді бопсалау, солар туралы негізсіз айыптаулар жариялау, болмағанды болды деп көрсету қалыпты жағдайға айналды. Қазақстандағы жалған мәлімет таратудың кеңірек сипат алған түрі – абайсызда, аңқаулықпен немесе білімсіздіктен естіген немесе көрген нәрсені өзгелерге жеткізу. Тіпті, кейде белді басылымның тілшілері де жаңалықты рас-өтірігін тексермей таратып жататын көреміз. Барынша ақпараттың анықтығына көз жеткізбей жариялау тілшінің сауатсыз екенінің дәлелі. Сондықтан әрбір әріпке, не болмаса санға мұқият болу – біздің басты мақсатымыз.
– Әңгімеңізге рахмет.
Сұқбаттасқан: Айгүл ҚАРЖАУБАЙҚЫЗЫ