САУАЛҒА МҮДІРМЕГЕН САЛАХ
Футболға жаңа леп әкелген Мұхаммед Салах әлемдік баспасөзде ашыла сөйлеп, берген сұқбаттары өте сирек. Осы орайда оның «Ливерпуль» футболшысы атанған сәтте, клуб сайтына берген ресми сұқбатын назарларыңызға ұсынамыз:
– Клубқа қош келдің! «Ливерпуль» ойыншысы атану қалай екен?
– Бұл жерде болу маған үлкен шабыт сыйлайды. Мен өте бақыттымын. Египетте болып, екі күн бұрын ғана осында ұшып келдім. Кез келген жанкүйер «Ливерпульдің» өте үлкен ұжым екенін біледі. Біз фанаттарды керемет ойындармен тәнті етіп, трофейлер жеңіп алуымыз керек.
– Бұл маусымдағы команданың ойындарына көз жүгірттіңіз бе?
– Иә, көптеген кездесулерін қарап шықтым. Олар өте жақсы ойнады. Бұл маусымда біз қайраттана түсеміз деп үміттенемін. Себебі, команда үлкен мақсаттарды алға қойып отыр.
– Сіздің мұнда келу туралы шешім қабылдауыңызға бас бапкер қаншалықты әсер етті?
– Әрине, онымен жұмыс істейтінімді ойлап аздап толқып тұрмын. Бәрі оның мықты адам, мықты бапкер екенін біледі. Сондықтан маусымның басталуын асыға күтіп отырмын.
– Командада әсіресе кіммен мықты тандем құрғыңыз келеді?
– Командадағы ойыншылардың осалы жоқ. Мане керемет маусым өткізіп, өзін жақсы қырынан танытты. Лаллана, Фирмино бәрі шеберлігі жетілген ойыншылар. Біреуді бөле-жара атағым келмейді.
– Кез келген шабуылдаушы позицияда өзіңізді ыңғайлы сезіне аласыз ба?
– Мен бұрын оң қанатта көп ойнадым. Былтырғы маусымда «Ромада» жүрген кезде бес қорғаушы, екі шабуылшы жүйесінде ойын көрсете алдық. Бас бапкер мені кейде сол қанатқа ауыстырып, сынап көретін. Дегенмен шабуылдың қай тұсында да ойнап кете аламын.
– Бұрын сіз Англияда ойнап көрдіңіз. Бұл жағдай сізге тәжірибе тұрғысынан жеңілдік бере ме?
– Иә, мен мұнда болдым және ол маған тәжірибе сыйлады. Премьер-лигада ойнау маған қатты ұнайды. Сондықтан қайта оралғаныма қуанып отырғаным.
– Сіз мұнда өзіңізді әлдеқайда сапалы ойыншы болып оралдым деп есептейсіз бе?
– Әрине, 100 пайызға солай ойлаймын. Бұрын Англияда болған кезімде мүлде басқа ойыншы едім. Ол кезде жасым 20-21-де ғана болғандықтан, білмейтін дүнием өте көп болды. Ал қазір 25-ке келдім, менде бәрі басқаша. Үш бірдей ірі клубта ойнап, шеберлігімді арттырдым.
– «Челси» сапында 19 рет алаңға шығыпсыз. Бірақ ол жақта жолыңыз болды деп айту қиын. Енді «Ливерпульге» келіп
мықты екеніңізді дәлелдейсіз бе?
мықты екеніңізді дәлелдейсіз бе?
– Әрине, футболшы өзінің мықты екенін үнемі дәлелдеп отыруы тиіс. Өзімді жақсы футболшы ретінде сезінген күннің өзінде, сонымен тоқтап қалмай, дамыта түскім келеді. Өзімнің бойымдағы және футбол ойнау барысындағы кішкентай дүниелердің өзіне ерекше мән беремін. Себебі, даму содан басталады.
– Таңертең ұйқыдан оянғанда ең алғаш не істейсің?
– Таң азанмен мен бірінші күлімдеймін және бірнеше минут тыныштықта отырамын. Бұл маған үлкен көмек һәм серпіліс береді.
– Сені бақытты ететін не нәрсе?
– Мен өмірді жеңіл сүруге, әркез қуанып, күлімдеп жүруге тырысамын. Кішкентай нәрсенің өзі маған үлкен бақыт сыйлауы мүмкін.
– Ал енді не нәрсе ашуландырады?
– Маңызды матчта жеңіліс табу… әрине, кез келген мачта жеңілу адамның көңіл-күйін түсіреді.
– Эмоцияңды тудыратын не?
– Гол соғу.
– Соңғы рет қашан өтірік айттың?
– Ешқашан өтірік сөйлеген емеспін.
– Сырт келбетің өзіңе ұнай ма?
– Әрине, шашым мен сақалым өзіме жарасымды деп ойлаймын.
– Демалыс күндеріңді қалай өткізесің?
– Үйде қалып, емін-еркін демалғанды жөн көремін. Сондай-ақ ешкіммен сөйлеспесем екен деймін.
– Сен үшін Египет тарихындағы даңқты тұлға кім?
– Мен (күліп).