ТІЛЕК БОЛҒАНМЕН ТАЛПЫНЫС АЗ
«Астық қолхаттары бойынша міндеттемелердің орындалуын кепілдендіру қоры» бүгінде «ҚазАгроКепіл» АҚ – мемлекеттік аграрлық азық-түлік бағдарламасы бойынша жұмыс істейтін коммерциялық емес ұйым ретінде 2003 жылы құрылды. Мақсаты – аграрлық-өнеркәсіптік кешен субъектілерінің міндетін орындауды сақтандыру және кепілдендіру. Осы мекеменің Қызылорда облысы бойынша өкілдігінің директоры Айдос Әмірқұлұлымен компанияның жұмыс барысы, мақсаты және ерекшелігі туралы сұқбаттасу сәті бұйырды.
– Алдымен туған жеріңіз, оқуыңыз туралы айтып өтсеңіз...
– Мен Қызылорда қаласында дүниеге келдім, мектепті де осы жерде бітірдім. Одан кейін Малайзияда дуалды жүйенің нәтижесінде шығыс Лондон университетінің дипломын алып шықтым. Оқу бітіргеннен кейін Астанада "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры" АҚ және "ҚазАгро" жүйесінде жұмыс істедім. Бүгінде туған жеріме қызмет ету бақыты бұйырып, екі ай болды, осы мекеме өкілдігінің директоры қызметіне тағайындалдым. Облыс халқы дайын бағдарламаның тиімділігін кеңінен танып, нәтижелі жұмыс істесе деген тілегім бар.
– "ҚазАгроКепіл" АҚ-ның мақсаты қандай?
– Облыс әкімі биылғы жылды кәсіпкерлікті дамыту жылы деп атағаны белгілі. Біздің мекеменің міндеті осы ұғымға саяды. Мақсаты – аграрлық-өнеркәсіп кешен субьектілерінің міндеттемесін орындауды сақтандыру және кепілдендіру саласында аграрлық секторды хеджирлеу жүйесін дамыту. Хеджирлеу – болуы мүмкін шығындарды төмендету үрдісі.
– Кепілдендіру жүйесі қалай жүзеге асады?
– Біз ауыл шаруашылығы саласында кәсіпкер ретінде тіркелгеніне 3 жылдан аспаған стартап жобалармен жұмыс істейміз. Кәсіп ашуға талпынған адам несие алатын болса, банк кепілдік сұрайды. Осы кепілдікке қаржысы жетпеген жағдайда біз көмекке келеміз. Кәсібін ашқалы жатқан адам "Атамекен" ҰКП жүзеге асыратын "Bastau Бизнес " бағдарламасы аясында бір ай оқып, сертификатымен мына үш мекеменің біріне келеді. Олар: "Микроқаржы ұйымы", "Кредиттік серіктестік", "Қызылорда өңірлік инвестиция орталығы". "Кредиттік серіктестіктің" қалада бір және әр ауданда орналасқан 7 филиалы бар. Ал "Микроқаржы ұйымы" екі жерде бар. Бірі – "Қызылорда өңірлік инвестиция орталығы", екіншісі – " Group Invest ". Осылардың біріне барып, кәсіпкер кеңес алады. Несие алу үшін арнайы құжаттарды жинайды. Бұл үш мекемемен де біз байланыстамыз. Егер кәсіпкердің құжаты тексеруден өтіп, бірақ кепіл қаржысы жетпесе, оның құжатын бізге жібереді. Мәселен, "Мына кәсіпкер 5 миллион теңге несие алғалы жатыр, осының 3 миллион теңгесіне кепіл бола аласыздар ма?" деп бізге сұраныс жібереді. Астанадағы арнайы комиссия оны қарайды. Егер олар келіссе, біз кәсіпкердің, қаржы ұйымының және "ҚазАгроКепіл" арасында үшжақты келісім әзірлейміз. Келісім шарт дайын болған кезде кәсіпкерді шақыртамыз. Келісім шартқа кәсіпкер қол қойған соң біздің тарапымыздан берілетін ақша жіберіледі. Одан кейін ол кредиттік негізде ақшаны қайтарады. Ісін жаңадан бастаған кәсіпкерге 85 пайызға дейін кепілдік алуға мүмкіндік бар. Ауылдағы ағайын үшін кепілге мүлік өткізу өте қиын. Олар кепіл жоқтығынан несиені қысқа мерзімге алады немесе пайызы жоғары қаржы институтына жүгінеді. Одан кейін алдына қойған мақсатын орындай алмай, қиындықтар туады. Ал біз оның бизнес жоспарын қарастырып, жетпей тұрған көлемін кепіл ретінде береміз. Нәтижесінде ол кәсібін еркін жүргізуге мүмкіндік алады.
– Білуімізше, екі бағдарлама аясында жұмыс істейсіздер. Осы туралы толығырақ айтып өтсеңіз.
– Жоғарыда айтылған стартап жобаны кепілдендіру жүйесі "Еңбек" деп аталатын нәтижелі жұмыспен қамту бағдарламасы аясында жүзеге асуда. Ісін енді бастаған кәсіпкерге берілетін кепіл мөлшерінің межесі – 6 012 500 теңге. Ал кооперация қатысушысы үшін меже – 12 025 000 теңге. Кооперация – шағын және ауқымды шаруа қожалығының бірігуі. Мәселен, Қызылордада мал бордақылау қоймасы көп. Сіз сол қойманы басқарасыз делік. Сіз маған екі жылға тегін бұқа бересіз. Сіз ол бұқаны сатып алғансыз, мемлекет сізге субсидия бөледі. Мен бұқаны алып, төлдегенін сізге қайтарамын. Сіз оны семіртіп, ет комбинатына өткізесіз. Бізде мал өсіреді де, кейін қайда өткізерін білмейді. Бұл бағдарлама осы мәселені жояды. Себебі енді малды қайда өткізетінін қойма басшысы шешеді. Сондай-ақ, қандай бағада өткізетінін өзі біледі. Біз "нақты біреуімен келісім шарт жаса" деп айта алмаймыз. Қызылордадан таппаса, Шымкентке, не Ақтөбеге өткізсе болады. Бұл жерде ешқандай шектеу жоқ. Егер осындай шаруа қожалығының қауымдастығын дамытуды көздеген жеке кәсіпкер болса, оның ұзақ уақытқа жалдаған жері болуы міндетті. Ал кредиттік шаруашылық болса, онда жеке жері болу керек. Екіншісі – "Сыбаға" атты мал шаруашылығын дамыту бағдарламасы. Бұл бағдарламаға тәжірибесі мол кәсіпкер де, ісін жаңа бастаған кәсіпкер де қатыса алады. Бұл ретте біз несие сомасының 25 пайызына дейін кепілдеме бере аламыз. Бірақ бірнеше талап бар. Бір шаруа қожалығының алатын мүйізді ірі қара мал саны – 50-ден, ұсақ қара мал саны – 600-ден көп болуы тиіс. Ал малдың жиынтық саны – ірі қара мал 100-ден, ұсақ қара мал – 1200-ден аспауы тиіс. Айта кету керек, 2017 жылы кепілдендіру жүйесіне 187 ферма иесі жүгінген. Оның ішінде 82-сі, яғни 44 пайызы ісін жаңа бастағандар.
– Осы бағдарлама аясында қандай мәселе бар?
– Жиі кездесетін жағдай – халықтың салғырттығы. Мәселен, бізге келгеннің көбі келісім шартты зерттемейді, тіпті оқымайды да. Құжатқа қолын қойып, қаржысын алғаннан кейін ақшаны жеке мәселесіне жұмсап жібереді. Одан соң несие төлеу уақытын кешіктіріп, бізге көмек сұрап келеді. Ал біз алдын-ала барлығын тыңғылықты түсіндіреміз. Сонымен қоса кәсіпкер жоғарыда айтқан үш мекеменің біріне барған кезде бір құжаты дұрыс болмаса, реттемей, жүріп алады. Бір күнде бітіретін жұмысты, бірнеше күнге созады. Талпыныс аз. Сол себепті халыққа жан-жақтылық пен қырағылық жетіспейді.
Әсел БЕГМАН