» » » ӘКЕМНЕН ЕСТІГЕН ҚИССАЛАР ҚИЯЛЫМА ҚАНАТ БІТІРДІ...

ӘКЕМНЕН ЕСТІГЕН ҚИССАЛАР ҚИЯЛЫМА ҚАНАТ БІТІРДІ...

Қаршыға ЕСІМСЕЙІТОВА,
ақын, Қазақстан Жазушылар Одағы облыстық филиалының жетекшісі: 

Қаршыға ЕСІМСЕЙІТОВА1976 жылы Қызылорда қаласындағы 43 мектепті бітіріп, сол жылы Шиелі ауданындағы «Өскен өңір» ғазетінде еңбек жолын бастаған. 1982 жылы ҚазМУ-дің журналистика факультетін тәмамдаған. «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») газетінде, «Қазақстан мектебі» журналында, Республикалық халық шығармашылығы орталығында, Қазақ радиосының балалар мен жастар редакциясында қызмет еткен. Қазір «Qyzylorda» телеарнасының редакторы. «Таңбалы тас», «Қорқыт», «Мұстафа Шоқай», «Сыр өңірінің түлғалары» атты сериялы деректі фильмдер авторы. Республикалық баспасөзінде өлеңдері тұңғыш рет 1978 жылы жарық көрді. 1986 жылы «Қарлығаш» ұжымдық жинағына өлеңдері енген. 1994жылы «Аңсаған атамекенім» атты кітабы жарық көрді.«Отан деп соққан жүректер», «Тұмар», «Жүректегі жауһарлар», «Киелі Сыр» жинақтарына, «Сырдария кітапханасы» 200 томдық сериясына шығармалары енген. Қазақстан Журналистер одағының, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.Журналистика саласындағы еңбегі үшін Журналистика академиясының «Алтын жүлдызын» иеленген. 2004 жылы облыс әкімінің «Құрмет грамотасымен» марапатталды. Жыл тоғысында  Қаршыға Құрмашқызына жолығып, аз-кем сұхбаттасып үлгердік. 

– Қаршыға апай, осы сөз өнерін бар өнердің басы деп жатамыз ғой. Бұл қасиет сізге қалай қонды? Ең алғаш қаламды қай жастан бастап ұстадыңыз?
Жалпы осы журналистикаға келуіме, шығармашылықпен айналысуыма көне сөзді көп білетін, көкірегі даңғыл әкем оқып берген Шығыс дастандары және эпостық жырлар із салды. Әкем қарапайым малшы болса да күнделікті газет-журналдарды жібермей оқитын. Шағын үйдің бір бұрышы толған кітап болатын. Кешкілік әкем жұмысын жайғап алған соң, қолына ескі домбырасын алып, күй шертетін. Өзіңіз елестетіңізші қазанда ет пісіп жатыр, күйе басқан шамның жарығымен бір отбасы әкеміздің жанынан жиналатынбыз.  Осы бір атмосфера қазіргі өміріме әсер етті ме деп ойлаймын. Өсе келе қалада ата-әжемнің қолында тұрып оқыдым.  Жазғы демалыста ауылға барған соң жаңағы батырлар жырын өзім оқып шықтым. Естіген бөлек те, өзің оқығанның әсері мүлде басқа екен. Осылайша тіл жаттықты, қиял қалыптасты. Кейін «Әкемнен қисса жыр тыңдап, қиялға сіңген Төлеген» деп өлең жаздым да. Мектептегі мұғалімдерімнің де көп септігі тиді. Мықты ақын болу үшін математик болу керек, мықты математик болу үшін ақынжанды болу керек деп айтатын еді Тұрсынбай Сөйтенов есімді ұстазым. Дүкенге жаңадан түскен кітаптарды кезекке тұрып, таласа алатынбыз. Кейде мектепте біреуіміз бір кітапты алып қолма-қол оқитын едік. Әркім өз оқып келгенін айтып беруші еді. Әкемнің інісі күнделікті сабағымызды тексеретін. Кітап оқуға үлгеру үшін сабақты тездетіп бәрінен ерте оқып тастайтынмын. Кітап оқып отырғаным да ағам кіріп келсе, кітапты киіздің астына тығып қоятынмын. Осылайша, қара сөздің құдіретін ұқсам деген талап мені жетелеп шығармашылыққа алып келді. Адамның қандай қасиетін бағалайсыз? Нені жек көресіз?
Мен өзім тура бетке айтқанды жақсы көрем, негізі мінезім ашық адаммын. Ал сатқындықты жаным жек көреді. Бір мәрте менің сенімімді ақтамаған адамға мен екінші рет сенбеймін. Адамның қайырымды болғанын жақсы көремін. Баламды да қолымнан келгенше осылай тәрбиеледім.Балам демекші, ұлым Асқардың қариялар үйіне, жетімдер үйіне көмектесіп тұратынын жақында білдім. Шынымды айтайын, қатты қуандым. Өз әкесінің, атасының тәлімі мен мен берген тәрбиенің текке кетпегеніне шүкір дедім.  
– Абай атамыздың «Біріңді қазақ, біріңді дос, көрмесең істің бәрі бос» деген сөзі бар емес пе? Жалпы ұлттың бірлігі үшін не керек бізге?
–  Абай бабамыздан артық айта алмаймын. Қазақтың бүкіл болмысын, тіпті қазіргі жағдайын өткен ғасырда болжап қойған кемеңгер ғой. Тіпті, Абайды оқығанмен әлі күнге дейін түсінбей жүрміз. Бәзбіреулер қазір қазақты күстаналап, «Абайдың да ұлтына көңілі толмай кеткен» дегенді айтып қалады. Абай айтса, қазақты жақсы көргеннен айтты, елін қараңғылықтан, надандықтан құтқарғысы келді. Бұны түсінетін де адам бар түсінбейтін де адам бар. Қанша дамып кеттік десек те, Абай айтып кеткен теріс мінездің сарқыншақтары бойымызда әлі де бар.Осы етекбасты ескіліктен арылуымыз керек. Елбасының рухани жаңғыру жолындағы бастамасы да осымен үндесіп жатыр. Бар қазақ бір қазақ болмай, береке кірмейді.  
 – Біздің телеарналарда тәуір бағдарлама, жақсы жобалар бар. Бірақ көпшілігіне бастапқыда қарқынмен кірісеміз. Соңында аяқсыз қалады. Сіз жүргізген бағдарламалардың артықшылығы не де? –  Ол негізі журналистің ішкі түйсігіне байланысты деп ойлаймын. Мысалы, Дана Нұржігіттің «Дарабоз» бағдарламасы көптің көңілінен шыққан жоба болды. Бізге ұлттық ойынды насихаттайтын, қазақ баласының бойына елдік рухты сіңіретін тележобалар қажет. Тапқырлық, ептілік, мергендік қабілеттерін дамытатын бағдарламаларға зәру қазір отандық телеарналар. Осы арқылы ата салтын ардақтауға, салауаттылыққа тәрбиелеуіміз қажет. Жаңа ұзаққа бармайтын бағдарламалар жайлы айтып қалдың ғой. Олардың көпшілігінің көздегені рейтинг қана. Олар шулы нәрселерді тақырып етуге құмар. Әсіре қызылдың тез оңары белгілі ғой. Өзінің бағыты, ұрпаққа берер тәлімі жоқ мұндай бағдарламалар әрине тоқтайды.     
            Өзімнің хабарларыма тарихта болған оқиғалар желісін өзек етемін. «Туған өлке» бағдарламасын жүргізген кезімде осыны негізгі ұстаным еттім.   Кезінде бір орыс тілді әріптесім «Сіздің бағдарламаңызды көріп отырып басқа арнаға ауыстырайын десем де, бәрін жүйелеп айтып жатқаныңыздан көз алмау мүмкін емес» деп айтатын еді. Мен ұлттық болмысқа көбірек жүгінемін. Бағдарламаларым, өлеңдерім халықтың көңілінен шығып жатса менің еңбегімнің жемісі деп білемін.
–  Қазақ журналистикасының болашағы туралы не ойлайсыз?
–  70-80 жылдары біз нағыз қазақ журналистикасының корифейлерінен біліп алдық. Бізге сабақ берген мұғалімдердің журналистикада өзіндік үлкен орны бар кісілер болған соң біз барынша оқырманға немесе көрерменге мәні бар, құны бар дүние беруге тырыстық. Тәуелсіздік алғаннан соң көпдеген газеттер мен телеарналар ашылды. Одан кейін мына «Желтая пресса» деген шықты, сол кездері біз журналистиканы беталды жіберіп алған сияқтымыз. Салмақсыз дүниеге негізделген «сары басылымның» дәурені жүрген кезеңді де бастан кештік. Құдайға шүкір қазір мұндай дүние саябырсыды. Заман өзгеріп отырады. Ал журналистердің соған ілесіп отыруы керек.
–  Сынға қалай қарайсыз?
–  Кезінде бір кісі айтқан екен «Сынға алынбаған дүние сылдыр су» деп. Өзім сынды қабылдай білемін. Бәріміз адамбыз, мен де ет пен сүйектен жаралдым. Адам сыннан сабақ алуы керек.
–  Белгілі ақын Есенғали Раушановтың «Мен өлең жайында ешкіммен еш уақытта ашылып сөйлескен емеспін. Сөйлеспеймін де»- дегенін оқып едік. Ал сіз кіммен сөйлесесіз?
–  Студент кезімізде Есенғали ағамыздың жанында жастардың үйіріліп жүргенін талай көргенбіз. Мен туралы пікірі де жақсы болды ағамыздың.  «Жалын» альманағына материалдар беретінбіз. Шықпай тұрып  авторларды жинап алып, талқылайтынбыз. Үлкен қаламгерлер бізге пікірін білдіретін. Жалпы, Есенғали аға заманына қарай жазатын ақын. Ол кісінің пікірінің жөні бар. Өлең деген өзіңнің ішкі әлемің. Біреуге сен өлеңді былай жаз деп айту қиын.
–  Жас ақындардан кімді оқисыз?
–  Кеше ғана облыста еліміз бойынша тұңғыш рет «Парасатты поэзия» атаулы кеші өтті.  Сырттан келген ақындар мұның жақсы бастама екенін айтып жатыр. Біздің жас кезімізде мұндай шаралар болған емес. Жаңа бастаманың біздің өңірде қолға алынғаны да үлкен мәртебе болды. Көрші мына қырғыз елінен де ақындар келді. Ізімізді басып келе жатқан жас ақындардан Толқын Қабылша, Назгүл Бердіқожа,  Мөлдір Айтбай сынды ақындарды оқып тұрамын. Құдайға шүкір, қаламы қарымды жастар өсіп келеді. Мені сол қуантады. –  Жас журналистерге тілегіңіз?
–  Сіздерге айтарым, көп ізденіңіздер.  Кітап оқып, тілді жаттықтырыңыздар. Көрерменнің және оқырманның көкейіне жететіндей қылып жазу керек. Сұраудан ұялмау қажет. Мен де әлі күнге дейін білмегенімді сұраймын, ізденемін. Өзгенің жазған дүниесінен өзіме қажет дүние алуға тырысамын. Сонда ешқашан тоқтап қалмайсың. Жастарға жолдарың ашық болсын, жазарларың таусылмасын деген тілек айтар едім.
–  Тілегіңізге, уақыт тауып әңгімелескеніңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Ерхан АҚЫН

28 желтоқсан 2017 ж. 1 348 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930