» » » ТЫНЫШТЫҚТА ОЙЛАР ШУЛАЙДЫ

ТЫНЫШТЫҚТА ОЙЛАР ШУЛАЙДЫ

Біздің анықтама:
Əлия ІҢКӘРБЕК 1997 жылы Алматы облысы, Райымбек ауданында дүниеге келген. "Тәңіртау", "Тасқын"  аттыкітабы жарық көрген. 40-тан астам өлеңі түрік тіліне тəржімаланып, қазақ-түрік ақындарының "Тəуелсіздік киесі" жинағына енген.
Әлия ІҢКӘРБЕК, ақын:
– Бойыңызда ақындық қасиет барын қалай білдіңіз? Алғашқы өлеңіңіз есіңізде ме?
– Меніңше, кез келген адамның бойында бір емес бірнеше қабілет болатын секілді. Тек бала кезде сол ерекше қасиетті дер кезінде танып, болашаққа дұрыс бағдар қоя білу керек. Өзімнің «өзгеше» екенімді, яғни, сіз айтып отырған ақындық қасиеттің бойымда бар екенін бала кезімде сезіндім. Себебі, әрдайым өзіме мәлім де беймәлім әлемнің тамаша табиғатына, таңғажайып құбылысына қызығып, өзім бөлектеніп жүретінмін. Бейнелі тілде айтсақ, ойлар мені жан жағымнан қоршап алатын. Сол ойлармен дос болу арқылы мен өзімді таныдым. Ойлардан бөлек мені таулар да қоршап, қолпаштайтын.
 – Сонда қалай?
– Яғни, мен таудың қызымын. Менің стихиям – тау! Ешкімге бас имейтін, аласармайтын, асқақ арманнан аумайтын таулар менің өмірлік көзқарасымның, қағидамның қалыптасуына, болмысымның тұнықтығына әсер етті. Алматы облысы, Райымбек ауданында ақындар мен батырлардың топырағында дүниеге келіп, көзімді ашқалы таудың асқақтығын ғана көріп өскен маған өлеңде аласаруға болмайды. Ал алғашқы өлеңге келер болсақ, әркімнің талантының пісіп жетілген шағы болады. сол кезде өлең деп атауға лайық алғашқы туындысы жарық көреді. Алғашқы өлеңім – көктем жайлы болатын. Мен көктемге әлі де іңкәрмін.
– 18 жасыңызда ең алғашқы «Тәңіртау» атты жыр жинағының жарық көрді. Ал былтыр «Тасқын» атты екінші жинағыңыз әдеби ортада зор құрметке ие болды. Екі кітаптың атауы да бір-бірімен жалғасып жатқан үлкен жол секілді...
 – Оныңыз рас. Алғашқы жинағым мен кейінгісінің арасында рухани өсу бар. Яғни, кітаптан кітапқа өсу, қайталанбайтын сезім, қайта оралмайтын сәттер осы екі жинақтың ішінде. Бұл менің – болмысымның көшірмесі. Былтыр «Тасқын» кітабымның тұсаукесері  Қарағанды қаласынан басталып, Астана төрінде салтанат құрды. Ертесі қасиетті Баянауылда таныстырылымы өтіп, бір апталық жолсапардан соң, алматылық оқырмандарымның өтінішімен Алматыда «Кофе. Өлең. Екі жарым» атты ерекше авторлық кешімді өткіздім.
– Естуімізше, сол кешіңіз кофеханада өтіпті. Қазақ әдебиетінде бұрын-соңды болмаған, ерекше форматтағы кеш жасауға жүрексінбедіңіз бе?
– Бастапқыда сәл қорқыныш болды. Өйткені, біздің оқырман кітапты тек кітапханада ғана оқуға үйреніп қалғанын мойындау керек. Кофеханада өлең оқылып, ән шырқалды. Атмосферасы ерекше кешке ақын, суретші, әнші, сазгер, режиссер, биші сынды өнердің әр саласынан өнерпаздар келіп, керемет әсерге бөленді.
– Шығармашылық адамына ең қажет қасиет – ізденіс. Биыл да сіз үшін жемісті болды. Жақында Алматыда «20+1. Бақыттылармен басқосу» атты кешіңіз өткенінен хабарымыз бар. Осы жыр кешіңізді неге бұлай атадыңыз? Әлде жасыңыз ба?
– Осы сауалға жауап іздегендер көп. Жасымның жиырма қосу бірде екені рас. Дегенмен, кешімнің бұлай аталғанына оның қатысы жоқ. Сол кешіме қатысқандар атауының сырын біледі. Бұл әзірге құпия болсын. Алдағы уақытта ұсыныс болса, сіздің аймақта өткіземін деген жоспарым бар.
– Біздің оқырман кітаптарыңызды қалай, қай жерде ала алады?
– Мың данамен жарық көрген қос жинағым да оқырман қолында. Өзімде мүлде қалмады. Алдағы уақытта оқырманға ерекше кітап ұсынғым келеді. Қазір сол кітаптың жобасын жасаудамын.
– Жақында аға буын ақындармен бірге сіздің де бір топ өлеңдеріңіз түрік тіліне аударылыпты...
– Иә, 40-тан астам өлеңім түрік тіліне аударылды. Түркия «Guncel sanat» яғни, «Заманауи өнер» журналына жарияланып қана қоймай Қазақстанда жарық көрген, қазақ-түрік ақындарының «Тәуелсіздік киесі» атты кітабына да енді. Бауыржан Жақып, Сабыр Адай, Аманхан Әлім, Дәулетбек Байтұрсынұлы және жастардан менің ғана өлеңдерімді жариялауды жөн көріпті.
– Таңдау неліктен сізге түсті?
– Мен бұл үшін тосын сый болды. Сүйінші хабарды естігенге дейін сондай бір жақсылық болатынын сезгендей алабұртып жүргенім есімде. Былтыр ЖОО-да «Ежелгі дәуір әдебиеті» атты сабақ өттік, сонда шығыстанушы, ғалым, ұстазым Ислам Жеменей әр сабағын менің өлеңіммен бастап, тақтаны сахнаға айналдырушы еді. Тұлпарды шабысынан танитын тәлімгерім өлеңімді осы жинаққа енгізсек деген ұсыныс тастады. Лайық деп тапса мен де қарсы еместігімді айттым. Ол алдағы бірнеше жылда болар деп ойлаған едім, тосынсый болып өткен аптада «халықаралық деңгейге» бірақ шықтым.
– Әлия, жас болсаңыз да театр сынына, тұлғатануға қатысты эсселер жазып жүрсіз. Журналистикадан да алыс емессіз. Поэзия мен журналистика қатар жүріп, қиындық тудырмай ма?
– Жоқ, аса қиындық тудырмайды. Өйткені, екеуі де жазу ғой. Екеуіне де шабытпен кірісу керек. Менің тұлғатану мен театрға қатысты жазбаларымның әрқайсысында жан бар. Яғни, мен әрбір жазбама жан бітіргім келеді. оқырманның көңіліне қонымды, есте қаларлық дүние жазу бақыт деп есептеймін.
         – Өлеңдеріңіздің көпшілігінде нәзіктікпен қатар өрлік басым. Мұның сыры неде?
– Мұның ешқандай да сыры жоқ. Менің бар болмысым осы. Өзіңіз көріп отырғандай өмірде де, өлеңде де шынайымын. Өзі жалған өмірде шынайы болу ғана қолымыздан келеді емес пе?!
– Бүгінде әлеуметтік желіде, сайтта жас ақындардың санын арттырып, сапасын жоғалтып жіберген жоқпыз ба?
– Бір қаламгер ағамыз «Қазір шынайы ақын жоқ, ақынмын дегендердің бәрі интернетті жағалаған балалар» деген еді. Бұл пікірге басында едәуір шамырқанып қалдым. Кейіннен ойлансам, ол кісінің айтқаны дұрыс сияқты. Қазақ тумысынан сөзге шебер халық. Екінің бірі бір ауыз өлең құрап айта алады. Сондықтан бүгін өлең жазып, ешкімді таңқалдыра алмайсыз. Кезінде ақындар бір өлең жазса, басылым бетіне ғана жариялайтын. Ал қазіргі буын бір шумақ өлең жазса да, қоярға жер таппай әлеуметтік желіде жариялағанша асығады. Бұл әрине, шын таланттардың танылуына үлкен мүмкіндік. Дегенмен, мұның аяғы «шөпте өлең, шөңге де өлеңге» алып келеді.
– Шығармашылық адамына ой қаншалықты үйір?
– Жанды жегідей жейтін, мүлде маза бермейтін ойлар болады. Әсіресе, түнде. Өзіңмен-өзің қалғанда. Тыныштықта ойлар шулайды. Оны өзің ғана естисің. Өйткені, ол тек сенікі ғана. Сенің мұңыңа, сенің қасіретіңе басқалар бас ауыртпайды. Кейде қуанышыңа да қуанбайды. Ол – кешірімді. Адамның табиғаты сондай.
– Сіздің пайымыңыздағы өмір деген не?
– Өмір деген не дейсіз бе? Өмір − шарықтау мен құлдыраудың арасындағы елегізу. Он жеті жасымда «Өмір дегенің – жұлдызға тілегіңді айту, Орындалмасын білсең де, егіліп тұрып»,− деп өлеңімде айта салғаныма қайран қаламын. Расында, өмір деген сол шығар. Әрқашан әлденеге қол жетпеу, таршылық көру, азаптану арқылы алға ұмтылу. Мен осы жасымда соны ұқтым. Бұл пікірім өзгеруі де мүмкін. Өмір ұлы ұстаз ғой
Әрине. Шын ақыннан, шынайы бір өлең сұраймыз...
Алматы, өзің айтшы жөн бе мұным,
Өлеңнен озып кетсе пенделігім?
Жанымды жауын жуып жылайын бір,
Қосылып аспаныңа мен де бүгін.
Даңғылыңдай тағдырдан бос өтер кім,
Жалғыздықпен туғалы дос екенмін.
Алматы, ию-қию көшелерің,
Шимайы емес пе екен пешенемнің?!
Жаңбырыңды аяулы құрбым еттім,
Күттік біз тағат таппай жырды көп күн.
Лүпілінен қуат ап, тірі жүрмін,
Алматы, сенде соққан мың жүректің.
Асқарыңнан өзімді таныдым мен,
Жан дертіме бəрібір ауылым ем!!!
Алматы, дəл осылай тұрсаң болды-
Шығарып сап, қарсы алып жауыныңмен...
Сұқбатыңызға рақмет.
Сұқбаттасқан: Айгүл ӘЛІШЕРОВА
19 шілде 2018 ж. 1 150 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930