ЖҰРТТЫ ЖЫЛАТҚАН ЖАЗБА
Біраз уақыт бұрын қапияда жалғыз ұлынан айырылған белгілі тележүргізуші Сәуле Әбединованың желідегі жазбасы жұртты жылатты. Ол өз сөзінде өмірдің бір-ақ рет берілетінін әрі ештеңеге қарамастан бақытты болғысы келетінін айтты. Өйткені мен феникс сияқтымын – күлге айналып жоқ болсам да, қайта тірілемін, дейді Сәуле Әбединова, деп жазады Stan.kz.
Тележүргізуші осы уақытқа дейін адам деген атқа лайық өмір сүруге тырысып, өзін-өзі жігерлендіріп, жетелеп келгенін айтты.
«Тоңазытқышқа салып сақтап қойған “запас” өміріңіз бар ма? Болса, мейлі, бұл өміріңізді қалай болса солай өткізіңіз, талқаныңыз таусылғанда тоңазытқыштан жаңағы “запас” өміріңізді суырып алып, машинаның дөңгелегін ауыстырғандай ауыстырып алып, жүре бересіз. Сол өміріңізді, бәлкім, мәнді, сәнді ғып сүрерсіз…
Ал менде “запаска” жоқ… Сондықтан ес кіргелі (13-14 жасымнан) өмірімді барынша жақсы сүруге тырыстым. Адам деген атқа лайық болуға, кісі баласына иттік, сатқындық, опасыздық, іштарлық жасамауға тырыстым, “өзгеге пайдам тисін, зияным тимесін” деген қағидамен өмір сүремін, “өзіңе сен… сенде мен бармын!.. Мойыма, алға ұмтыл!..” деп өзімді өзім жігерлендіріп, өзімді өзім жетелеп келемін. Оған өздеріңіздей тілеулестерімнің ақ тілегі, халықтың ақ батасы қосылғанда, қайраттанбау мүмкін бе?!.» – деп жазды Сәуле Әбединова Instagram-парақшасында.
Сонымен қатар тележүргізушінің сөзінше, ол «өзімді өзім жасадым» деп астамсымайды екен.
«Алланың әркез менімен бірге екенін сезіндім… Құдай жаратты, өзгеге ұқсамайтын бөлек тағдыр берді… “Өзімді өзім жасадым” десем тым астамшылық болар… өз тұлғамды өзім қалыптастырдым дегенім дұрыс болар…. әлде бойымдағы адамшылық қасиеттерімді, мінезімді өзім жасадым дегенім жөн бе…. Қалай десем де, сонау бала күнімнен бір нәрсені анық сезіп түсіндім, ол – өмірдің ғажап екендігі… Өмір бір-ақ рет беріледі, оны барынша жақсы, бақытты өткізу керек… Өмірдің мәні – өмір сүру… Адам деген атқа лайық өмір сүру… Кім айтты мені бақытсыз деп? Мен бақыттымын! Өйткені мен феникс сияқтымын – күлге айналып жоқ болсам да, қайта тірілем…Тек құдай қуат берсін! Ол мені сүйеді…», – деп жазды тележүргізуші.
Өз кезегінде желі қолданушылары тележүргізушінің мықты әрі дана адам екенін айтып, сарқылмас күш-қуат тілесті.