Электронды іс жүргізу қағазды қысқартты
Дидар Мұратбекұлы, Қазалы аудандық сотының төрағасы:
– Жоғарғы сот төрағасы Жақып Асанов судьялардың жүктемесін азайту мәселесі туралы сөз етті. Осы бағытта аудандық сотта қандай жұмыс атқарылуда?
– Қазіргі уақытта сот саласында ең маңызды мәселенің бірі судьялардың жүктемесін азайту.
– Оған қалай қол жеткізуге болады?
– Ол үшін дау-дамайды сотқа дейін реттеуді жолға қойып, татуластыру рәсімдерінің аясын кеңейту қажет. Татуластыру рәсімдерін кеңейту мақсатында жыл басында аудандық сотта жұмыс жоспары бекітіліп, сол бойынша тиісті жұмыстар атқарылуда. Татуластыру рәсімі, оның ішінде медиация рәсімі, сот жүйесіне әділдікпен жәрдемдесуге, сот процесі үдерістерінде шешімдердің пәтуалы шығарылуына өз жәрдемін беруде. Сондықтан медиация сотқа дейін дау-дамайды реттеуші әрі оның алдыналушы ретінде әлеуметтік тұрақтылыққа тікелей әсер етеді. Аудандық сотта татуластыру рәсімдерін қолдануда мақсатты жұмыстар жүргізуде. Атап айтсақ, халық арасында түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, аудандағы кәсіби емес медиаторларға семинарлар өткізілді. «Бітім» медиация орталығымен өзара ынтымақтастық жөнінде меморандумға қол қойылды. Осы атқарылған жұмыстар өз нәтижесін беруде. Соның бір дәлелі, былтыр аудан орталығында кәсіби емес 3 қана медиатор болса, биыл олардың саны 30-дан асты. Аудандық сот ғимаратында медиаторлар кезекшілікпен күнделікті жұмыс істеуде. Одан бөлек сотта халыққа құқықтық қызмет көрсету бұрышын аштық. Онда тұрақты кәсіби медиатор, адвокат, халыққа қызмет көрсету орталығының қызметкері жұмыс істейді. Адвокат тегін кеңес береді.
– «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының аясында электронды қылмыстық іс жүргізу республика соттарында жүргізілуде. Аудандық сот цифрлы технологияға көшуге дайын ба?
– Бұл жаңашылдықтан Қазалы аудандық соты да қалмақ емес. Қазіргі уақытта қылмыстық істі электронды форматта қарауға дайынбыз. Ол үшін арнайы сот залы қажетті құрылғылармен жабдықталды. Қазірдің өзінде электронды формат арқылы қылмыстық істер қаралып, өз шешімін тапты. Электронды қылмыстық істі жүргізу өз кезегінде қағаз айналымын қысқартып, ашықтықты қамтамасыз етеді, бұрмалау мүмкіндігін жойып, процессуалдық шығындарды азайтады, ең бастысы, мемлекет пен тараптардың уақыты үнемделетін болады.
– Халықтың сотқа деген сенімін арттыру үшін не істеу керек?
– Халықтың сот жүйесіне деген сенімін арттыру – ең басты міндет. Бұл мәселеге Елбасының да ұдайы көңіл бөліп отыруы судьяларға үлкен жауапкершілік жүктейді.Сот билігінің халық үшін ашық әрі қолжетімді болуы, судьялардың есеп беру тәртібін күшейту, барлық сот процестеріне дыбыс-бейне жазба құрылғыларын қолдануы, алқабилер соты қолданылатын салаларды кеңейтуі,"Сот кабинеті" жүйесі, соттардың халыққа бір қадам жақын болуы бағытында жасалып жатқан маңызды шаралар. Бұқараның сотқа деген сенімін арттырудың тағы бір маңызды тұсы олсоттың ашықтығын қамтамасыз ету. Ол үшін қазір барлық соттарда баспасөзді үйлестіруші судьялар бар. Бұл тәжірибе соңғы 3-4 жылда ғана енгізіліп отыр. Яғни бұл – ашықтық үшін жасалған қадам. Үйлестіруші судья соттағы жүріп жатқан жұмыстарды тілшілерге, қоғамға, үкіметтік емес ұйымдарға тұрақты түрде жеткізуде.
– Сұқбатыңызға рақмет!Сұқбаттасқан: Мөлдір САБЫРЖАН