» » » АТАНЫҢ ЕМЕС, АДАМНЫҢ БАЛАСЫ БОЛУҒА ТАЛПЫНҒАН

АТАНЫҢ ЕМЕС, АДАМНЫҢ БАЛАСЫ БОЛУҒА ТАЛПЫНҒАН


«Жас Отанға» барсаңыз жалынды жастар алдыңыздан шығады. Отты жанарларды көргенде, өзіңе де қанат біткендей күй кешесің. Ал тілдесе қалсаң, барлығы да құр алақан емес. Пікірлескенде оқумен қатар, өнерден де кенде еместігін көресіз. Жалпы жасотандықтар дегенде  облыстың білім мен мәдениетіне атсалысып, қатарынан оза туған, талантты жастардан бөлек, жас та болса, бас болған Талғат Тілес те көз алдымызға көлденең тұра қалады.
Бір қарағанда бұны тұйықтау деп ойларсыз. Бірақ бір-екі ауыз тіл десеңіз, олай емес екеніне көзің жетіп тұр. Аз сөйлесін, көп сөйлесін дәлелді пікір айтады, не сұрасаңыз да ақпаратты дәлме-дәл беріп үлгереді.
Жасына келсек. Кеше ғана жиырманың екеуін толтырған. Бозбала деуге келмейді. Ат жақты, қыр мұрынды, артық еті жоқ, үсті-басына бір қылшық жолатпас, сыпайы, көрген жұртпен сәл жымиыспен амандасатын, бір сөзбен айтқанда, жылы жүзді жігіттің жұртқа жетерліктей жақсылығы көзге көріне қоймайды. Өйткені, барлығын еш шулатпай, абыр-дабырсыз жасап-ақ жатыр. Жұмысының кемшілігін де байқамадық. Жұмысына ерікті түрде келіп, елдегі жастарға ұйытқы болған, жақсылық жасаудан ләззат алатын Тілестің немересі туралы не айуға болады?
Ұстаздар отбасында дүниеге келген Талғат – үйдің үлкені. Қазақы дәстүрмен айтсақ, «ата-әженің» баласы. Содан болар, үлкендерше сөйлегенінен, көпшіл қасиеті де бірден аңғарылады. Бұған Тілес ақсақалдың текті тәрбиесінен бөлек, әкесі Оспанның темірдей тәртібі, анасы Сырғаштың аялы алақаны, шексіз мейірімі Талғаттың түзу жолмен төте «тартуына»  көп көмек болғаны рас. Айтпақшы, бұл қалалық жігітің мектеп кезінен белсенді болып қалыптасқан. Талғаттың И.Әбдікәрімов атындағы агро-техникалық колледж қабырғасында жүріп, өңір жастарының алды болғанын білетінбіз. Әуелде 2013 жылы облыстық «Нұр Отан» партиясының «Жас Отан» жастар қанатының қалалық бөлімшесінде орынбасар болғанында небәрі от жеті жаста екен. Арада өткен бес жыл ішінде бозбала Талғаттың бозым жігітке айналғанын да көрдік. Жыл басында-ақ облыс бойынша жасотандықтардың тізгінін арнайы дауыс беру арқылы қолға алған болатын. Содан бері облыс жастарының көшін сүйреп келе жатқан Талғаттың бүгінде аймақ жастарының көшбасшысына айналғанына ел куә. Түрлі әлеуметтік жобаларды үйлестіріп, жастар жұмысы десе жанын салатын осы бір жігерлі жігіт жайлы көптің пікірі де өзгеше.
Жасұлан Нұрланбекұлы, облыстық жастар ресурстық орталығы КММ директоры:
– Талғаттың өзін де, ата-анасын да жақсы танимын. Сондай жақсы бір отбасы.Текті жердің тәрбиесін алған Талғатбіздің облыстағы нағыз жастар көшбасшысы деуге лайық жігіт. Адамгершілігі де мол, ең бастысы, ол – қарапайым. Өзі жас болса да көп адамның қолынан келе бермейтін керемет бастамаларымен көзге түсіп жүр.
Жандос Базартай, «Қызылорда облыстық азаматтық альянсы» қауымдастығының төрағасы:
– Талғат Тілес – облыстағы «Жас Отан» жастар қанатының атқарушы хатшысы. Бұл жігітті студент кезінен білем. Колледж қабырғасында жүріп-ақ лидерлік қасиетін көрсетіп, көптеген бастамаларын батыл түрде дәлелдеп, қайырымдылық шараларды белсенді атқаруы, жастарды соңына ерте білуі, идеологиялық жұмыстарды алға сүйреуі, бәрі-бәрі бұл азаматтың көшбасшыға тән қасиеті деп танылып, сенім артылды. Талғат қазір бұл сенімнің үдесінен шығып келеді. Ол туралы аға буын да, ортаңғы буын да оң пікірде. Оның басты қасиеті – қайырымдылығында. Қайырымдылық жасау, әсіресе, мүмкіндігі шектеулі жандарға қол ұшын беру жағына келгенде біздің Талғат бәрінен озық тұр.
Бұл рас. Екінің бірі қалтасынан қаржы қимайтын мына заманда біздің Талғат жастарды ертіп, ақшалай жағдай жасамаса да, қарттар мен қолғанаты аз кей тұрғынның үйінің шатырын жөндеп, ауласын абаттандыруға көмектесіп жүр. Кәсіпкерлермен сөйлесіп, аз болса да қаржы қарастырып, аз қамтылған отбасы балаларына  қолдау көрсетуде.
– Өз басым жағдайы бола тұра жұпыны жандарға қайырымы жоқ кей ағаларға қарным ашады. Үлгі тұтарлық азаматтар да жоқ емес, мысалы, Абзал Ералиев. Ол туған ауылын түлетуден бөлек, біздің жастарымызға да ұдайы көмек қолын созудан еш тартынған емес. Сондай-ақ республикаға белгілі Жақсылық Үшкемпіров. Өз жұртынан ештеңесін аямайтын осындай ағалар біз сияқты жастарға үлгі. Біздің санаттағы барлық жастар да осындай қайырымды істерден шет қалмаса екен, –дейді  Оспанның ұлы.
Бірде кездесуде мектеп бітіру кешіне ата-аналардың есепсіз ақша жинап, түрлі көйлек тіктіріп, банкет залдары, аста-төк дастархан, көлік шеруі –  түлектердің тегіс осындай бәсекеге түсуі жайлы айтып, қынжылыс білдірген. «Жас Отанның» жас басшысы осындай ысыраптан арылу үшін жас буынмен жұмыс жасауға, дарақылықтан құтылуға қатысты жаңа ойларымен бөліскені бар. Түлектер есепсіз ақша шашып, ата-анаға ауырлық түсіргенше, есте қаларлықтай есті іс жасаса дейді ол.  Несі бар, жапа-тармағай тойлағанша, қайырымдылық жасап, тұрмысы төмендерге тарту жасасаң. Әрі алғыс аласың, әрі бұл көпке үлгі боларлық жұмыс емес па?!
Расымен, Талғат бастаған жасотандықтарға тек жақсылық жасау жарасады. Жастарға жарасымдысы да осы емес пе?! Атаның баласы болған Талғаттың, «адамның баласы» болатыны осы сәттен бастап көзге ұрып тұр.
Ержан БЕКМЫРЗАҰЛЫ
09 тамыз 2018 ж. 1 470 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930