» » » Мүмкіндік жасалған, пайдалана біл!

Мүмкіндік жасалған, пайдалана біл!

«Ақмешіт жастары» жас отбасы шаңырағында
Әнуарбек Шамшатов,
Мейрамгүл Дауылбаева:
     Жас отбасыны, ең бастысы, баспана жағдайы көп мазалайтыны белгілі. Тұрғын үй  жастар арасында өзектілігін жоймай отыр. Бұл тек біздің өңірде ғана емес, еліміз бойынша үлкен мәселе. Бұл олқылықты жою мақсатында бірнеше бағдарлама қолға алыныпғаны белгілі. Облыста өңірлерді дамытудың 2020 жылдарға дейінгі  бағдарламасының аясында жас отбасыға арналған үйлер салынып, пайдалануға берілуде. Құрылысы қарқынды Қызылордада осы бағдарлама барлық азаматтардың тұрғын үй жағдайын жақсартып, баспана нарығындағы мәселенің түйінін шешуге көп көмегін тигізуде. Осындай қоныс тойын тойлаушылардың қатарында Әнуарбек Шамшатов пен Мейрамгүл Дауылбаева да бар. Жастардың шаңырағына бас сұғып, жарасымды жұптың тіршілігімен танысып қайттық.
Тілші:
Қоныс құтты болғай! Жаңа бағдарламамен тұрғын үй алудың тиімділігі қалай? Құжаттар жинау машақаты да жетерлік. Шаршатпады ма?
         Әнуарбек:
  – Рахмет. Баспанаға Өңірлерді дамытудың 2020 жылдарға дейінгі бағдарламасы аясында 2016 жылы қол жеткіздік. Бұл бағдарламаның ең тиімді болған тұсы “Қазақстан ипотекалық компаниясы” ипотекалық ұйымы арқылы алғандықтан бастапқы жарнапұлын төлемедік. Бұрын тұрғын үй жинақ банкіне ақша жинағандардың үй алу мүмкіндігі болған. Ал, бұл бағдарламада біз алдын ала ақша жинамадық, тек құжаттарды дайындап өткіздік. Несібеміз болар, тәуелсіздік мерекесі қарсаңында қоныс тойын тойладық.
        Мейрамгүл:
 – Расымен, бұрын-соңды жас отбасылар үшін мұндай мүмкіндіктер болмаған. Біз үшін баспаналы болу үлкен әрі күтпеген қуаныш болды. Себебі, құжат жинап тапсырып жүрген кезде қаншама көп балалы отбасыны немесе 4-5 баласын жалғыз өзі асырап жүрген жалғыз басты аналарды көрдік. Олардың қасында бізде қызымыз ғана болды. Сондай жандар тұрғанда бізге үйдің кілті тие қоймайтын шығар деген ой болды. “Кілттеріңізді алсаңыздар болады” дегенде төбеміз көкке бір елі жетпеді. Айта кету керек, соңғы бес жылда өңіріміз халықты баспанамен қамтуда көш бастап тұр. Қазір жастардың өзін жетілдіруіне болсын, үй аламын десе де барлық жағдай жасалған. Тек сол мүмкіндіктерді тиімді пайдалана білу керек.
  Тілші:
– Өз үйлеріңе кірген кездегі сезім бір бөлек шығар… Баспана кезегін көп күттіңіздер ме?
       Әнуарбек:
– Әрине, ол кездегі сезімді айтып жеткізу мүмкін емес. Баспана – адам баласының қажеттілігінің бірі ғой. Пайғамбарымыз (саллаллаһу алəйһи уə сəллəм) бір хадисінде: «Адамның үш нəрсемен бағы жанады: салиқалы əйел, кең əрі жайлы үй жəне жақсы көлік» деген. Бұл ретте менің жолым болды. Отбасын құрып, баспаналы болып, көлік те міндім. Ал, үйіміз  бізге құт болды. Екінші қызымыз дүниеге келді. Осындай қуаныш сыйлаған ең бірінші Алланың, онан  кейін Елбасының жүргізген сарабдал саясатының  арқасы.
              Мейрамгүл:
 – Кезекке жолдасым 2010 жылы тұрған. Алты жылдан кейін қол жеткізіп отырмыз. Біздің отбасылы болғанымыз кейіннен болғандықтан анау айтқандай көп күттік деп айта алмаймыз. Керісінше, дер уақытында баспаналы болдық.
  Тілші:
Өзіңіз тұрып жатқан үйдің сапасы қалай? Көңіліңіз тола ма?
              Әнуарбек:
   – Сапасы жаман емес. Жаңа үйдің аты – жаңа үй. Келген жылдары жылу, газдан кішігірім мәселе болған. “Көш жүре түзеледі” деген. Уақыт өте келе бәрі қалыпқа келіп, өз ойымыздағыдай болуда.
Тілші:
Үйдің ішкі дизайны, жиһаздардың орналасуы мен көркемдік жағына жұбайыңыздың көп көмегі болды ма?
         Әнуарбек:
     – Міндетті түрде. Бірге ақылдаса отырып шешіледі. Кез келген істі жұбайым екеуміз ортақ шешімге келген соң ғана жүзеге асырамыз. 
Пәтерден-пәтерге көшіп жүрген жастарға қандай кеңес айтасыздар?
Әнуарбек:
 – Ең бастысы еңбектену керек. “Алма піс аузыма түс” дейтін заман емес. Жаңа да айтып өттік, бүгінде тірлік жасаймын, өсемін, өнемін деген адамға барлық мүмкіндік қарастырылған. Алдыңызға мақсат қойыңыз, әрі сол жолда тынбай еңбектеніңіз. Түсінемін, пәтер алу оңай дүние емес, бірақ қазіргі таңда қаншама игі бағдарламалар жүріп жатыр. Мәселен, жуырда, сол жағалаудан “Орда” бағдарламасы арқылы 18 қабатты үй пайдалануға берілмек, онан соң “7-20-25” бағдарламасы жүзеге асады. Жыл соңына дейін 36 тұрғын үй беріледі деп күтілуде. Мұның барлығы аймақ тұрғындарына жасалып жатқан зор мүмкіндік.
Тілші:
Алғашқы таныстық. Сезім. Отбасы құру. Қалай басталды?
     Әнуарбек: – Біз телефон арқылы танысқанбыз(күліп). Әлеуметтік желі деп ойлап қалмаңыз. Ол кезде ватсап, вк деген жоқ. М-агент бар, оның өзін қолдану азайып бара жатқан тұс. Арада ортақ достар болды. Солардың бірі осындай жерде жақсы бір қыз бар, бірақ көп жігіттерге мойын бұра бермейді деді. Содан қызығушылығым оянып, адамға қарамайтын қандай қыз деп қоярда қоймай телефон нөмірін алдым. Сондағы ойым онымен сөйлесіп, досыма қарату болатын. Бірақ өзім ұнатып қаламын деп ойлағаным жоқ. Танысып, араласа келе өзімнің іздеген адамым екенін білдім. Таныстықтың аяғы отбасы болу бақытына әкелді. Шүкір, бүгінде екі қызымыз бар.
Мейрамгүл:
– Екеуміз таныстығымыз жайлы айтқанда үнемі күліп еске алатын бір жайт бар. Алғаш телефонмен хабарласқанда қатты ұрысып қалғанбыз. Өйткені, мен ол кезде екі жерде жұмыс жасаймын, үйге шаршап келіп ерте жатып қаламын. Ұйқымды бұзған адамды ұнатпайтынмын. Әнуар сондай уақытқа тап келген. Қалың ұйқыда жатқанда телефон соғады. Сөйлескенде әңгімесін ресми бастады. Ұйқылы ояу отырып тыңдап отырмын. Мен ойладым сол кездерде бір құрбым босану керек болатын. Перзентханадан хабарласып жатыр екен деп отырғанмын, бір кезде әңгіменің соңына жеткенде “танысуға бола ма?” деп аяқтады. Басқа нәрсе күтіп отырған мен шынымен ашуланып кеттім, ұрысып бердім. Нөмірімді кімнен алғанын сұрасам оны да айтпайды. Содан екеуміз сөзге келіп, телефонды тастай салдық. Он күн өткен соң әлгі нөмір қайта қоңырау шалды. Сонан кейін ғана әңгімеміз жарасып кетті. Басы қатты басталса да, аяғы осындай тәтті өмірге ұласты.
Отбасы – шағын мемлекет. Сол мемлекеттің бүтіндігін сақтау, кейбір отбасылық мәселелерді шешуде не рөл атқарады деп ойлайсыз?
              Әнуарбек: – Отбасының мәні – ауызбірлік пен сыйластықта. Бірлік – үйдің татулығын, ырысы мен берекесін көрсетеді. Осы екі қасиет, ұстаным бар отбасында саналы,  салиқалы ұрпақ өсері анық. Сондықтан ауызбірлік пен сыйластық, түсіністік орнаған отбасында кез келген мәселе не кедергі  еш қиындықсыз орнымен шешілетіні сөзсіз.
   Тілші:
Табысты кім табады, кім жаратады?
Әнуарбек:
– Құранда табыс, нәпақа табу ер адамның мойнына жүктеледі. Әйел бай болса да, кедей болса да асырау – күйеуінің міндеті. Десе де, мынадай нарық заманында бір табысқа қарап отыру мүмкін емес. Сондықтан екеуміз де жұмыс істеп, бала-шағамызды асырап, күн көріс қамын жасаймыз. Әйел адамның жұмыс істеуіне дінімізде де қарсылық білдірмеген. Сондықтан табыс тауып, үйдің, балалардың қажеттілігін өтеу екеуміздің де міндетіміз. Ал, оны жарату қасымдағы кісіге жүктеледі.
Тілші:
Адамда арман біткен бе? Армандарыңыз бар ма?
Мейрамгүл:
 – Адам болған соң арман таусылмайды ғой. Өсіріп отырған балаларымыздың салиқалы ұрпақтан болуын қалаймыз. Өрісіміз бұдан әрі кеңейгенін, арнайы отбасылық кәсібіміздің болғанын қалаймыз. Сол мақсатта жұмыс істейміз. Ең бастысы, деніміз сау, отбасымыз аман, ата-анамыз, бауырларымыз аман-есен жанымызда жүрсе болғаны. Солар барда барлық арманның орындалары сөзсіз.
 Уақыт бөлгендеріңізге көп рақмет!
Сұқбаттасқан: Ержан БЕКМЫРЗАҰЛЫ
23 тамыз 2018 ж. 1 019 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930