Сырдағы құрылыс қарқыны
Аймақта соңғы бес жылдың көлемінде құрылыс қарқыны бәсеңдеген емес. Қала халқының саны көбейген сайын тұрғын үй нысандары да көптеп бой көтеруде. Өйткені халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі мемлекет үшін қашан да өзекті. Осы орайда Сыр елінде үлгі етерлік іргелі істер баршылық. Мәселен жуырда Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Қызылордада Жаппасбай батыр көшесіндегі 2 көпқабатты үй тұрғындары жаңа қоныс тойын тойлады. Жалдамалы тұрғын үйдің кілттері халықтың әлеуметтік жағдайы шектеулі топ өкілдері мен көпбалалы отбасылар, мүгедектер, соғыс ардагерлері мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған азаматтарға табысталды.
– Жаңа баспаналы болып, қуанышым қойныма сыймай отыр. Әкімдікке ризашылығым зор. Біз, жастар, өңірдің өркендеуі үшін аянбай еңбек етуге әрқашан дайынбыз, – деді балалар үйінде тәрбиеленген Бауыржан Ибраев.
Мұнан бөлек, жаңа жыл мерекесі қарсаңыда қаладағы Демесінов көшесінен 15,6 мың шаршы метрді құрайтын 230 пәтерлік 4 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілді. Аталмыш тұрғын үй "Өңірлерді дамыту – 2020" бағдарламасы аясында «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры АҚ-ның қаржыландыруымен жүзеге асты. Құны 2 млрд. 637,1 млн. теңге болатын құрылысты «Бақ – Береке 2030» ЖШС-і салды.
Биыл аймағымызда 230 мың шаршы метр болатын 2 мың 971 пәтерлік 61 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде жеке инвесторлардың қаржысы есебінен 957 пәтерлік 24 көпқабатты тұрғын үй, мемлекеттік бағдарламалар аясында 2 мың 14 пәтерлі 37 көпқабатты тұрғын үй салынуда.
Айгүл ӘЛІШЕРОВА