» » » БАЛАМЕН БАЛА ТІЛІНДЕ СӨЙЛЕСПЕҢІЗ

БАЛАМЕН БАЛА ТІЛІНДЕ СӨЙЛЕСПЕҢІЗ

Гүлзира Әбуқызы, дефектолог-логопед:
  Біздің анықтама
Гүлзира Жасағанбергенова 1992 жылы Тереңөзек кенті, Асқар Тоқмағанбетов ауылында туған. 2008 жылы Қызылорда медицина колледжінде білім алып, Сырдария аудандық ауруxанасында мейірбике болып жұмыс істейді. Кейін Алматы қаласы Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінен "Дефектология" мамандығы бойынша білім алып, бүгінде №50 "Жұлдыз" коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнында логопед болып жұмыс атқарады.

– Логопед маманы болуға қызығушылығыңыз қалай басталды?– Бастапқы мамандығым медицина саласында болатын. Осы салада жұмыс жасап жүргенімде дефектология саласы қызықтырды. Медициналық колледжде оқығанда балалардың психикалық және физикалық даму ерекшелігі туралы мағұлматтарды теорияда жақсы меңгердік. Кейін ауруханада жұмыс істеп жүріп логопед маманына сұраныстың жоғары екенін түсініп, осы салаға қызығушылығым артты. Бүгінде осы салада еңбек етіп жүрмін.
  • – Балаға қандай жағдайда және неше жаста логопед-дефектологтың көмегі қажет?
– Балаға логопед көмегінің қажеттілігін ең бірінші ата-ана анықтайды. Бірақ осы сөйлеу тілінің кешеуілдеуіне ата-аналар онша мән бермейді. Қазақта ұл баланың тілі кеш шығады, бала ерке болғандықтан жөнді сөйлей алмайды, кейін дұрысталып кетеді деген түсінік қалыптасқан. Осы түсініктен арылу қажет. Әдетте, бала ең алғаш рет 1-2 айында гуілдейді, 5-6 айында былдырлай бастайды. 7-8 айында бала ересектердің сөйлеу тіліне еліктейді. Бала естіген дыбыс тіркестерін затпен және іс-қимылмен сәйкестендіреді (тик-так, бух, бах). Ал 10-11 айында сөздің өзіне реакция беретін болады. Осы кезеңде ата-ана баламен жиі қарым-қатынаста болу керек. Өйткені кей бала бір жасында бірнеше сөз айтатын болса, кей бала он шақты сөз қолданады. Бұл баланың сиптоматикалық жағдайына, нерв жүйесіне, тәрбиесіне байланысты. Осы мәліметтерді логопед баланы алғаш тексерген кезде ата-анасынан сұрайды. Өйткені бұл маңызды. Анық сөйлемейтін баланы аңғарған ата-ана неғұрлым ерте логопед-дефектолог көмегіне жүгінсе, соғұрлым жақсы нәтижеге жетеді.
– Тілі мүкіс  балалардың көбеюіне әсер ететін қандай факторларды айтар едіңіз?
– Баланың тіліндегі ақауға бірнеше фактор әсер етеді. Әсіресе анасының жүктілік кезіндегі токсикоз, тұқымқуалаушылық, бала дамуының ерте жасындағы әртүрлі жарақаттар, отбасының әлеуметтік ахуалы да әсер етеді. Бала санасы қаншалықты көп күйзеліске түссе, жетілу процесі кешеуілдейді. Күйзеліс демекші, кейбір отбасында баласы 1 жасқа толмай жатып, екінші сәби дүниеге келеді. Мұндай жағдайда бала қызғаншақтыққа, күйзеліске түсіп, нәтижесінде томаға-тұйық болып, психикалық дағдарысты бастан кешеді. Соның әсерінен тіл мүкістігі пайда болуы мүмкін. Сонымен қатар бүгінде сыртқы жағымсыз факторларды атаған жөн. Себебі, сыртқы фактор баланың құрсақта
жатқан кездегі дамуына әсерін тигізеді. Қызылорда экологиялық аймаққа жататындықтан, әртүрлі экологиялық апаттар бала денсаулығына кері әсер етеді. Бұрын тіл кемістігі дегенді аз еститінбіз, яғни балада ондай ақау болса, ата-аналар ұялып жасыратын. Қазір, шүкір, халықтың бәрі сауатты, бала бойында қандай кемшілік болса, қай жерге барып қаралу керегін жақсы біледі.
  • Тіл мүкістігі бар баланы қанша уақытта емдеуге болады?
– Бұл сұраққа нақты жауап беру қиын. Бала тілінің толық түзелуі – ұзақ уақытты қамтитын процесс. Ол баланың жеке, физикалық, психикалық даму ерекшелігіне байланысты. Аз уақыт дегеннің өзі 3 айға, ал ұзақ уақыт 3 жылға созылуы мүмкін.
– Логопед сөзінің жанында дифектолог сөзі қатар айтылады. Жалпы дефектолог деген сөз қандай мағына береді?
– Дефектология жалпы педагогика ғылымының бір саласы ретінде дефектология латынның defectus-кемшілік, logos-сөз, ілім деген сөзінен құралған. Дефектология дамуында кемшілігі бар балаларды зерттейтін ғылым. Дефектология бірқатар дербес салаларды біріктіреді. Мысалы,  сурдопедагогика – есту кемістігі, тифлопедагогика – көру, олигофренопедагогика – ақыл-ойы кем, логопедия – тіл кемістігі бар балаларды оқыту мен тәрбиелеуді зерттейді. Осыдан шығатын қорытынды логопедия –дефектологияның бір саласы.
– Естуімізше, сүйек мүжудің бала тілінің шығуына үлкен септігі бар дейтін. Бұл қаншалықты рас?
– Ғылымда дәлелденбегендіктен нақты айта алмаймын. Бірақ бұрын әжелеріміз «сүйекті мүжісең, тісің қатты болып өседі, тілді жесең шешен боласың» деп айтатын. Ол кісілердің бір білгені бар шығар. Өйткені сөйлеу тілінің дұрыс қалыптасуы артикуляциялық мүшенің дұрыс дамуына байланысты. Яғни тілдің үстіңгі, астыңғы және тістің, жақтың, еріннің дұрыс дамуы үшін қажет. Қазіргі логопедиялық түзету сабағын алатын балаларға міндетті түрде артикуляциялық жаттығулар жасалады. Ол кездің артикуляциялық жаттығуы мүмкін сүйек мүжу болған шығар. Шынымен де, сүйек мүжуде тіс, жақ, тіл, ерін, жалпы ауыз қуысы мүшелері толығымен қатысады. Яғни ол – жаттығу жасаудың бір түрі.
– Елімізде логопед маманы тапшы екені рас. Ал жас мамандар тіпті жоқтың қасы. Мұның себе неде?
– Қазір бұл салаға жастардың қызығушылығы артуда. Өзім осы салаға оқуға тапсырмас бұрын дефектолог, логопед деген мамандықтың не екенін білмейтінмін. Интернет арқылы ғана мағлұмат жинақтадым. Қазір де «логопед» деген не деп сұрайтындар саны артуда. Бірақ логопед маман даярлайтын Жоғарғы оқу орны тапшылық етеді.
– Облысымызда дефектолог-логопед маман қолжетімділігін арттыруда орталықтар ашуға не кедергі? Жалпы жеке логопед маманына жүгінудің құны қанша?
– Мұның басты себебі, халық әлі толығымен логопед-дефектолог маманның қандай маман екенін білмейді. БАҚ өкілдері, интернет желісі, телевизия саласының көмегімен халыққа толық ақпарат беру қажет. Менің де сіз хабарласқанда ойланбастын сұқбат беруімнің себебі осында. Халық арасында логопед маманының кім екенін насихаттау жетіспейді. Әр логопед маманы уақытына қарай, баланың деңгейіне қарай бағасын қояды деп есептеймін. Негізі халыққа қолжетімді.
– Ересектер арасында «ң»-ды айта алмау «синдромы» жоғары. Логопедге жүгенейін десе ұялады. Үйде өз бетінше жаттығулар жасап, күресуге бола ма?
– Әрине, болады. Алдымен «ң» дыбысының дұрыс айтылуына тоқталайық. «Н» мен «ң»-ды дыбыстай алмау бірнеше себепке байланысты. Біріншіден, адамның сөйлеу мүшесінің құрылысы дұрыс қалыптаспағаннан болады. Яғни, бала тістерінің қисық шығуы, таңдайының биік орналасуы, жағының дұрыс жұмыс жасамауы, ернінің қалың болуы, тағысын-тағы. Бұл кедергілер баланың әріпті дұрыс дыбыстауына әсер етеді. Екіншіден, сөйлеу мүшелерінің қимыл-қозғалысының дұрыс болмауынан. Сөйлегенде еріннің, тілдің қозғалысы қалыпты болмауы да әріптерді дұрыс дыбыстауға кедергі келтіреді. Бұл жағдайда, бірнеше ережені есте сақтау қажет. «Ң» дегенде, тіл ұшы жоғары қарайды, үн мұрыннан шығады. «Н» дегенде тілдің ұшы жоғарғы тістің артына тоқталады. Осыны алдымен түсіндіру қажет. Сосын сөздің мағынасын түсіндіреміз. «Мың» деген сан есімді «мын» деп, «мең» деген зат есімді «мен» деп айтудан мағынасы бұзылатынын ұғындырамыз.
– Тіл мүкістігі бар балаларды неше топқа бөліп жаттықтырасыз?
– Тіл мүкістігінің түрі өте көп. Дислалия, жалпы сөйлеу тілінің кешеуілдеуі, жалпы сөйлеу тілі дамымауының І, ІІ, ІІІ дәрежесі, дизартрия, алалия, тұтықпа, айта берсеңіз көп. Әр балаға диагнозына сәйкес жеке жұмыс жоспары жасалады. Кез келген дыбысты қойғанда, міндетті түрде оның айтылуына көңіл бөлінеді, яғни артикуляциясына. Дыбысты қояр алдында міндетті түрде артикуляциялық мүшелерін дыбыс қоюға дайындап, жаттығулар жасалады.
  • – Ал баланы дыбыстарды дұрыс айтуға қалай дағдыландыруға болады?
– Балада сөздер еліктеу арқылы пайда болады. Яғни ересектердің сөйлегеніне еліктейді, соны қайталайды. Осы ретте баламен тілдескенде, «бүжай», «ап дейсің бе» деген сияқты тіркестерді қолдануға болмайды. Барынша анық, түсінікті сөйлессеңіз жеткілікті.
– Баланың мұндай дертке шалықпас үшін қандай ережені ұстанған абзал?
– Тіл кемістігі бар балалар ата-анасымен тығыз қарым-қатынас орнату керек. Себебі, баладағы кемістіктің толығымен жойылуы логопед, ата-ананың бірігіп жұмыс жасауында. Бала ең алғаш туғаннан бастап, баламен сөйлесіп, саусақтарына жаттығу жасау керек. Өйткені саусақтың бас жағында тілдің ерте шығуына әсер ететін нүктелер болады. Сол нүктелерді массаж жасау арқылы басқаруға болады.
Ата-аналарға арналған кеңес:
  • Баламен үнемі сөйлесіп, оның жауабын тыңдау керек. Бала сөйлескенді, оны тыңдағанды ұнатады.
  • Бала не істегенін айтып отыру керек. Сөз тіркестерін көп қолданыңыз.
  • Серуендеу кезінде әңгімелесіп, жаңа сөздерді бірнеше рет қайталаңыз.
  • Баламен сөйлескенде, сөйлемдерді анық, дұрыс айтыңыз. Өбектеп, бала тілінде сөйлеспеңіз.
  • Әңгімелескен: Айгүл ӘЛІШЕРОВА
31 қаңтар 2019 ж. 2 318 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031