» » » АТАҚҚА ҚҰМАР АДАМ ЕМЕСПІН

АТАҚҚА ҚҰМАР АДАМ ЕМЕСПІН

    Арай Ноғайқызы, полиция майоры:

Біздің анықтама:
Арай Дүйсенаева 1988 жылы дүниеге келген. Қызылорда қаласындағы №9 мектеп-гимназияны үздік бітірді. ҚР Ішкі істер министрлігінің Ақтөбе заң колледжіне заңгер мамандығында оқыды. Білімін жетілдіру мақсатында Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің заңгер мамандығын тәмамдады. Қызылорда қалалық ішкі істер басқарамасының анықтау бөлімінде анықтаушы қызметін, Қызылорда облысы Ішкі істер департаментінің Анықтау басқармасының аға анықтаушысы қызметтерін атқарды. 2016 жылдан бері Қызылорда облысының Полиция департаментінің Тергеу басқармасының жол-көлік оқиғасы және өрт оқиғаларын тергеу бөлімінің аса маңызды істер жөніндегі аға анықтаушысы. Арайға ҚР ІІМ-нің Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін "Үздік медалі" және 2 дәрежелі «Ішкі істер органының үздігі» медалі табысталды.

– Мамандық таңдауға не түрткі болды?
– Ағам ішкі істер саласында қызмет атқарды, ол полковник шенімен зейнетке шықты. Сол кісіні үлгі тұтып, полиция қызметкері болдым. Осылайша бала кезгі арманым жүзеге асты. Ішкі істер органында 15 жылдан бері қызмет атқарып келемін. Қоғамдағы құқық бұзушылықтың алдын алып, бейбіт өмірді қалыптастыру жолында атам мен ағамнан алған өмірлік дағдыларым қызметімді абыроймен атқаруға септігін тигізуде.
– Жұмысыңыз жайлы не айтасыз?
Жұмысым әрине оңай емес. Ер азаматтармен тең жұмыс істейміз. Яғни қылмысты болдырмау, оның алдын алу және халықтың тыныштығын сақтау үшін бар күшімізді салудамыз. Осы саланы ұнатып келген соң ауыртпалықты да сезбеймін.
– Атқарушы бөлімнің қызметі қандай?
Қызылорда облысы полиция департаментінің тергеу басқармасының жол көлік және өрт оқиғалары тергеу бөлімінің аса маңызды істерінің анықтаушысы болып табылады. Жол көлік және өрт оқиғасын тергейміз.
– Майор қандай болу керек?
–  Меніңше майор – ол тәлімгер ретінде жаңа тағайындалған қызметкерге үлгі болатындай, өзінің біліктілігін және тәрбиесін бөлісіп, көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын созатын адам болу керек.
– Отбасымен жұмысты бірге алып келесіз. Бәріне бірдей қалай үлгересіз?
    – Екеуінің де өзіндік айырмашылығы бар. Жұмысты жұмыс уақытында реттеп барып қайтамын. Үйге келген соң үйдің тіршілігі, келіндік міндетке көшемін. Жалпы екеуіне де үлгеріп жүрмін. Анам үй шаруасына қолғабыс етеді, балаларыма да қарайды. Отағасы қызметіме түсіністік танытады.
– Нәзік жанға құқық қорғау саласы ауыр емес пе?
Әр жұмыстың өз жауапкершілігі болатыны белгілі. Сондай-ақ қиындығы мен қызығы қатар жүреді. Адам өзі ісін махаббатпен істесе, ауыр болмайтынын түсіндім.
– Сіздіңше әйел бақыты дегеніміз не?
– Бір күні жәннаттың бақшаларында жалғыз өзі ғұмыр кешкен Адам ата тіршіліктен жалығып бір жартастың үстіне ұйықтап кетеді. Мейірімді Алла Адам атаға серік болсын деп ол ұйықтап жатқан уақытта сол жақ қабырғасынан Хауа анамызды жаратады. Адам ата ұйқыдан оянса, жанында сұлу да әдемі ерекше жаратылыс әйел затын көреді. Бұл сұлулыққа тәнті болған Адам: "Сен кімсің?" – деп сұраған екен. Сонда ол: "Мен – Хауанамын", – деп таныстырған деседі. Ал "хауа" деген сөз "жанға тыныштық сыйлаушы" деген мағынаны білдіреді екен. Әрбір әйел затының өміріндегі қуанышы осы бір ұлы мақсатты ойлаудан басталса керек. Ананың мерейін тасытып, бақытын баянды ететін, оның аяулы отбасы, қара шаңырағы. Сүйікті жар, аяулы ана болу сияқты ардақты істер арқылы ғана өмірі гүлденіп, шынайы бақыт табады, екі дүниеде абыройы артады. Сол себепті әйел бақытын отбасымен байланыстырамын.
– Отбасындағы үйлесімді, бірлікті сақтау үшін не керек?
Ақ босағаны аттаған сәттен бастап, "енді осы үйдің отымен кіріп, күлімен шығамын" деген қағиданы ұстанған жөн. Отбасын құрғанда
өзінің отбасын екінші орынға қою шарт. Әйтпесе отбасындағы үйлесімді, бірлікті сақтау қиынға соғады.
– Отбасындағы мәселені қалай шешуге болады?
– Отбасы болған соң "ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды". Кез келген отбасында түрлі мәселе бар. Бірақ барлығы оны оңтайлы шеше алмайды. Мысалы кішкентай нәрседен үлкен қиындық тудырады. Отбасындағы ең актуалды мәселе отау құрған жастардың айырылысып кетуі. Өкінішке қарай мұндай жағдай көптеп кездесуде. Тойға кеткен шығынды есептемегеннің өзінде ата-ананың үміті, қуанышы су сепкендей басылып қалуда. Әрбір жан "отбасын құрдым, өмірлік серігімді таптым, ендігі міндет оларды бақытты етуім керек" деп алдына мақсат қойса, тату-тәтті отбасы саны көбейеді.
Адам атақты болу үшін тумайды, дегенмен атақты ешкім жек көрмейді. Атаққа қаншалықты құмарсыз?
– "Күле білу – өмір, күлдіре білу – өнер, күлкілі болу – өлім" деген бар. Атаққа таласатын жандарға жаным ашиды. Олар әр істеген ісінен мақтау күтеді. Алғыс айтса, қуанышын көпке дейін жасыра алмайды. Ақырында "сен мендей бола алмадың" деген сарында әңгіме айтып кетеді. Мен олай күлкілі болып өмір сүргім келмейді. Мен атаққа құмар адамдар қатарынан емеспін.
– Жастар жылынан не күтесіз?
– Ұлт болашағы білімді жас пен білікті ұрпақтың қолында. Әрбір адам «елім маған не береді деп емес, мен еліме не беремін» деген ұранмен өмір сүру керек. Елбасының бүтіндей бір жылды жастар жылы деп атауының себебі де осы секілді. Жастардың жан-жақты дамуына ықпал жасап, ел болашағына қызмет етуін, халқына пайдасы тиер азамат болуын мақсат етіп отыр. Сондықтан әр маман өз саласында үздік болуға ұмтылып, ел келешегіне тамшыдай болсын үлес қосамын деген үлкен жауапкершілікпен жүреді деген ойдамын.
– Жастарға не жетіспейді?
– Ауыл-аймаққа бара қалсаңыз шөлмекке сылқия тойған жасты әр бұрыштан кездестіресіз. Басқа істейтін жұмыс жоқ. Бір аңызда:  Үйіне удай мас болып әрең келе жатқан інісіне ағасы: "біздің әулеттен атақты алқаш шықпай ма деп қорқып едім, бауырым, шүкір, сен шықтың ғой, әйтеуір" деп ұялтқан көрінеді. Жастарға өз-өзіне деген сенімділік жетіспейді.  
– Сөз соңында мерекелік ізгі лебізіңіз...
«Әйел бір қолымен бесік тербетсе, бір қолымен әлемді тербетеді» дейді. Тәуелсіз еліміздің ұл-қыздарын тәрбиелеп, азаматтарға сенімді тірек болып, қоғам ісіне білек сыбана кірісіп, қиын қыстау кезде демеу болып жүргендеріңіз үшін барша әйел қауымына алғыс айтамын. «Ер – елдің иесі, әйел – үйдің киесі» дегендей отбасындағы береке-бірлікке, өмірдегі әсемдік пен нәзіктікке жолбасшы бола жүріп, айналасына инабаттылықтың нұрын сепкен аналарды, қыз-келіншектерді шын жүректен құттықтаймын!
– Сізді де құттықтаймыз!
Сұхбаттасқан Мөлдір КЕНЖЕҒҰЛОВА

07 наурыз 2019 ж. 853 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930