» » » САТИРА БИЛІККЕ ҚАРСЫ ЖАНР ЕМЕС

САТИРА БИЛІККЕ ҚАРСЫ ЖАНР ЕМЕС

   Қазыбек ӘШІРБЕКҰЛЫ, сатирик:

Қазыбек Әшірбекұлы – ҚР ІІМ-нің құрметті ардагері. Қазақстан Журналистер Одағы мен Қазақстан сықақшылары «Найзагер» қауымдастығының мүшесі. «Күлкі керуен», «Жебе», «Белорақ», «Сырдария кітапханасы» екі жүз томдығындағы «Ұрт пен мұрт» кітабының авторы. Республикалық «Егемен Қазақстан», «Айқын», «Халық» газетінде, «Әлімсақ» журналында, аймақтық «Сыр бойы», «Ақмешіт апталығы» басылымында ұдайы жарияланатын шығармаларымен көпке таныс сатирик.
− Аға, балалық шағыңыз соғыс кезіне сәйкес келген екен. Сіз қандай бала болдыңыз?
Мен Тереңөзек ауданы, Жаңарық колхозында өмірге келіп, қарапайым отбасында ер жеттім. Басбұзар тентек те, тым момын да болмадым. Негізі 1945 жылы дүниеге келгенмін, бірақ құжатта 1946 жыл деп жазылған. Оның да өзіндік тарихы бар. 7 жасқа толып, оқуға барар уақытта менде аяқ киім, дәптер, қаламсауыт болмай мектептен қалып қойдым. Келер жылы ағам Тереңөзекке ертіп апарып, маған құжат алмақшы болды. Сол кезде менің жасымды бір жылға кешіктіріп беру керек болды да, туған жылым қате жазылды. Құжат беретін қызметкер туған күнімді сұрағанда ағам білмейтін болып шықты. Қауын пісетін кез деп жобалаған соң, туған күнім құжатқа 20 қыркүйек деп түсті. Емханадағы дәрігер де табан астынан дені сау деп жазып берді. Мен мектепке осылай қабылдандым. Соғыстан кейінгі қиын кезең болғандықтан анам құрақ-құрақ қылып сыртқы киім тігіп беретін. Анам 12 құрсақ көтерген. Содан үш ұл, бір қыз ғана аман қалдық. Қазір  өзімнен үш жас үлкен ағам екеуміз. Ата-анам шаруа кісі болды, екеуі де колхозшы еді. Шешем мына оқиғаны жиі айтатын. Менің екі жасар кезімде брагадир анамды қырманға жұмысқа алып кетеді. Содан екі-үш аптадан соң оралғанда, анамды танымай, өзіме қарайтын 12-13 жасар әпкеме қашады екенмін. Кейін анам мені жалғызсырамасын деп қырманға ертіп апарады. Ол жерде маған қарайтын ешкім жоқ, иығыма жара шығып, оған шыбын қонып асқынып кетеді. Анам оны машинананың «солидол» майымен кетіреді. Қазір сол жараның алақандай тыртығы әлі тұр..
− Ең алғашқы мамандығыңыз ағаш ұстасы екен. Бұл өз таңдауыңыз  ба?
− 1962-1964  жылдар аралығында Қызылорда қаласындағы №26 құрылыс мектебін бітіріп, екінші дәрежелі ағаш ұстасы мамандығын алдым. Ол кезде тақтайдан жасалған дүниелер өте құнды болды. Әрі туған ағам ағаш ұстасы еді, соның жасаған дүниелеріне қызыққан болуым керек. Бірақ бұл салада қызмет жасаған емеспін.
− Марапатыңыздың қатарында аса қауіпті қылмыскерді құрықтағаныңыз үшін берілген «Милиция үздігі» төсбелгісі бар екен. Бұл оқиға қалай болды? Жалпы ІІМ-дегі қызметіңіз жайлы айтып беріңізші...
1965-1968 жылдары Түркіменстан ССР-нің Мары қаласында үш жылдық әскери борышымды өтедім. Сол кезде бөлімше командирі болып, Түрікменстан ЛКСМ Орталық комитетінің Құрмет грамотасымен марапатталдым. Елге келген соң желтоқсан айында Қызылорда облыстық ішкі істер басқармасына қатардағы жүргізуші-қызметкер болып жұмысқа орналастым. Сол кезде Қызылорда политехникумының «Машина жөндеу және техникалық қызмет көрсету» бөліміне оқуға тапсырып, техник-механик мамандығын алдым. Ал аса қауіпті қылмыскердің оқиғасы кітап дүкенінде болған. Ол кезде лейтенант шеніндемін. Қай жылы екені есімде жоқ, кітап дүкеніне қарай келе жатсам орталық маңында бес-алты адам тұр. Бір кісі ішін басып тұр, мен одан аққан қанды байқадым. Кітап дүкенінде сатушыға қауіп төндірген қылмыскер сол жердегі тұрғынға қол жұмсаған. Қылмыскердің бағытын сұрағанымда ескі базар жақты нұсқады. Сол маңда үлкен гүлзар бар екен, соған жақындағанда қалың тон киген кісіні байқадым. Қылмыскер екенін жазбай танып дереу құрықтадым. Кейін сот отырысы кезінде оның бір күнде жеті бірдей дүкенді тонағаны анықталды. 1991 жылы майор шенімен отставкаға шықтым. Кейін ОІІБ-ның шаруашылық бөлімінде инспектор, ҚР Қызылорда облыстық Транспорт құралдарын жүргізушілер Одағында директордың орынбасары қызметін атқардым.
− Ал әзіл өлең жазуыңызға не себеп болды? Бұл салада бағыт берген ұстазыңыз болды ма? 
1975-1980 жылдары Н.В.Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтының филология факультетін бітірдім. Мен бала кезімнен әдебиетті, поэзияны жақсы көріп өстім. 7-8 сынып оқып жүргенімде өлең жазуға ыңғай таныттым, бірақ аса бір бейімім болмады. Мектеп қабырғасында «Қазақстан әйелдері», «Мәдениет және тұрмыс», «Ара» сынды журналдарға мақала жаздым. Олар менің көңілімді жықпай, «жиі жазып тұр» деген мәтінмен хат жолдады. Маған редакциядан келген әрбір хат үлкен шабыт сыйлайтын. 80-жылдардың басында лирикалық өлеңдер жаздым, қазір кітап болып басылды. Ал сатираға 87-жылдан бастап ден қойдым. Оған Бейімбет Майлиннің, Асқар Тоқмағамбетовтың шығармалары әсер етті. Асқардың «Би», «Желіккен жеңгейлер» сынды туындылары менің де сатираға қадам басуыма ықпал жасады. Әдепкіде ешкімнің нұсқауынсыз-ақ әзіл өлең жаздым. Кейін Асқар ағаға бірнеше өлеңді тексерткенімде екі әзілді ұнатып, «мынауың дұрыс екен!» деп баға берді, бірақ газетке баспады. Осы екі ауыз сөз менің кейінгі өлеңдеріме үлгі болды, қалған  туындыны осы қалыппен жазсам жаман болмайды деп түсіндім.
− Сатирик Толымбек Әлімбеков бұл жанрды «әдебиеттегі оппозиция» деп атапты. Ал сіз қалай түсіндірер едіңіз?
− Меніңше, сатираны оппозиция деп қарастыру дұрыс емес. Сатира қай қоғамда болмасын өмір сүріп келеді. Оның проза, поэзия, драматургия сынды әдебиет саласында өзіндік орны бар. «Шаншар», «Ара», «Крокодил» журналдары Кеңес одағы кезінде де қоғамның кемшін тұстарын көрсетті. Сатира – билікке, үкіметке қарсы дүние емес, керісінше, олардың қателігін түзейтін жанр. Сатира – мінді сынау арқылы дүйім елге мысқылдап, мысалдап, әзілдеп, әжуалап жеткізу.
− Бүгінгі және бұрынғы сатираның айырмашылығы қандай? Қазіргі сатираны қоғам қалай қабылдайды?
Социалистік қоғамда бір партиялық жүйе болды, сондықтан биліктің кемшілігін бетіне басып сынауға болмайтын. Бірақ жеке тұлғаға қатысты көптеген сыни әжуа жазылды. Егер мемлекеттік қызметкер жемқор болса немесе халыққа дөрекілік көрсетсе сатириктің қаламы оны айналып өтпейтін. Ал қазіргі қазақ сатирасының басты тақырыбы – жемқорлық. «Жемқорлық – індет, жою – міндет» деп ұрандатып жүрміз. Бүгінгі қоғамда демократия, жариялылық бар десек те, жасқану, сескену басым. Билікке сын жалпылама айтылады, жеке тұлғаның түрі түстеліп, аты аталмайды. Бұрынғымен салыстырғанда басты айырмашылық осы. Қазіргі шенеуніктер әзілдің астарын түсінгенмен, жылы қабақ таныта қоймайды. Біздің мақсатымыз да сол, алаяқ атқамінер мысқылды дұрыс қабылдап, кемшілікті түзетсе дейсің. Әйтпесе «ит үреді, керуен көшедінің» кері болады ғой. Мен кезінде «балық басынан шіриді» деген мәтелді «балық басынан шірімейді, тазалап, тұздап, тоңазытқышқа салса, билік басынан ірімейді, озбырын тауып орнынан алса» деп жаздым. Билік төңірегінде айтылған мысалға осылай жауап бердім. Сатира ешкімді кекетіп, төмендетпейді, тек ой түбіндегі шындық пен терең философияны көпке жеткізуді қалайды. Бірақ оның маңыздылығы жеке тұлғаның қабылдау деңгейіне байланысты.
− Сіздің жазбаңыз арқылы шешімін тапқан мәселелер де болған шығар...
 − Бастапқыда «Лениншіл жас», қазіргі «Сыр бойы» газетінде штаттан тыс тілші қызметін атқардым. Газеттің «Шөңге» деген сатира бұрышына проза түрінде жазғанымды беріп тұрдым. Ол кезде сатираға қатты мән беретін, оны мына жағдайдан аңғаруға болады. Мен Шұғыла-2 мөлтек ауданында тұрған уақытта нан сататын дүкен де, наубайхана да біреу-тұғын. Бірде жұмыстан қайтар жолда нан сатып алып, үйіме әкелсем нанға пышақ өтпейді. Сөйтсем нанның ортасында машинаның 12 бұрандасы тұр. Оны қағазға орап, дереу «Бұрандалы бөлке нан көрдіңіз бе?» деген тақырыппен әзіл өлең жаздым. Ол газетке басылды. Ертеңіне материалды көрген наубайхана басшысы кезекші мастерге сөгіс беріп, бір қызметкерді жұмыстан шығарды. Артынан редакцияға қателік үшін кешірім сұраған хат келді. Тағы бір жағдай қазіргі Сарқырама аялдамасында орын алды. Бұрын ол жер аэропорт агенттігі деп аталатын, жанына №2 қоғамдық көлік тоқтайтын. Маршруттың келесі аялдамасы – ескі базар. Екі аялдаманың арасы едәуір ұзақ, оны мен арнайы өлшедім. Қателеспесем, бір шақырымнан көп. Бұл мәселені де «Шөңгеге» жаздым. Сонда автобус паркінен өзіме хат келді. Хатта заң бойынша әр 700 метр сайын аялдама болу керектігі, түйткілдің көп ұзамай шешілетіні жайлы жазылыпты. Уәде еткендей қазіргі Айтбай мешітінің тұсына аялдама салынып, оған «А» деп жазып қойды. Мән-жайды газеттен оқыған әріптестер «Әй, Қазыбек, Аширбеков деп аялдамаға өз атыңды бердің ғой ә?!» деп біразға дейін әзілдеп жүрді.
− Сатирикке тән қасиет қандай?
Біріншіден, талғам, білім, шыдамдылық, қоғамның осал тұсын көре алатын байқампаздық керек. Сатирикке өтірік те, өсек те дұшпан. Сондықтан ақиқатты асыра сілтемей, астарлап жеткізу сатириктен шеберлікті талап етеді. Жалпы сын айтпас бұрын әрбір адам алдымен өз кемшілігін саралап алу қажет.
− Әзіл жазу жағдай талғайтын болар...
Сатираға негіз болар көп дүниені қоғамдық көлікте келе жатып көремін. Мен өзі ұмытшақ адаммын, автобуста ойға оралған тіркесті жаңылып кетпейін деп үйге барғанша қайталаймын. Ал түнде қағаз бен қалам, қолшамды жанымнан тастамаймын. Егер түн ортасында әзіл жазуға шабытым келсе, дереу қолшамды жағып, қағазға түсіремін. Жақсы туынды жазу – бір бақыт, ал оны газет бетінен көру – нағыз рухани демалыс.
− Сатираның басқа қай жанрында қалам тербейсіз?
Қазір фельетон, памфлет жанрында жазатындар сирек. Ол үшін белгілі бір тұлғаны, бір жағдайды нысанаға алу қажет. Кезінде Асқар ағамыз фельетонды көп жазды. Ал мен әзілді көбіне өлең түрінде, кейде проза түрінде жазамын.
− Басылым бетінде бүркеншік есімді жиі пайдаланасыз ба?
Газеттегі сатира бетін толтыру оңай дүние емес, ол материалды комбайнша жейді (күлді). Кейде өзімнің ата-тегім қайталана бермесін деп, Әділқазы, Әбілқазы, Айқазы деп, Қазы түбірін сақтап есімді өзгертемін. Кезінде Ақмешіт апталығы газетінде «Қуақы» айдарын жүргіздім. Бірде оқырманды қызықтырайын деп байқау ұйымдастырдым, бірақ редакцияға келген  хаттар газетке жариялауға жарамайтын. Сонда Шымкенттегі сатирик інім Алпысбай Боранбаевқа хабарластым. Ол 4 кітабын жіберді, солай газеттің жақсы әзілмен толыққаны бар.
− Аға, өз өміріңізде де естен кетпейтін қызық оқиғалар көп болған шығар...
Бала кезімде қасымның бір талы ерекше ұзын болды. Қателеспесем 7 сынып кезі болу керек, сол бір тал қасты қырқып тастамақ болдым. Бірақ балалықпен қайшы орнына ұстараны пайдаланып қасымды ойып алдым. Айнаға қарасам қасым шолақ. Сосын екеуі тең болсын деп екіншісін де ойып алып тастадым. Сыныпқа келсем қыздар «Ашық ауыз, салпы ерін, Ешкі бас, келте қас» деп мазақтап әндетіп жүр. Мен мұғалімдер сабақ түсіндіргенде аузым ашылып тыңдайды екенмін, әрі шашым да сирек. Соны байқаған қу қыздар әзілге айналдырған ғой. Ол кезде қыздарға қарап сөйлеуге ұялатынбыз, сосын да әжуаға жауап қайтармадым (күліп).
− Отбасыңызда сатираға жақын ізбасарыңыз бар ма?
Негізі жарыммен бірге екі ұл,бір қыз тәрбиелеп өсірдік. Үлкен ұлым Арғын өрт сөндіру саласында жұмыс жасайтын. 1997 жылы 26 наурызда үлкен база өртеніп, көмекке жүгірген ұлым қасындағы әріптесімен қаза тапты. Балама арнап Әл-Фараби даңғылы тұсынан көше берілді. Өзімнен басқа отбасында сатираға жақын адам болмады.
− Қазір не жазып жүрсіз?
− Бүгінде қолға қалам алуды сиреттім. Оған жас үлкейгендігі де әсер етеді екен. Кейде оқырманға айтарымды, бар білгенімді жеткіздім деп те ойлаймын. Бірақ әлі күнге «Егемен Қазақстан», «Халық» газетімен шығармашылық байланыс үзілген емес.
− Оқырманға күлкі жайлы тағы не айтар едіңіз?
Күлкінің түрі көп. Ашық, пасық, мысқыл, қышқыл күлкі бар. Бірақ ең жақсысы, адам өмірін ұзартатыны – шынайы күлкі. Тәңірім халықты шынайы күлкіден айырмасын!
− Сұқбатыңызға рахмет!
 
Әңгімелескен
Гүлдана ЖҰМАДИН
 
29 наурыз 2019 ж. 2 192 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031