» » » Тағамның барлық түрін дайындаймын

Тағамның барлық түрін дайындаймын

  Фараби БАУЫРЖАНОВ, Chicken BauFa Family басшысы:

– Әуелі кәсіп бастау жайлы идея қалай келгенін білсек...
– Мен Тараз қаласының тумасымын. Тұрар Рысқұлов атындағы колледжде қаржы мамандығы бойынша оқыдым. Қызылордаға отбасымызбен көшіп келгенімізге әне-міне дегенше екі жыл болды. Студент кезімде Саид Мұрат Давлатов деген тәжік кәсіпкерін білуші едім. Астанада өз мамандығым бойынша жұмыс істеп жүргенімде бірнеше рет сол кісінің тренингіне қатыстым. Кәсіпкерлік туралы алғашқы ой сол уақытта келген. Одан кейін Ыстықкөлдегі тренингіне бір апта қатысып қайтқанмын. Бірақ Елордада жүргенде қаражат жағы емін-еркін шаруамен айналысуға мүмкіндік бермеді. Қызылордаға келгесін өзім кәсіп ашқым келді. Басында отбасым әртүрлі нұсқаны айтып көрді. Дегенмен аспаздық жақын болғасын чиккен орталығын ашуды көздедім. Былайынша айтқанда бұл іс – менің хоббиім Жалпы, әркім өзінің икеміне қарайды ғой. Мен кішкентай кезімнен тамаққа өте жақынмын. Дайындауға да жеуге де (күліп). Мұнда келген соң қалада фаст-фуд асханалары аз екенін байқадым. Содан бағасына сай, халал, дәмді әрі қалтаға қонымды жаңа бір орталық ашуды ойластырдым. Бұрыннан кәсіппен айналысып келе жатқан кісілер білмеген жерімді үйретіп, бағыт-бағдар берді. Өзім де семинарларға барып, үнемі оқып жүретінмін. Соның арқасында азын-аулақ қаражатпен 2017 жылы қарашада жұмысты бастап кеттік. Қазіргі аяқ алысымыз жаман емес. Мұнан бөлек, Әйтеке би көшесінде тағы бір орталығым бар.
– Кәсібіңізді бастауға кім көмектесті?
– Бұл орталық отбасылық қаржымен ашылды. Ата-анам мен өзімнің жинастырған ақшамен шаруаларымызды ретке келтірдік. Сосын атауында соған қарай қойдым. Chicken BauFa Family деген Бауыржанов Фарабидің отбасылық кәсібі деген мағына береді.
– Кәсіп бастауда қиыншылықтар болды ма?
– Әрине. Бірден үш миллион ақша табу қиын болды. Өйткені Түркия мен Алматыдан қажетті құрылғылар мен заттарды алдырту оңай болмады. Оның үстіне өнімді де Алматыдан алдырамыз. Барлығының халал деген сертификаты бар. Келушілердің аздығы және қаржылық тапшылық біраз қолбайлау болды алғашқыда. Бұл жерді ешкім білмегесін жарнамалау да қиындық туғызды. Ол кезеңнің бәрі артта қалды. Қазір тұрақты тұтынушыларымыз бар.
– Тұтынушы талабымен санасу маңызды. Көбіне қандай тағамдар сұраныста?
– Тауық етінен даярланатын тағамдар. Барынша тез дайын болатын пицца, донер, бургер т.б. секілді фаст-фудтық тағамдарға жиі тапсырыс береді. Бір жағынан мұнда жастар келетін болғасын, бізде сол сұранысқа сай фаст-фудтар даярлаймыз.
– Қанша адамды жұмыспен қамтып отырсыз?
– Үш адамды жұмыспен қамтып отырмын. Апта бойы үзіліссіз жұмыс істейміз. Таңғы сағат он бірден түнгі екіге дейін ашық болады.
– Енді аспаздық өнеріңізге келсек. Қанша тағам түрін дайындай аласыз?
– Мақтанғаным емес. Бірақ барлық тағам түрін дайындай аламын. Одан бөлек торт, пирог, кекс т.б. түрлі тәттілерді дайындау қолымнан келеді.
– Арнайы аспаздық оқыдыңыз ба?
– Жоқ. Мұның барлығы өзімнің қызығушылығымнан туындаған. Алғашқыда анамның қасында қалай даярлайтынын қарап жүруші едім. Содан соң көргенімді қайта жасап шығатынмын. Ең алғаш рет 10 жасымда тамақ істедім.
– Болашақта сізді басқа бағытта көре аламыз ба?  Алдағы жоспарларыңызбен бөлісе кетсеңіз...
– Осы жұмысымды франшиза ретінде байқап көрсем деймін. Барынша қолдану аясын  кеңейткім келеді. Қазақстанның барлдық қаласында осы орталықты ашып, одан әрі дамыту ойда бар. Жалпы ресторан, асхана есебінде ашуды ойластырып жүрмін.
– Өзгелерден бір қадам алда болу үшін не істеу керек?
– Оқу керек. Іздену керек. Мына мамандықты бітірдім, қолымда дипломым бар, болдым-толдым демеу керек секілді. Бұл – кез келген салаға ортақ ұстаным. Өз басым мотивациялық, кәсіпкерлікке байланысты кітаптарды жиі оқимын. Кез келген жерден тың идеялар қарастырып жүремін. Негізі жаңа нәрсені байқап көруге құмармын. Семинар-тренингтерден қалмай, әрқайсысынан тәжірибе жинақтап жүремін. Үнемі алға жылжып, өзіңді дамытып отыру заман талабы ғой. Әйтпесе тоқырап, жұрттың соңында қалып қоясыз.
– Фараби, жастарға берер кеңесің бар ма?
– Өз жүрегіне құлақ асу қажет. Көп адам мамандыққа салғырт қарайды. Жаны қаламаған мамандыққа түсе салады. Ал белгілі бір дәрежеге жету үшін өз ісіңде алда болу керек. Ал ондай мүмкіндікке сүйікті ісіңмен айналысқанда ғана ие боласың. Оның үстіне жұмыстан шаршамайсыз. Керісінше сол жұмысты істеу арқылы ләззат аласыз. Азанда қиналмай, жұмысқа өз еркіңізбен тұратындай болу керек.
– Он жылдан кейін өзіңізді қалай елестетесіз?
– Ең бірінші, адал әрі иманды жар жолықтырып, бақытты отбасын құрғым келеді. Одан соң осы кәсіпті дамытып, елімізге танымал кәсіпкер болғым келеді.
Ақтілек БІТІМБАЙ
12 сәуір 2019 ж. 1 854 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031