» » » Режиссер – логиканың адамы

Режиссер – логиканың адамы

  Жансая Ұланқызы, "QYZYLORDA" телеарнасының режиссері:

– Сіздің ойыңызша, қазіргі қазақ телевизиясы режиссурасының басты мәселесі неде?
– Осы мәселе қазір өте көп талқыланып жүр. Менің ойымша әріптестерімнің көпшілігінде шығармашылық ізденіс кемшін. Олар үшін  шетелдің бағдарламалары дайын үлгі болып тұр. Соны алады да өз жанынан ештеңе қоспай-ақ жұртқа ұсынады. Бұл сөзіме әлеуметтік желіде кең таралып жатқан бейнероликтер мен бағдарламалар айғақ бола алады.   
– Көрермен көбіне тілші мен телеоператорды таниды.  "Көрінбейтін майданның" жауынгерлері сияқты режиссер мамандығының біз білмейтін қыры көп пе?
– Режиссердің жұмысы негізгі үш бөліктен тұрады. Алғашқысы, өз идеясын айта отырып, редакторлармен бірлесе сценарий жазу. Екіншісі түсірілім алаңындағы жұмыс. Бұл тікелей бейнеоператорлар мен жарық қоюшы және дыбыс режиссерімен бірлесе, бір түсірілім алаңында жүзеге асады. Түсірілген бейнематериалды монтаж үстелінде қайта құрастырып, жинақтау және оны көркемдеу, дыбыспен әрлеу үшінші кезеңіне жатады. Бұл жерде режиссер өзінің негізгі қолтаңбасын көрсете алады.  Режиссердің негізгі міндеттерінен бөлек, ол барлық саладан хабардар болуы қажет және әрдайым ізденісте болу керек. Көгілдір экран арқылы көрерменге жол тартатын әрбір бейнематериалға режиссер тікелей жауапты. Сондықтан да ең алдымен жауапкершілікті сезіну керек. Сондай-ақ тікелей эфир барысында режиссердің шапшаңдылығы, қаншалықты ұшқыр ойлы екендігі анық байқалады. Режиссер – логиканың адамы.
– Бұрынғы мен бүгінгі режиссері айырмашылығы неде?
– Қиялдың өзіне шектеу қойған бұрынғы кезеңде режиссерлер белгілі бір шеңбер аясында, тек қана ақпаратты ғана жеткізіп отырды. Бүгінгі режиссерларға еркіндік мол, стилистика жағынан және авторлық бағдарламаларды ашуға мүмкіндік көп. Оның үстіне жаһандану заманындағы жаңа технологиялар бізге еркін жұмыс жасап, идеямызды еш кедергісіз жүзеге асыруға сеп.
– Өнер құрбандықты талап ететінін бәріміз білеміз. Жанкешті режиссерларды көре алып жүрсіз бе?
– Барлық режиссер жанкешті деп айтар едім. Себебі әрбір туынды оның идеясынан бастау алады. Бір ғана кадр үшін жүздеген шақырым басып өтетін кездер болады. Ондайда күннің қабағын бағып тұрмайтыныңыз тағы анық. Осыдан да шығар, кез келген адам режиссер бола бермейді. Мінезді, күш-қайрат, жігері мықты адамдар таңдайды бұл мамандықты.
Рейтинг қуған арналар түрлі шоуларға, гламурға, сенсацияға қарай ойысып бара жатыр. ТВ қоғамды тәрбиелеуші рөлінен айырылып қалған жоқ па?
– Телеарна ешқашан негізгі идеологиядан алыстамайды.Тәрбие құралы ретінде де өзінің күшін жоймайды. Жарты ғасырдан астам тарихы бар қазақ телевизиясы бірнеше жылдар бедерінде көрерменге мазмұнды, мәнді бағдарламалар ұсынып келеді. Бұл жұмыстардың қазір ерекше қарқын алғанын көзі қарақты көрермен көріп жүр. Мәселен, өзім қызмет жасайтын «Qyzylorda» телеарнасындағы мен режиссерлік ететін «Марламқаш», «Ой таным», «Туған өлке», «Жастар time» бағдарламаларының көрерменге, өскелең ұрпаққа беретін тағлымы мен тәрбиесі мол деп айтар едім. Әрбір шығарылымнан кез келген көрерменіміз өздеріне қажетті дүниелерді алады деген сенімдемін. Сенсацияға келетін болсақ, бәсекелестік барлық жерде болу керек. Бұл – заман талабы, көрермен сұранысы. Ең бастысы моральдік принциптерден аттамау қажет.
–  Қазақта «Таң атпайын десе де, күн де қоймайды» деген бар ғой. Қазір қай салада да заман ағымына сай болып жатқан жаңалық көп. Болашақтың режиссурасы жайлы ойыңыз?
– Болашақтың режиссурасы болашақтың еншісінде. Қазір өзіндік көзқарасы қалыптасқан режиссерлер бар. Олар экшнға, иллюзия көп мән береді. Көп ұзамай виртуалды телеарналар ашылып, қазақ телевидениесі жаңа белеске еркін шығатынына сенімім мол.
Ерхан АҚЫН
02 шілде 2019 ж. 882 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031