» » » Аудан орталығына мобильді орталық көмектеседі

Аудан орталығына мобильді орталық көмектеседі

   Айдын Қайруллаев:

– Бүгінде мемлекеттік қызметтердің басым бөлігі «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясында көрсетіледі. Жұмыстың көптігі қызмет сапасына әсер етпей ме?
– Қазір корпорация арқылы мемлекеттік Реестірдегі 742 қызметтің 635-і, яғни 85 пайызы көрсетіледі. Осы қызметтердің 532-сі электронды форматта қолжетімді. Бұл мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасын арттырып, оңтайландырды. Жыл соңына дейін корпорация қызметтерді электронды форматқа көшуді 71 пайыздан 80 пайызға, ал 2020 жылы 90 пайызға дейін жеткізуді жоспарлап отыр.
Мемлекеттік қызметтерді оңтайландыру аясында іске қосылған пилоттық жобалардың бірі - проактивті форматта туу туралы куәлік рәсімдеу. Жоба іске қосылғаннан бері облыс бойынша 4862 тұтынушы Мгов базасына тіркеліп, сәбилі болған 2376-ден аса анаға проактивті қызметтерді алуға SMS-ұсыныс жолданды. Туу туралы куәлік 2321 адамға табысталып, балабақша кезегіне 820 бала тіркелген. Бүгінде «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік қызметтерді ұсынудың барлық арнасын қамтамасыз етуде. Мысалы egov.kz электрондық үкімет порталы, Telegram-бот мобильді қосымшасы, мемлекеттік қызметтерді көрсету мәселелері жөніндегі 1414 бірыңғай байланыс орталығы сияқты мемлекеттің халықпен байланыс арналары бар.
Өзіңіз айтқандай, қажетті анықтамаларды смартфон арқылы алу өте тиімді. Осы қызмет түрі халық арасында қалай насихатталып жатыр?Бүгінде қызылордалықтардың электронды қызмет алу көрсеткіші қандай деңгейде?
– Қызметтерді арнайы қосымша арқылы ХҚО-ға бармай-ақ  алу өте ыңғайлы, уақытыңыз бен жол шығынын үнемдейді. Алайда бір ғана анықтама үшін орталыққа келіп жүрген азаматтар әлі бар. Сондықтан тұрғындардың цифрлық сауаттылығын арттыру және қызметтерді электронды форматта алу бойынша филиал мамандары оқыту-түсіндірме жұмысын тұрақты жүргізуде. Біздің мамандармен адам көп шоғырланған орындарда электронды үкімет порталы арқылы көрсетілетін қызметтерді насихаттау бойынша кең көлемді акциялар ұйымдастырылып тұрады. Филиал мамандары оқу орындарына, меншік иесіне қарамастан еңбек ұжымдарына, банктерге, медициналық ұйымдарға, әскери бөлімдерге барып халықтың цифрлық дағдысын арттыру бойынша оқыту шарасын өткізеді. Бүгінгі таңда облыс бойынша жалпы саны 67 мыңнан аса азамат арнайы қысқамерзімді курстан өтіп, электронды сертификат алды.
– Шалғай елдімекен тұрғындарына мемлекеттік қызметтер қаншалықты қолжетімді?
   – Аудан орталығынан 40 шақырымнан асатын шалғай елдімекен тұрғындарына мобильді халыққа қызмет көрсету орталығы қызмет көрсетеді. Ол үшін сол елдімекен әкімдігінен қажеттілікке байланысты сұраныс болу керек. Мобильді топ ауыл тұрғындарына қызмет көрсетумен қатар, электронды үкімет порталы арқылы анықтама алу жолдарын қоса үйретеді. Соның нәтижесіндебылтырғы жылдың 6 айында 479 іс-сапар жүзеге асырылып,  21 мың мемлекеттік қызмет көрсетілсе, 2019 жылдың 6 айында 390 іс-сапарда 13 мың мемлекеттік қызмет көрсетілген. Оқыту шаралары өз нәтижесін көрсетіп, іссапар саны мен көрсетілген қызметтер саны едәуір азайғаны байқалады. Ауыл тұрғындары анықтамарды электронды портал немесе мобильді қосымша арқылы алуды үйреніп келеді.
     – 1 шілдеден бастап көліктерді тіркеу және жүргізуші куәліктерін беру құзыреті «Азаматтарға арналған үкіметке» берілді. Осысалада атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталсаңыз.
–  Электронды үкімет порталында 1531 қызылордалық жүргізуші куәлігін онлайн түрде рәсімдеп, дәл осы форматта 1839 автокөлік тіркелді.
   – Жыл басында Қызылорда қаласында көші-қон қызметінің орталығы ашылды. Осы орталықтың жұмысы қалай жүріп жатыр?
   –Шетел азаматтарына бір ғана жерден бірнеше мемлекеттік қызмет көрсетуді көздейтін орталықта мемлекеттік корпорацияның қызметкерлерінен бөлек, миграциялық қызмет комитетінің және медициналық ұйымның мамандары орналасқан. Бұрын шетелдік еңбек мигранттары тиісті тіркеуге тұру үшінәр мекеменің табалдырығын тоздырып, бірнеше күнін жоғалтатын.Ал қазір барлық қызмет бір ғимараттың ішінде, бас-аяғы бірер сағатта рәсімделуде.
Әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы жаңалықтарға да тоқталып өтсеңіз?!
    – 1 шілдеден бастап мүгедек баланы тәрбиелеп отырған ата-анаға тағайындалатын жәрдемақы мен бала кезінен I топтағы мүгедекке күтім көрсететіндерге берілетін жәрдемақы көлемі өсті. Жәрдемақының қайта есептелуін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының мен Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші қон комитетінің аймақтық департаменті автоматты түрде жүзеге асырды, бұл үшін жәрдемақы алушылар тарапынан қосымша құжат тапсырудың қажеті жоқ.
Бүгінде мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасылар күн көріс көлемінің 1,05 мөлшерінде 31 183 теңге жәрдемақы алып отыр. 1 шілдеден бастап оның көлемі 10 395 теңгеге өсіп,41 578 теңгені құрады.
– Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу функциясы Әділет министрлігінен корпорацияның құзіретіне берілгенінен хабардармыз. Осы туралы түсіндіре кетсеңіз.
   – Шағын кәсіпкерлік субъектісіне жататын заңды тұлғаларды алғашқы тіркеу тіркеуші органның қатысуынсыз egov.kz электрондық үкімет порталында электрондық форматта жүзеге асырылады. Тіркеу іс-әрекетінің қалған түрлері, атап айтқанда акционерлік қоғамды, мемлекеттік кәсіпорынды, барлық коммерциялық ұйымды мемлекеттік қайта тіркеу, тарату, филиалдар мен өкілдіктерді есептік (қайта тіркеу) тіркеу қызметтері құжаттардың қолданыстағы заңнамаға сәйкестігі туралы құқықтық сараптама жүргізуді талап етеді. Сондықтан «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының заңгерлік білімі бар қызметкерлері арнайы оқытудан өтті. Филиалға Әділет Департаментінің заңды тұлғаларды тіркеу бойынша 5 қызметкері жұмысқа қабылданып, шілде айынан бастап 121 мемлекеттік  қызмет көрсетілді.
Айта кету керек, функцияларды мемлекеттік корпорацияның құзырына беру республикалық бюджеттен қаржыландырылмай жүзеге асырылады.
   – Сұхбатыңызға рақмет!
Әңгімелескен Бекбол ҚАЛАСОВ
11 қазан 2019 ж. 783 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930