Теміржол темірдей тәртіпті талап етеді
– Әңгімемізді сіз өскен ортадан бастасақ...
– Мен Арал ауданы, Сексеуіл кентінде туып өскем. Отбасылымын. Екі ұлым бар. Қазіргі таңда өсіп-өнген ауылымда, өз саламда қолымнан келгенше қажырлы еңбек етіп жатырмын. Мамандығым – электр және газбен дәнекерлеуші. «Қамқор Локомотив» серіктестігінің Сексеуіл локомотив жөндеу депосында жұмыс істеймін. Қарапайым темiржолшы отбасында дүниеге келген соң, шойын жолдың тарихы таңсық емес. Өйткені теміржол біздің ауылдың үстімен өтеді. Көзiмiздi ашып, ес бiлгелi берi пойыз ғой көргеніміз. Біздің даланың дүркіретіп тыныштығын бұзатын осынау шұбатылған пойыздарға өкпем болған емес. Себебi, шағын ауылдың халқы өз нанын темiр жол арқылы тауып, темiр жол арқылы өсті. Әкем де осы саланың майталманы болған.
– Бұл салаға қалай келдіңіз? Әлде ұрпақтар сабақтастығы әсер етті ме?
– Әрине, оның да ықпалы тиді. Өзі менің әкем осы салада 30 жыл өмірін сарп етті. Дәнекерлеуші болып қызмет етті. «Әке көрген оқ жонар» деген сөз бар ғой. Бала күнімнен әкемнен теміржолшының қызығы мен қиыншылығы туралы жиі еститінмін. Міне осыдан кейін менің де қызығушылығым арта түсті. Бұл салаға бетбұрыс жасауыма әсер еткен тағы бір дүние бар. Ол әкемнің инсульт алуы. Сол кісі науқастанып қалғаннан кейін орнына мен келдім. Бір жағынан жастарға үлгі болғым келді. Әйтпесе қазір бәрі экономист, заңгер секілді жаны қиналмайтын, мол табыс табатын саланы таңдайды ғой. Мен қарапайым жұмыспен-ақ, адамның ықылас пен жігері болса алынбайтын асу, бағынбайтын биік болмайтынын дәлелдегім келді. Әр саланың өзіндік ауыртпалығы бар. Тек табанды еңбек етіп, қиындықтарға төтеп бергенде ғана бастаған ісіңнің жемісін жеуге болатынын көрсету еді. Ол ойыма жеттім деп ойлаймын.
– Жалпы теміржолшы мамандығының өзгеден ерекшелігі неде?
– Тәртіпте. Өйткені, теміржолшы қысы-жазы ауа райының тосын мінезіне қарамай, халық шаруашылық жүгін, жолаушылар тасымалдауда ерекше маңызға ие. Жүктелген міндетті абыроймен атқару қажет. Ал ол үшін тәртіп қатаң сақталу тиіс. Сапарға шыққан мыңдаған адамның өмірі теміржолшылардың жауапкершілігінде болатынын білесіз ғой. Ал оның бұзылмауына тікелей ықпал ететін біздің жұмыс. Қанша қиын жұмыс болса да, бала күнімде осы саланың жілігін шағып, майын ішкен білікті маман болсам деп армандаушы едім. Қазір сол арманыма күн санап жақындап келе жатқандаймын.
– Апат айтып келмейді. Теміржол торабында да түрлі апаттық жайттар, түрлі олқылықтар кетіп жатады. Сізде осындай қиындықтар болды ма?
– Қай заманда да мүлтіксіз нәрсе болған емес. Әйтеуір бір кінәрат табылады. Ол техникалық ақау немесе жұмысшы тарапынан кететін қателік болуы мүмкін. Тек осылардың алдын алып, үнемі сақтық шарасын жасап жүру керек. Өз жолымда айтарлықтай қиындыққа тап болған емеспін. Бірақ осындай жайттарды естіп, көріп жатамыз.
– Менің теміржолшы үлкен ағаларым бар. Кейде қолдарына орысша ақпарат жазылған кітаптарды оқып жүретінін байқаймын. Сұрасам, тест тапсыру үшін дайындалады екен. Жалпы сіздерде барлығы орыс тілінде ме? Білгім келгені, теміржолшыларды даярлауда қазақша әдебиеттер жеткілікті ме?
– Иә, жеткілікті. Қазақша кітапты оқу арқылы меңгердік қой осы саланы. Әйтпесе менің әкемнің кітап сөресінде теміржол туралы орысша том-том еңбектер бар. Қазір шүкір ғой. Жас маман даярлауда отандық ғалымдардың еңбегі қолданылады. Өйткені жыл санап, бұл саланы зерттейтін ғалым мен профессор саны артып келеді. Өз басым осыған қуанамын.
– Уақытпен санаспай қызмет етесіз. Жалпы теміржолшы айлығы еңбегіне тати ма?
– Дұрыс айтасыз. Біздің жұмыс мейрам, демалыс дегенге бағынбайды. Бірақ негізгінен бес күн жұмыс істеп, екі күн демаламыз. Осылайша шойын жолда шыңдалып, таңды таңға ұрып жүре береміз. Бүге-шүгесіне дейін айтпай-ақ қояйын, бірақ, жалақымыз қажетімізді өтейді деп толықтай айта аламын.
– Алдыңғы қатарлы озат маман болу табиғаттан берiлген сый ма, әлде жақсы адамдардың көмегiнiң арқасы ма?
– Екеуi де бар шығар. Әуелi Құдай, сосын өмiрiмде жолыққан жақсы кiсiлердiң көмегi көп тидi. Алғаш жұмысқа орналасқаныма бағыт-бағдар берген адамдардың септігі мол. Өзімде алдыма мақсат қойсам, соған жетпей тынбайтын жақсы қасиетiм де бар. «Отызда орда бұзбасаң, қырықта қамал алмайсың» демей ме қазақ?! Теміржолшы білу керек дейтін барлық дүниені үйреніп, белгілі бір нәтижеге жеткім келетін. Жақында алған «Сыр үміті» сыйлығы да соның бір нәтижесі деп ойлаймын. Ол да еңбектің еленгені деп білемін.
– Кез келген жұмыстың «ішкі асханасы» болады. Өз салаңыздың қызығы мен қиыншылығы туралы не айтасыз?
– Электргазбен дәнекерлеу сырт көзге оңай болып көрінгенмен оған да ыждақаттылық, ептілік қажет. Ақау шыққан вагондарды жөндеуде екі темірді бір-біріне жалғап, дұрыстап дәнекерлеу маңызды рөл атқарады. Жалпы мен үшін жұмыстың жаманы жоқ. Тек әр істің берекесін берсін. Әкем осы салаға өмірін арнаған адам дедім ғой. Сондықтан болар, менде өз ісіме деген қызығушылық басым. Ол «дәнекерлеу аппаратын» қолына алып, жарқылдатып жатқанда, қызығып қарап тұратынмын. Кейін Аралдағы №16 кәсіптіктехникалық лицейіндегі алты айлық оқу курсына қатысып, дәнекерлеуші мамандығын игердім. Осылайша 2016 жылдан бастап Сексеуіл локомотив жөндеу депосының газ электр дәнекерлеуші маманы атандым.
– Болашақта басқа салаға мойын бұруыңыз мүмкін бе?
– Қолыңнан келсе, істің артығы бар ма? Бірақ әзірге осы саладан алыстағым келмейді. Балаларым өссе, оларға да осы саланы меңгерткім келеді.
– Қажыр-еңбегіңіздің арқасында оқ бойы озып шығып, жақында ғана «Сыр үміті» сыйлығын алдыңыз. Бұл аламан қалай өтті?
– Мен бұған дейін Астанада республикалық «Еңбек жолы» байқауына қатысып, «Өндірістің үздік жас қызметкері» номинациясы бойынша бақ сынап, министрдің қолынан алғыс хат алғанмын. Ауданда да түрлі марапаттарға ие болдым. Мұның барлығы істеген еңбегімнің, қарапайым болса да салмағы ауыр жұмыстың арқасы деп білемін. Бұл жұмыстың қиындығы да детерлік. Бір күні деподағы су құбыры бұзылып қалды. Сол кездері бір тәулік ұйықтамай, тоқтаусыз жұмыс істегенмін. Сол секілді атқарған жұмыстар көп. Соны ескерген болар. Бұл сыйлықты алам деп кім ойлаған? Осы марапатты алғанымда әкем менен қатты қуанды. Үмітімді ақтадың деді. Демек, менің алға қойған басты мақсатымның бірі орындалды.
– Осы жеңістен кейін жаңа бір мақсаттар қойған шығарсыз...
– Әрине. Бұл жеңіс маған бұрынғыдан да қатты сенімділік әкеліп, жаңа бір шыңды бағындыруға деген үміт отын жақты. Енді бұданда жоғары биіктен көрінуге тырысамын. Алда тағы осындай жобалар болса, жұмысымның жемісін көрсетер едім.
– Әдебиеттің төңірегіндегілер болмаса, басқа маман иесі кітап оқи бермейді ғой. Сіз ше?
– Мен мектепте озат оқушы болғанмын. Жұмысым теміржолшы болғанмен шығармашылықтан алыс емеспін. Қолым қалт етсе, кітап оқимын. Анда-санда өлең шығарып, ән айтатыным да бар.
– Соңғы сауал. Елге қандай да бір жаңалығыңыз бар ма? Бөлісе кетсеңіз...
– Әзірге айтарлықтай ештеңе жоқ. Жалпы алдағы уақытта елбасымен жүздессем деген арманым бар.
Ақтілек БІТІМБАЙ