Алмас Бердібаев, машинист: Шойын жолда шыңдалдым
Алмас Бақтыбайұлы Қызылорда қаласында дүниеге келген. И.Әбдікәрімов атындағы Қызылорда аграрлық техникалық колледжінде «Тепловоз шаруашылығы» мамандығы бойынша білім алған. Бүгінде осы салада қажырлы еңбек етуде.
– Темірдей тәртіпті талап ететін бұл салаға қалай келдіңіз?
– Рас айтасыз. Теміржолшы мамандығының өзгеден ерекшелігі бұл – тәртіп. Бауыржан Момышұлы: «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бас иген құл болмайды» дегеніндей, теміржолда темірдей тәртіп қалыптасқан. Өйткені, теміржолшы қысы-жазы ауа райының тосын мінезіне қарамай, халық шаруашылық жүгін, жолаушылар тасымалдауда ерекше маңызға ие. Жүктелген міндетті абыроймен атқару қажет. Ал бұл салаға қызығушылығым бала күнімнен қалыптасқан. Поездға мініп, ел аралап, қыдырғанды ұнататынмын. Тәуелсіздік алмаған жылдары поезд айдайтындардың барлығы өзге ұлт өкілі болатын. Ал қазақтар жалдамалы жұмысшы немесе жол серік қызметінде істейтін. Бала болсам да, өзімше намыстанып, машинист боламын деп алдыма мақсат қойдым. Бүгінде сол бала арманыма жетіп, осы салада еңбектеніп келемін.
– Қазақта Мұхамеджан Тынышбаев сынды теміржол саласының дамуына үлес қосқан, даңқын асырған теміржолшылар аз. Мұның себебі неде?
– Атам қазақ «заманына қарай адамы» деп жатады. Мұхамеджан Тынышбаевтың даңқын асырған – оның білімі. Ол теміржол саласымен шектеліп қана қалған жоқ. Керісінше, тарихты терең зерттеп, ұлттық мүддеге айрықша мән берді. Бүгінде маңызын жоймаған Түрксіб, одан басқа бірнеше маңызы бар құрылыстың салынуына білгір маман ретінде еңбек етті. Бүгінде ауқымды магистральді жолдар бірен-саран салынады. Содан болар тарихта есімі қалатын маман жоқтың қасы. Сонымен қатар, теміржол саласы қызметкерлері ортақ еңбекке, нәтижеге жұмыс істейді. Осы салада аянбай тер төккендерді Елбасының өзі арнайы құттықтап, жас мамандарға пәтер кілтін табыстады. Мұның өзі бұл саланың дамуына тың серпін берді. Дегенмен алдағы уақытта бұл саланың дамуына сүбелі үлес қосатындар саны артады деген сенім бар.
– Бұрын теміржол саласы ерлердің мамандығы саналатын. Алайда, соңғы жылдары теміржол саласына нәзік жандылардың қызығушылығы артқан. Бұған көзқарасыңыз қандай?
– Теміржол саласында бүгінде игі істер көп. Мақсат – саланы заманауи талаптарға сай, бәсекеге қабілетті ету. Темір жол саласының Қазақстан экономикасын дамытудағы маңызы бұрын қандай болса, еліміз экономикасын әртараптандырып, индустрияландыруға көшіп жатқан қазіргі уақытта да, келешекте де салмағы артатыны анық. Бүгінде «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясында 34 мың әйел еңбек етеді. Олардың 2700-і басшылық қызметте. Жолаушыны билет кассында күтіп алатын, пойызда жолсерік ретінде алып жүретін, пойыз қозғалысын қамтамасыз ететін, станция кезекшілігін атқаратын, пойыз диспетчері, жүк және багажды қабылдап алып жөнелтетін, электромеханикте – әйелдер. Саланың дамуы экономикалық шешім қабылдаумен қатар кадр мәселесін де шешеді. Бұл салаға әйелдердің келуі олардың ұқыптылығын, қатал тәртіпке мойымайтынын дәлелдеді.
– Апат айтып келмейді. Жақында Астанадан Алматыға жол тартқан «Бәйтерек» пойызы Отар және Шу станцияларының арасында апатқа ұшырады. Мұндай олқылықтың алдын алу үшін не істеу керек?
–«Жолаушылар тасымалы» АҚ-ның баспасөз қызметі осы оқиға бойынша тергеу жүргізуде. Инвестициялар және даму министрлігінің көлік комитетінде оқиғаның неден болғанын тексеретін арнайы комиссия құрылды. Ведомствоның мәліметінше, төтенше жағдайға машинистің жолдың қисық жерін көріп, кенеттен тежегішті басуы себеп болған деп мәлімдеді. Негізінде күннің қатты ысуы, теміржолды балқытып, жолдың ойнап кетуіне әкеледі. Мұндай кезде машинист сақтық шарасын қолданған дұрыс.
– Теміржол саласында осы күнге дейін шешімін таппай келген өзекті мәселе бар ма?
– Алысқа бармай, өзімізден бастасақ. Қала тұрғындарына белгілі, «Құлагер» аялдамасына жақын орналасқан бекетте жолаушылар өлімі жиі тіркеледі. Теміржолды кесіп, КБИ мөлтек ауданына жылдам жеткісі келетіндер поезді көрсе де, өтіп кетемін деген оймен ажал құшуда. Дыбыстық белгіге қарамастан, жүгіріп өткен ана мен бала әлі көз алдымда. Мұндай жағдай рөлде отырған жүргізушіні тығырыққа тірейді. Адам өліміне себеп болу оңай емес. Сондықтан құзырлы органға айтарым, бұл мәселенің шешімін тапса екен. Ал тұрғындар сақтық шарасын сақтаса игі.
– «Шойыннан жол салынғалы жатыр, ол жолдың көрінісі домбыраның екі ішегі сияқты болады екен, онымен поезд деген отпен жүретін арба келеді екен» деп Балғабек Қыдырбекұлы «Теміржолшы» кітабында алғаш теміржол саласын әңгімесіне арқау етті. Бүгінде теміржолшыларды даярлауда әдебиеттер жеткілікті ме?
– Рас, біз білім алған тұста орыс жазушыларының әдебиетін жиі қолданатынмыз. Оның өзі қолдан-қолға тимейтін. Бүгінде шүкір жас маман даярлауда отандық ғалымдардың еңбегі қолданылады. Өйткені жыл санап, бұл саланы зерттейтін ғалым мен профессор саны артуда.
– Күн-түн демей еңбектенесіздер. Қызық болып тұрғаны, жалақыңыз қанша?
– (Күліп). Біздің жұмыс мейрам, демалыс дегенге бағынбайды. Осылайша шойын жолда шыңдалып, уақыт сияқты жүйіткіп, ағысқа қарсы жүреміз. Жалақымыз қанша сағат көлікті басқарғанымызға қарай төленеді. Мысалы, айына кемінде 160 сағат жол жүру керек. Осы талап үдесінен шықсақ, 200 мыңнан астам жалақы төленеді.
– Сонда айына қанша күн демаласыздар?
– Әрбір жүргізушіге күніне 12 сағаттан артық көлік басқаруға тыйым салынған. Жылына 52 күн демалсақ, айына бөліп есептегенде 6 күн демаламыз. Жүктелген жұмыс мөлшеріне қарай кейде өзгереді. Еңбек демалысымызда мекеме басқа қалада демалуға жолдама береді.
– Шетелдік «Alstom», «Трансмашхолдинг», «General Elektric» компаниясы «Тальго» компаниясымен бірлесіп жолаушылар вагондарын шығарды. Нәтиже жаман емес. Алдағы уақытта тальгодан қатты жүретін көлік күтуге бола ма?
– Жасыратыны жоқ, жолаушылар бұған дейін елімізде құрастырылатын «Тұлпар-Тальго» вагондарынның тар екенін айтып шағымданатын. Шағымды ескерген компания басшылары былтыр вагондарды жаңа үлгіде құрастырды. Атап айтқанда, ені – 25 сантиметрге, биіктігі – 22,4 сантиметрге ұзарды. Сондай-ақ, мүгедектерге арналған купе мен дәретхана көлемі артып, заманауи үлгіде жабдықталды. Мұның өзі үлкен жетістік. Ал тальгодан қатты жүретін көлікті шығару уақыт еншісіндегі мәселе. Дегенмен, еліміздегі теміржол рельсі қатты жылдамдықты көтермейді. Мәселен, пойыз сағатына қырық, ұзаса алпыс шақырым жылдамдықпен жүрсе, «Тұлпар-тальгоның» жаңа пойызы сағатына жүз алпыс шақырым жылдамдықпен ғана жүреді.
– Кәсіби мерекелеріңіз құтты болсын! Сұқбатыңызға рақмет.
Сұқбаттасқан: Айгүл ӘЛІШЕРОВА