ЖАСТАР АУРУ САЛМАҒЫН СЕЗІНЕ ҚОЙМАЙДЫ
Әйгерім ШЕГЕБАЙҚЫЗЫ, терапевт-дәрігер:
«Медицинаға жақын болған соң саламатты өмір салтын қатаң ұстанамыз. Дені сау адам ‒ қоғам байлығы, сондықтан науқас ауруынан толық жазылғанда қуанышымыз еселей түседі, бірақ жұмыс барысында қобалжу да болатыны рас» дейді жас дәрігерлер. Нұржігіт Құттымұратұлы мен Әйгерім Шегебайқызының Арал ауданында еңбек еткеніне көп бола қойған жоқ. Әйтсе де бірі аудандық емханада невропатолог, бірі Абай ауылдық емханасында терапевт болып халыққа қызмет көрсететін жас отбасымен жастардың денсаулығы турасында әңгіме қозғадық.
‒ Нұржігіт, қазір аудан көлемінде жүйке ауруларының қандай түрлері жиі кездеседі?
‒ Бүгінде аудан, ауылдарда инсульт, эпилепсия ауруымен шағымданатын тұрғындар көп. Өзіңізге белгілі, инсульт– ми қанайналымының бұзылуы нәтижесінде пайда болатын ауру, яғни мидың белгілі бір бөлігіндегі қанайналым төмендейді немесе толығымен тоқтайды. Инсульт көп жағдайда қан қысымының жоғарылауынан және қан тамырларының жарылу салдарынан болады. Аурудың басты себебіне жүрек қағысының бұзылуы, артериялық гипертензия, қант диабеті, адам денесіндегі артық салмақ әсер етеді. Осы факторлар ми қанайналымының бұзылуына әкеледі, сол үшін ағзадағы өзгерістерді бақылау отыру маңызды. Ал эпилепсия ауруының себебі әлі нақты анықталмаған. Көп жағдайда баланың ана құрсағында немесе дүниеге келгеннен кейін миында ісік болуынан, ми шайқалғаннан немесе қабынуынан, мидың әр түрлі ауруынан (менингит, арахноидит, арахноэнцефалит) пайда болуы ықтимал.
‒ Горманалды, диеталық және жөтелге қарсы дәрі-дәрмектің өзі жүйке жүйесіне әсер етеді екен. Бұл қаншалықты рас?
‒ Осы аталған дәрі-дәрмектер тағайындалған дозадан артық қабылданғанда ғана жүйке жүйесіне әсер етеді, сондықтан әр дәріні сақтықпен қолдану керек.
‒ Вирус арқылы ауада таралатын нерв жүйесінің аурулары қандай? Есте сақтау қабілетінің төмендеуі қандай себептен пайда болады? Әрі оны қалпына келтірудің жолы қандай?
‒ Менингококкты менингит ауруы вирус арқылы таралады. Менингококк – мұрын мен жұтқыншақтың шырышты қабығында болатын, әрі бір адамнан келесі адамға тез берілетін қауіпті бактерия. Миннгитті халық арасында «миқұрт» деп те атайды, бұл дерт көп жағдайда шешек, мысқыл (шықшыт безінің қабынуы), көкжөтел немесе құлақтың қабынуы тәрізді аурулардың асқынуынан пайда болады. Сол үшін қыс мезгілінде суықтан қорғанып, иммунитет ауруға төтеп беру үшін дұрыс тамақтанған абзал.
Сондай-ақесте сақтау қабілетінің төмендеуіне де құлақтың қабыну аурулары әсер етеді. Оны емдеу ауруды тудырған себепке байланысты жүргізіледі.
‒ Жүйке жүйесінің бұзылуына күнделікті тағамда дәрумендердің аз болуы да ықпал етеді екен. Нервтар дұрыс жұмыс жасау үшін қандай тағам тұтыну қажет?
‒ Мүмкіндігінше жылқы еті және балық өнімдерін қолданған дұрыс. Әрі жеміс-жидек пен көкөністер, табиғи өнімдер ағзаға қуат береді.
‒ Әйгерім, әдетте емханаға барған сәтте алдымен терапевт дәрігерге тексерілуге жібереді. Осы орайда терапевтті барлық
ауру түрлерінен хабардар маман деп қарастыруға болады ма?
ауру түрлерінен хабардар маман деп қарастыруға болады ма?
‒ Аймақтық дәрігер атану бірнеше жауапкершілікті қатар жүктейді. Себебі науқастанған адам үшін алғашқы шешімді терапевт қабылдайды. Ем алушыға қандай көмек керегін анықтау мен аурудын алдын алу жолы, асқынуды болдырмау жағдайы, сондай-ақ ауыр науқастардың үйіне барып, халін білу, уақытылы емдеу де аймақтық дәрігердің міндетіне кіреді.
‒ Соңғы уақытта аурулар жасарып кетті дегенді көп естиміз. Жастарға жиі қойылатын диагноз түрлеріне тоқталсақ..
‒ Қазір жастарда артериялық қан қысымы,онкологиялық аурулар, жүрек-қан тамыры аурулары, жарақаттан кейінгі жағдайлар жиі кездеседі. Себебі адам жас кезінде аурудың салмағымен қауіптілігін сезіне қоймайды. Көп жағдайда асқынған соң немесе скринигтік тексерілуден өте кезде ғана шағым айта бастайды. Сол үшін дәрігерге уақытылы тексеріліп, денсаулыққа жіті мән берген дұрыс.
‒ Технология дамып, дәрі препараттары көбейген тұста белгісіз дерттер жиілеп кетті. Осы орайда дәріні көп тұтынудың зияны қандай?
‒ Қандай дәрі болмасын ағзаға түскен соң бәрі бірдей бауырға өтеді. Дәріні шектен тыс көп қолдану ағзаға токсин түрінде әсер етеді. Өйткені дәрілік заттар бір-бірінің әсерін күшейтеді немесе кері әсер етіп, құрамын өзгертуі мүмкін.
‒ Жақында адамның өмір жасының ұзақ болуына қан тамырларын (сосуд) тазартып отырудың пайдалы екенін естідім. Қан тамырлары қалай тазаланады?
‒ Қан тамырларын тазалаудың тікелей әдістері жоқ. Алайда оның алдын алу үшін дұрыс тамақтанып, майлы жане тұзды тағамдарды аз мөлшерде қолдану керек. Егер қан тамырларында атеросклероз болган жағдайда статиндер тобына жататын дәрілер тағайындалады.
‒ Бұрын буын ауруы үлкендерді ғана мазаласа, бүгінде жастар арасында да бұл сырқаттың кездесетінін көріп жүрміз. Одан қалды қатерлі ісік те үрей туғызады. Бұл жастардың иммунитеті ауруға төзуге қауқарсыз деген сөз бе? Мұндай аурулар қалай, не себепті пайда болады? Дәрігер ретінде жастардың денсаулығын күтуге байланысты пайдалы кеңеспен бөліссеңіз...
‒ Соңғы кезде заманауи технологияның дамуына байланысты адамдардың өмір сүру дағдысы өзгерді. Бұрын адамдар қолдан жасалған табиғи өнімдерді тұтынса, қазір оның орнын жасанды, тез дайындалатын тағамдар ауыстырды. Жастарда буын ауруларының көп кездесуінің себебі де қарапайым. Мәселен, қозғалыстың аздығы, жаяу журмеудің салдарынан осындай аурулар жиі кездеседі. Жастар күніне кем дегенде 3 км жаяу жүрсе, тек буын емес барлық аурудың алдын алар еді. Таза ауа, құнарлы тамақ, жақсы ой денсаулықты нығайтып қана қоймай, ұзақ өмір сүруге кепіл бола алады.
Гүлдана НҰРТАЙҚЫЗЫ