» » » ТРАНСПЛАНТАЦИЯ ‒ ЕМДЕУДІҢ БАЛАМА ЖОЛЫ

ТРАНСПЛАНТАЦИЯ ‒ ЕМДЕУДІҢ БАЛАМА ЖОЛЫ

Нұр-Сұлтан қаласындағы Ұлттық ғылыми медициналық орталықта жаңа технологияның көмегімен ағзаға бағаналы жасушаларды енгізу қолға алынғалы көп болған жоқ. Нәтиже жақсы, бір қуантарлығы орталықта мемлекет тарапынан тегін емделуге мүмкіндік бар. Осы аптада сүйек миының аутологиялық бағаналы жасушаларын трансплантациялау тақырыбында дәрігер-терапевт, ревматолог, медицина ғылымдарының магистрі Салтанат Аманбекқызымен әңгімелестік.

       ‒ Қоғамның басты байлығы ‒ ұлттың саулығы. Тұтастай бір мемлекет үшін маңызды салаға сіз қалай келдіңіз?
‒ Сырдария ауданы, Тереңөзек кентінде өскен менің медицинаға келуіме өмірлік ұстазым әкем мен анам себепші болды, сол үшін ол кісілерге үлкен рақмет айтамын. Әулетімізде анам Кенжегүл Ермаханқызы мен үлкен апам Күләш Бәкірқызы жоғарғы санатты, облысқа белгілі дәрігерлер. Бүгінде "ҚР денсаулық сақтау iciнiң үздiгi" атанған анамның жанында жүріп, осы мамандықтың қызығы мен қиындығын қатар көрген соң, медицина саласына ерекше қызықтым. Қазір дәрі егетін шприц денеге байқаусызда кірсе, инфекция енеді деп қорқамыз ғой, ал бала кезде ондай ұғым болмайтын. Сондай бейқам, кішкентай кезде анамнан шприц алып, ішіне су толтыратынмын. Сосын аю ойыншығымды ауырып қалды деп,  өзімше емдеп, тәжірибе жасайтынмын. Соңында ойыншығым малмандай су болған соң, оны сығып қайтадан кептіріп қоюшы едім. Осындай балалықпен басталған қызығушылық кейін үй жағдайында туысқандарымды емдей алатын дәрежеге жеткізді. Мен тіпті мектеп қабырғасында жүргенде дәрі егуді меңгеріп алдым. Сондықтан анамды медицинадағы бірінші ұстазым деп есептеймін. Мектеп бітірген соң Астана медициналық университетіне оқуға түстім. Бұл жақта жеті жыл үздік оқып, Нұр-Сұлтан қаласындағы №1 калалық емханаға терапевт дәрігер ретінде жұмысқа қабылдандым. Ол жақта университеттегі білімімді жетілдіруге білікті дәрігер Алма Тоқтарбайқызы көп көмектесті. 2014  жылы осы Ұлттық ғылыми медициналық орталыққа жұмысқа орналастым. Бұл жерде Салтанат Кеңесқызы, Наталья Алексеевна, Қарлығаш Оразәліқызы сынды тәжірибелі дәрігерлердің кеңесін алып, халыққа қызмет көрсетудемін.
        ‒ Адам ағзасын зерттеу ‒ күрделі ғылым. Ал оны емдеу тәуекелді қажет ететіні рас. Науқас үшін шешім қабылдауда қорқыныш бола ма?
‒ Сенсеңіз, дәрігерде қорқыныш күн сайын кездеседі. Ол әр тәулік сайын зор жауапкершілікпен бетпе-бет келіп отырады. Әсіресе науқасқа ем жазып берген сәтте «оны емделушінің ағзасы қалай қабылдайды, қандай реакция беруі мүмкін?» деп алаңдайсың. Орталықтағы жұмыс уақыты таңертеңгі сағат 8.00-ден кешкі 17.00-ге дейін болса да, күн ұзаққа  науқастың жағдайын қадағалап жүру қалыпты жағдайға айналады. Тіпті кейде науқасты ойлап, таңертеңге дейін ұйықтамайтын  кездер де болып тұрады.
Қазір науқастар арасында түсініксіз диагноз көп. Сондықтан күнделікті медициналық кітаптар оқумен қатар, жаңа технологиялық тәжірибелерді жиі үйреніп отырамыз. Дәрігер ешқашан университеттегі білімімен тоқтап қалмайды, себебі медицина өмір бойы оқуды қажет етеді. Мысалы, мен жеті жылдық оқудан соң магистратураға құжат тапсырып, «Жүйелі склеродермия диагнозын сүйек миының аутологиялық бағаналы жасушалар трансплантациясын қолдану арқылы емдеу» тақырыбында диссертациялық жұмысымды жаздым. Яғни, сүйек миының аутологиялық бағаналы жасушалар трансплантациясы науқасқа қалай әсер етеді, одан кейін ағзада қандай өзгерістер болады деген сұрақтарға жауап іздедім. Осы тақырыппен Санкт-Петербургта өткен халықаралық ревматологтардың конгресіне  қатысып, 800 қатысушының арасынан І орын иелендім. Көптеген ғалымдар бұл тақырыптың өте актуалды мәселе екенін айтып, жоғары баға берді.
 ‒ Ал жүйелі склеродермия диагнозын зерттеуге не ықпал етті? 
‒Жүйелі склеродермия ‒ терінің, ішкі ағзалардың фиброздық-склероздык өзгерістерімен және Рейно синдромы тәрізді облитерациялаушы эндоартериттің дамуымен сипатталатын дәнекер тіннің және ұсақ тамырлардың жүйелі созылмалы ауруы. Кез-келген  ауруды емдеудегі басты  мақсат  науқастың өмір сүру сапасын жақсарту мен ұзақтығын қамтамасыз етуге бағытталады. Қазіргі таңда басқа аутоиммундық аурулармен салыстырғанда жүйелі склеродермияның орташа өмір сүру ұзақтығы өте төмен, яғни ауру басталғаннан кейін небәрі 11 жылға созылады. Осы жағдай базисті емдеу жолымен қоса жаңа әдістерді зерттеуге ықпал етті. Мен осы себепті жүйелі склеродермияны емдеудің жолын мұқият талдай бастадым. Жаңа бұл ауруды сүйек миының аутологиялық бағаналы жасушаларын трансплантациялау  арқылы емдейтінін айттық,  бірақ бұл ‒ емдеудің балама жолы, әрі ол инновациялық жаңа  технологияның көмегімен жүзеге асады.
‒ Осы орайда диссертация жазу кезінде тәжірибені қалай жүргізгеніңіз жайлы да айтып берсеңіз...
 ‒  Тақырыпты зерттеу барысында архивтегі материалдармен көп жұмыс істедім. Әсіресе 2012-2017 жыл аралығындағы науқастардың емделу тарихын қарап,  оларды іріктеп, бес кезең бойынша зерттеу жүргіздім. Жалпы сүйек миының аутологиялық бағаналы жасушалар трансплантациясы кезінде науқас орталықта 0-3-6-6-12 ай аралығында емделеді. Мен осы емделу нәтижесінің бәрін зерттеп, сараптама жасадым.
 ‒ Жалпы ревмотологиялық аурулар қалай пайда болады?
Ревмотологиялық аурудың түрі өте көп.Бірақ әлі күнге дейін оның шығу этиологиясы белгісіз, яғни толық зерттелмеген. Мүмкін оған вирус немесе экология, тұқымқуалаушылық, күйзеліс әсер етуі мүмкін. Ең өкініштісі, осы аурумен шағымданатын науқастың саны жылдан-жылға артып келеді. Менің байқауымша, Қызылорда өңірінде де жүйелік склеродермия, жүйелі қызыл жегі, ревматоидтық артрит және де баскада васкулиттің түрлері жиі кездеседі.
  ‒ Науқасқа бағаналы жасушалар еккен сәтте ағзада қандай өзгеріс болады?
‒ Ағзадағы өзгерісті үш бағыт бойынша анықтаймыз. Ең біріншісі, клиникалық әдіс, яғни науқаспен сөйлесу арқылы оның жай-күйінен хабардар боламыз. Екінші әдіс ‒ зертханалық, яғни анализдерді салыстыру арқылы ағзаның ішкі өзгерісін зерттейміз. Үшінші, белгілі бір құралдар арқылы, мысалы рентген, УЗИ, компьютерлік томография көмегімен қорытынды шығарамыз.
 ‒ Бағаналы жасушалартрансплантациясының пайдалы екенін білдік, ал кемшілігі жөнінде не айтар едіңіз?
 Әлі күнге дейін зиянды тұсы байқалған жоқ, өйткені бұл адамның өз денесінен алынған жасушалар.
‒ Ал аурудың алғашқы белгілері қандай болады? Қанша жас аралығында жиі кездеседі?  Әдетте біз ревмотологиялық ауру кезінде адамның аяқ қолы ғана ауырады деп ойлаймыз ғой...
Ревматологиялық ауру  ‒ диагноз қою мен емдеудің ең қиын түрі.  Өйткені ол  әртүрлі белгімен сипатталады, әсіресе  сирек кездесетін немесе ақырын дамитын ауру түрлерін дереу анықтау қиынға соғады. Мысалы, буын ауруы және дене қызуының көтерілуі басқа да аурудың белгісі болуы мүмкін. Сондықтан аурудың себебін анықтамас бұрын көптеген тексеруден өтуге тура келеді. Егер науқас дәрігерге ертерек қаралса, диагнозын дер кезінде анықтауға болады. Мәселен, кейбір емделушілер терісінде ақау пайда болса, алдымен дерматолог немесе аллергологқа барады. Солай уақыттың көп бөлігін жоғалтып алады. Кейін дерт асқынған соң ғана ревмотологтың кеңесіне жүгінеді. Көп жағдайда 20-дан 40 жас аралығындағы адамдар жиі ауырады. Әсіресе әйел адамдарда кездесу мүмкіндігі өте жоғары (әйел мен е адамның қатынасы 5:1). 
‒ Ал өзіңіз саламатты өмір салтын  ұстанамын деп айта аласыз ба? Алдағы уақытта Сыр өңіріне келіп қызмет ету жоспарыңызда бар ма?
  ‒ Мүмкіндігінше денсаулығыма жіті көңіл бөлемін. Мысалы, күнделікті жаяу жүруге (10 км дейін), 3 литрге дейін су ішуге, аптасына 3 рет спортпен шұғылдануға  және дұрыс тамақтануға тырысамын. Мен емделушінің өзіне қойылған диагнозын дұрыс түсінгенін қалаймын және дәрігер айтқан ұсыныстарды сақтап ұзақ өмір сүрсе екен деймін. Әрине, диагнозды кабылдау науқастың психологиялық жағдайына қатты әсер етеді.  Себебі әрбір емделуші «неге ауыратынын, аурудың баласына және туысқанына берілу мүмкіндігін» білгісі келеді. Тағы бір ескеретін жайт, ревматологиялық науқасқа берілген дәрілердің құрамы күрделі, сондықтан  жағымсыз әсер беруі де мүмкін.  Сол үшін бұл диагноз қойылған емделуші үнемі дәрігердің бақылауын қажет етеді. Қызылордада ревмотолог маманның өте аз, ал науқастардың көп екенін білемін. Сондықтан бір-екі жыл болса да, елге барып қызмет ету ойымда бар.
‒ Сұхбаттасқаныңызға рақмет!
Гүлдана ЖҰМАДИН
21 қараша 2019 ж. 1 360 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031