КАРАНТИН КЕЗІНДЕ ДЕ ЖАТТЫҒУДЫ ТОҚТАТПАДЫҚ
Еламан Маратбекұлы 1995 жылы дүниеге келген. Ол паралимпия спортының бес дүркін чемпионы. 2016 жылы жеңіл атлетикадан «ҚР спорт шебері» атағын алса, 2017 жылы «Халықаралық дәрежедегі спорт шебері» атағын иеленген. Еламан қазіргі таңда Болашақ университетінде білім алуда.
‒ Еламан, әңгімемізді спорт саласына келген сәтіңізден бастасақ...
‒ Бала күннен бастап спортқа жақын болдым. Үйдегі ағаларыма қарап, сол кісілердің жаттығуларын қайталайтын едім. 12 жасымда дене жаттығуларын үйреніп, тұрақты түрде дайындала бастадым. Кейде көрші ағаларыммен бірге жарысып та күш сынайтынбыз. Осылайша мен өзімнің спортқа деген қабілетімді шыңдай түстім, тіпті бойыма бір тылсым күш дарығандай болды. Арада біраз уақыт өткен соң қазіргі бапкерім талантымды байқап, жеңіл атлетикаға қатысуға шақырды. Ол жерде бір апта жаттыққан соң Тараздағы чемпионатқа алып кетті. Сол жарыстан І орынды қанжығама байладым. Ал арада бір ай өткен соң Малазияға жолдама алдым.
‒ Жеңіл атлетиканың өзге спорт түрінен ерекшелігі неде?
‒ Мен қатысып жүрген спорттың ерекшелігі өте көп. Бір спорттың айналысында бірнеше сайыстар қарастырылған. Мысалы, найза лақтыру, ядро итеру, диск лақтыру сынды түрлерімен біздің өңірде екі-үш спортшы ғана айналысады.
‒ Сіз үшін орны бөлек жарыс қайсы?
‒ Малайзияда өткен жарыс әлі күнге есімнен кетпейді. Өйткені жарыс басталмас бұрын қарсыласым кім, қай елден деген тәрізді қорқыныш, өз-өзіме деген сенімсіздік болғаны рас. Сол қорқыныштың әсері болу керек Малайзияда өткен бәсекеде бес дүркін чемпион атандым (күліп). Жастар арасындағы Азия чемпионатында биіктен көрініп, елге жеңіспен оралдым.
‒ Осы сала бойынша облыста жеткілікті жағдай жасалған ба?
‒ Паралимпиада көрсеткіші екі жылдың көлемінде жақсы деңгейге жетті. 2013 жылдары біз қаражатқа, жол шығынына, спорт құралдарының жеткіліксіздігіне қиналатынбыз. Ал қазір бәрі қалпына келді.
‒ Жарыстың алдында өзіңізді психологиялық тұрғыда қалай дайындайсыз?
‒ Біздің психологиямыз құбылмалы келеді. Іштей дайынбыз деп ойлаған күннің өзінде шетелге жарысқа шыққанда бізде сенімсіздік пайда болады. Алайда өз-өзімізге, жанымыздағы әріптестерге күш-жігер қайрат беріп, бір-бірімізді демеуге тырысамыз. Негізгі мақсатымызды ұмытпай көк байрақты көкке көтеруіміз керек деген ойды бір сәт есімізден шығармаймыз.
‒ Спорттан өзге бос уақытыңызда немен айналысасыз?
‒ Негізгі мамандығым бойынша компьютер техникасы саласында білім алдым. Осы сала бойыша кәсіпкерлікпен де айналыстым. Сондықтан компьютер бағдарламаларын спорттан кейінгі екінші ермегім десе де болады.
‒ Ендігі чемпионат қай уақытта өтеді?
‒ Облыс аралық чемпионаттар жиі болып тұрады. Құдайға шүкір, жыл сайын сол чемпионаттан бағым жанып, бірінші орын алып жүрдім. Сонымен қатар әлемдік бәсеке де Дубайда жиі өтетін, бірақ карантиннің себебінен жарысты кейінге шегеруге тура келді. Бұйыртса алдағы уақытта әлем чемпионаты болады, сол кезде тағы жеңіспен оралатынымызға кәміл сенімдімін. Есептеп отырсам, осы жолы Дубайға жетінші рет барады екенмін.
‒ Карантин уақытында қалай жаттықтыңыз?
‒ Карантин біздің дайындығымызға қарсы тұра алмады. Бұл уақытша құбылыс, сондықтан біз алдағы болатын жарыстарға командамызбен дайындалудамыз.
‒ Отбасыңыз туралы айтып берсеңіз...
‒ Өмірде отбасымның орны ерекше. Өзім бес ағайындымын. Аяулы жарым және екі балам жетістікке жетуде қолдау көрсетіп отырады.
-Келешекте бапкер болу ойда барма?
‒ Әрине, келешекте бұйыртса бапкер болу ойда бар. Сапалы, қайратты ер мінезді шәкірттерді дайындағым келеді. Бірақ бұл мақсат орындалу үшін өзімді әлі сынау керек, дәрежемді өсіру керек. Сонымен қатар мені осы спорт түріне баулыған, қаншама жарыстарда қолдау көрсеткен, өзінің тәжірибесімен бөліскен, менің ардақты бапкерім Юрий Мощеевке үлкен алғыс айтқым келеді. Осындай дәрежеге жеткенімізге сол кісінің ерен еңбегі көп.
‒ Бұл спорт түрін дамыту үшін не істеу керек деп ойлайсыз?
‒ Ең алдымен жеңіл атлетикаға арналған үлкен стадион салынып, сапалы спорт құралдарымен жабдықталу керек. Паралимпиада клубтары Нұр-Сұлтан мен Алматы қаласында жақсы жұмыс істеуде. Қызылордада 2018 жылдан бастап ашылған паралимпиада клубы да нәтижелі қызмет етуде.
‒ Сұхбаттасқаныңызға рақмет!
Шарафаддин ЕДІЛ