Күн ысыса да вирустың таралуы азаймады - дейді инфекционист дәрігері Збира Айдарбекова
Соңғы мәліметтерге сүйенсек, шектеу шаралары жеңілдетілген өңірде CОVID-19 жұқтыру деңгейінің өскені байқалады. Біздің өңірде де бұл көрсеткіш жоғары. Яғни коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны бүгінде 500-ге жуықтады. Жалпы аймақта дерттің алдын алу мақсатында қандай шаралар атқарылуда? Өңірдегі ахуал қандай? Вирустан қалай қорғануға болады? Осы сұрақтар төңірегінде жұқпалы аурулар аруханасының инфекционист дәрігері Збира Айдарбековамен сұхбаттасқан едік.
– Дәрігерлер COVID-19 вирусы басқа вирустарға мүлде ұқсамайды дейді. Рас па?
– Мұндай вирус түрімен адамзат бұрын-соңды күресіп көрмеген. Бұл вирустың ерекшелігі – тез таралуымен қатар жан-жануарлардан адамға жұғатыны. Тіпті соңғы мәлімет бойынша, вирусты анықтауға бағытталған сынамалар нәтижесінде бойында вирустың еш белгісі жоқ адамнан да табылғаны алаңдатады. Ғылым мұндай сынаққа дайын емес. Әлі көптеген зерттеулер қажет.
– Коронавирус пен тұмау вирусының айырмашылығы неде?
– Коронавируста тұмау вирусына ұқсас белгілері болуы мүмкін. Бірақ олар генетикалық жағынан мүлдем әртүрлі. Тұмау вирустары өте тез көбейеді және симптомдар жұқтырғаннан кейін екі-үш күнде белгілі болады. Ал коронавирусты анықтау үшін 14 күнге дейін уақыт қажет.
– Алғашқыда қандай белгілер байқалады?
– Тұмау тигенде адам қалай ауырса, мұнда да дәл сондай. Науқас ауруды тұмаудың асқынған түрі сияқты өткереді. Ал бұл дерт асқынғанда адам демігіп, құрғақ жөтел пайда болып, қалтырайды. Бас айналып, әлсізденіп, бұлшық еттің ауырсынуы байқалады. Мұндай белгілер байқалса, міндетті түрде дәрігер көмегіне жүгіну қажет.
– Коронавирус жазда азаяды немесе жойылады деген пікірге маман ретінде көзқарасыңыз қандай?
– Әрине, мен мұндай пікірмен келіспеймін. Күннің бірнеше ыстық апталарын өткердік. Бірақ бұл дерт азайған жоқ. Сондықтан бұл жай ғана ғана болжам болуы мүмкін.Өйткеніағзаға түскен коронавирус өзіне қолайлы орта табады. Ол 36 градуста, дымқыл әрі жылы жерде жылдам көбейеді. Сондықтан біздің мақсатымыз – осы вирусты адам ағзасына түсірмеу. Сондықтан барынша арақашықтықты сақтап қорғану қажет.
– Коронавирусты бір жұқтырған адамның қайта қаупі бар ма?
– Сауығып шыққан адамның мұрын қуысынан сынама алып, талдау жасағанда оның таза екенін анықтаймыз. Бұл жағдайда вирус мұрын қуысында емес, өзге вирустар сияқты өкпеде немесе басқа дене мүшелерінде қалуы мүмкін. Егер осылай болса, бұл сұраққа бүгін, ертең жауап бере алмаймыз. Бәрі уақыт еншісінде.
– Бұл вирус түрімен күресуде бізге вакцина керек пе, әлде дәрі ме?
– Басқа вирустық инфекциялармен салыстырғанда, бұл вирустан өлім-жітім көрсеткіші жоғары емес екені қуантады. Тек денсаулығы осал топтағы адамдар арасында жиі кездесуде. Сондықтан коронавирус түрлерінің кең ауқымына қарсы тиімді жаңа дәрілерді жасау да, вакцина табу да кезек күттірмейтін мәселе.
– Қазір құрамында спирті бар сұйықтықтарды немесе алкоголь сусындарын ішу керек дейді. Бұған не айтасыз?
– Құрамында спирті бар антисептиктерді пайдалану дұрыс. Алкоголь немесе сумен араласқан спиртті ішу денсаулыққа пайдалы деген қағида жоқ. Оларды ішудің керегі жоқ. Себебі бұл вирус асқазанда емес, жоғары тыныс алу жолдарында кездеседі. Құрамында спирті бар антисептиктер вирусты жояды, дегенмен ішу қажет емес. Алкогольді ішкен кезде бауыр вирусқа қарсы тұрып, иммундық жүйені күшейтудің орнына спиртті ағзадан шығарумен алысады. Сондықтан мұндай негізсіз пікірге сенуге болмайды.
– Күннің аптап ыстығында қорғаныш киімдерін кию қиындық туғызып жатқан жоқ па?
– Әсіресе қатты ыстық күндері киім киюден, маска тағу да қиындықтар бар. Денені қысып, тыныс алуымыз біршама қиындады. Бірақ босаңсуға болмайды. Барынша талап үдесінен шығуға әрекет жасаудамыз. Өз өмірімізбен қатар өзгенің өмірін сақтау қажет.
– Сіздерге мемлекет тарапынан қандай жеңілдіктер жасалуда?
- Билік қиын сәтте еңбегімізді бағалап, үстемақы беруде.
– Коронавирусты емдеудің тиімді әдісін тапқандар бар ма?
– Қазір әлем болып вирусты анықтау жолында түрлі сынақтар жүргізілуде. Алайда, бұл инфекцияға тосқауыл қоятын вакцина әлі табылған жоқ. Демек, ол жылына талай адамның өліміне себеп болатын кәдімгі тұмаудан қатерлі болуы мүмкін. Сондықтан қауіпті дерттің кең тарауына жол бермеу мақсатында коронавирусты жұқтырғандар аурухана мен үйінде оқшауланады. Ал оның симптомдары ауруды жеңілдететін және лихорадкаға қарсы дәрілермен емделеді. Сонымен қатар мұндай науқастарға суды көп ішіп, жазылып кеткенше тынығуға кеңес береміз.
– Неге адамдар ауруды әртүрлі өткереді?
– Адамдар тұмауды да әртүрлі өткереді. Біреу тез жазылады, енді біреудің ыстығы көтеріліп, ұзақ емделеді. Әркімнің иммунитеті ауруға әртүрлі реакция білдіреді. Біреудің иммунитеті әлсіз, енді біреудікі тым сезімтал. Сезімтал иммунитет кейбір қоздырғышқа әдеттегіден күшті реакция білдіріп, біз иммундық жүйеміздің ауруға «жауабын» ауыр өткереміз. Сондықтан иммундық жүйеде тепе-теңдік сақталу керек. Иммунитеттің ауруға тым әлсіз «жауап» беруі де, тым қатты реакция білдіруі де жаман.
– Коронавирустық инфекцияға анализдерді қай жағдайларда тапсыру қажет? Қайда жүгіну керек?
– Коронавирустық инфекцияға зертханалық зерттеу адамдарға клиникалық және эпидемиологиялық айғақтар болған кезде жүргізіледі. Бұл үшін респираторлы инфекциямен ауырған жағдайда немесе коронавирус ауруымен ауыратын адаммен байланыс болды деп күдік туған жағдайда жедел жәрдемге жүгіну қажет. Дәрігер тексергеннен кейін коронавирустық инфекцияға күдікті жағдайда стационар шарттарында зерттеуге талдау алынады.
– Сарапшылар вирустың екінші толқыны басталады деген болжам айтып жүр. Бұл қаншалықты рас.
– Дөп басып ешнәрсе айта алмаймыз. Тек барша адамзатты оқшаулануға шақырамын.
– Тұрғындарға қандай кеңес бересіз?
– Әр адам өзін отбасын қорғау мақсатында, жеке бас гегиенасын сақтау қажет. Қолды сабынмен жиі жуып, дезинфекция құралын пайдаланыңыз. Сондай-ақ ауызға, мұрынға немесе көзге жуылмаған қолмен ұстамауға тырысыңыз. Қолдың кез келген жағдайында қолды тазалау үшін қолдың дезинфекциялаушы құралын, бір реттік майлықтарды өзімен бірге алып жүріңіз және жөтелгенде немесе түшкіргенде әрдайым мұрын мен ауызды жабу маңызды. Еліміздегі эпидемиологиялық ахуал тұрақталғанша, қол алмасу және бетті сүю сияқты амандасу амалдарынан сақтаныңыз.
– Жоғарыдағы кеңестерді жадымызда сақтаймыз. Уақыт бөліп сұхбаттасқаныңызға рақмет.
Бетті дайындаған: Айгүл Әлішерова