Еліңе адал қызмет ету мемлекет тапсырған қызметтің зор жауапкершілігін арқалау деп білемін
Мәди БЕКМАҒАНБЕТОВ,
облыстық Білім басқармасы
тәрбие және өзін-өзі тану жұмыстары бөлімінің басшысы:
облыстық Білім басқармасы
тәрбие және өзін-өзі тану жұмыстары бөлімінің басшысы:
Бүгінде ел ішінде білімімен «мыңды жыққан» жігерлі жастар жетерлік. Мемлекеттік қызметшілер күні қарсаңында газет ұжымы білім саласы бойынша кәсіби әрі жас маман Мәди Бауыржанұлын үздік қызметкерге лайықты санап, сұхбат жүргізді.
– Сізді алда келе жатқан мемлекеттік қызметкерлер күнімен құттықтаймын! Жалпы қазіргі таңда өз салаңызда білікті маман ретінде көзге түсіп жүрсіз. Осы орайда сұхбатымызды қызмет жолыңыз туралы ақпараттан бастасақ...
– Алдымен барша әріптестерімді келе жатқан мемлекеттік қызметкер күнімен құттықтаймын!
Мен 1993 жылы, Сырдария ауданы, Оспан Мәлібаев ауылында дүниеге келгенмін. Жоғары білімімді аяқтап, еңбек жолымды білім саласында бастадым. Алматы қаласында оқу орталығында оқытушы, кейін өңірге келіп ішкі саясат басқармасында, облыс әкімі аппаратында қызмет атқардым. 2019 жылдан бастап облыстық білім басқармасындаТәрбие және өзін-өзі тану жұмыстары бөлімінің басшысы қызметіне кірістім.
– Жалпы мемлекеттік қызметкердің бойынан табылу қажет қасиеттер, оның міндеттері туралы айта кетсеңіз... Мемлекеттік қызметші болудың негізгі параметрлері қандай?
– Мемлекеттік қызметкер бұл – мемлекеттің айнасы, билік пен халық арасын жалғайтын алтын көпір. Расымен өте дұрыс айтылған пікір. Өз ұлтыңа, еліңе адал қызмет ету мемлекет тапсырған қызметтің зор жауапкершілігін арқалау деп білемін. ХХ ғасырдағы ұлт көсемі Әлихан Бөкейханұлының «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден» деген керемет сөзі бар. Бұл тұжырым ақпараттық заманның дамыған шағында әлі де болса өзектілігін жоя қойған жоқ.
Ал, мемлекеттік қызметшіге қойылатын негізгі критерийлер алдымен қызметіңе адалдық, жауапкершілік, әріптестермен оңтайлы қарым-қатынас орнату мен мерзімінде батыл шешім қабылдай білу. Осы қасиеттердің бәрі «мінез» деген дүниеден шығатыны анық.
Сондықтан мінез түзелмей адам түзелмейді. Адам түзелмесе жасаған қызметің де, жинаған абыройың да, беделің де бос сөз.
– Мемлекеттік қызметте пікір білдіру, ашық азаматтық ұстанымда болу, жалпы ойыңды ашық жеткізу мәселесіне келген кезде көбісі қашады. Байқауымша, әлеуметтік желіде де белсендісіз, пікірлеріңізді айтып отырасыз. Жалпы азаматтық ұстаным дегенді қалай түсінесіз? Мемлекеттік қызметте шектеу бар ма?
– Қазақстан – демократиялық, зайырлы негізде толық қалыптасқан мемлекет. Шынында әрбір адам тұлға, өзінің әлемі бар. Жалпы кез келген азаматтың ой-санасы жетіліп, азаматтық позицияның қалыптасуына жан-жақтан көріп, білген тәжірибесі көмектеседі деп ойлаймын. Осы кезге дейін Еуропаның Испания, Италия, Түркия елдерінде біліктілігімді арттырып, түрлі тәжірибелерді көріп, ой толықтырдық. Байқағаным, әрбір сапар жаңаша көзқарас қалыптастырады. Менде де солай.
Қадір Мырза Әлі «Халық – аса қасиетті және кең ұғым» дейді ғой. Жалпы бізде халықтың пікірімен санасу, өз ойыңды жеткізу, азаматтық пікіріңді білдіру деген дүниеге ешқандай шектеу жоқ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» Тұжырымдамасын жариялады. Президетіміздің тұжырымдамасы көптеген мәселелерді шешуге түрткі болып, ел арасында кең қолдауға ие болғанын білесіз. Қарапайым тілмен айтқанда, мемлекетік қызметшілер барынша бұқараға жақын, пікірімен санасатын, нақты шешім қабылдайтын тұлға болу керек.
Мемлекеттік қызметте аса бір қиындық тудыратын шектеулер жоқ. Керек десеңіз, шығармашылықты да қатар алып жүруге болады. Дәл осы тұста қарым-қабілетінің арқасында мемлекеттік қызметпен қатар шығармашылықты қатар алып жүрген қаншама ағаларымды білемін. Үлгі тұтамын. Дегенмен, мемлекеттік қызметте жүріп кәсіпкерлікпен айналысуға шектеу барын жасырмаймын.
– Мемлекеттік қызметте мансаптық модель деген дүние бар. Яғни мансаптық өсу, сатылап биіктеу. Көбісі осы ұстанымға сенбейді. Ал сіз ше?
– Қазақ қашанда алдындағы аға-буын өкілдерінің тәлім-тәрбиесін көріп, солардан үлгі алып, оны бойға сіңіре жүріп алға жылжыған. Сол ұстаным әлі күнге жалғасуда. Қызметте өсу үшін барлық сатыдан өткен дұрыс деп есептеймін. Өйткені алдағы уақытта мұның бәрі өзіңнің дұрыс шешім қабылдап, елге пайдаңды тигізуіңе сеп болатыны анық.
Қазақта «кемеліне жету» деген сөз бар ғой. Басшылыққа осы категорияға сәйкес келетін жандардың келуі қуантады. Кейбір жастар тым көп ақыл айтып, аға-буынның алдына шығып кетіп жатады. Меніңше, осының бәрі парадокс дүниелер.
Соңғы жылдары мемлекеттік қызметшілерді кәсібилендіру, олардың тиімді аппаратын қалыптастыру жұмыстары, жастарға жан-жақты қолдау көрсетіп, еңбек жолында мансаптық өсуіне жағдай жасау үшін ілкімді жұмыстар қолға алынды. Меніңше, біліктілігің мен шеберлігіңе қарай конкурстық негізде сатылап өсу моделі жақсы дамыған.
– Қазір Білім басқармасында тәрбие бағытын тізгіндеп отырсыз. Естуімізше, облысымызда алғаш рет “онлайн лагерь” жобасын бастапсыздар. Ал оны жүзеге асыру сізге жүктеліпті. Жалпы бұл істі бастауға не түрткі болды?
– Басқарманың тәрбие бөлімі негізінен балалардың қауіпсіздігі, кәмелетке толмағандар арасында құқық бұзушылық қылмыстылықтың алдын алу, оқушылардың қосымша білім берумен, жазғы тынығу лагерлерімен қамтылуы, спортпен шұғылдануы секілді бағыттарға жетекшілік жасайды. Ал, сіз сұрап отырған лагерь мәселесі биыл ерекше жағдайда өтіп жатыр. Пандемия кезеңінде барлық мүмкіндікті пайдаланып, жаңа форматта бастадық. Республикада алғашқылардың бірі болып облыстық оқу-әдістемелік орталығы, оқушылар үйі, Өнер мектебі мамандарымен бірлесе instagram желісінде «Онлайн жаз» жобасын қолға алдық. Өзіңізге белгілі, 10-18 жас аралығындағы балалардың көбісі әлеуметтік желі, оның ішінде instagram парақшасын қолдануға қабілетті. Бүгінде облыс бойынша 22000-нан аса оқушы парақшаға тіркелді.
Бастапқыда жазғы каникулды онлайн форматта өткізу дегенді түсінбегендер аз болмады. Бірақ істі бастап кеткеннен кейін яғни оқушылар медиа, музыка, би сынды әртүрлі үйірмелерге қатысуда. Мұнан қалды мектеп туризімін дамыту мақсатында облысымыздағы сакралды ескерткіштер мен жерлерді виртуалды түрде көре алады. Балаларды қызықтырудың тағы бір жолы ретінде конкурстарды ұйымдастырудамыз. Бұған арнайы жүлделер де қарастырылған. Балалар үшін бұл керемет мүмкіндік деп ойлаймын.
– Жасыратыны жоқ, бұрынғыдай емес, тәрбие турасында көптің алаңдаушылығы бар. Сын да аз емес. Өзіңіз отбасылысыз, екі баланың әкесісіз. Жалпы әке болудың жауапкершілігі мәні қандай?
– Әке болудың жауапкершілігін күні кеше сезінгендіктен шығар, толыққанды пікір айта алмаспын. Дегенмен, елде қанша өнегелі-парасатты отбасылар бар. Біз өнегелі отбасылардан үлгі алып келе жатқан, буыны әлі қата қоймаған жас шаңырақпыз. Ата-бабамыздан көш тартып келе жатқан салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпты мығым ұстап, оны бала тәрбиесіне сіңіруде өзімдік ұстанымдарым бар. Себебі ұрпақтар сабақтастығы үзілмеуі керек. Сондықтан көненің көзін көріп, дәстүрдің қаймағынан бал татқан үлкендерден үйреніп, бойға сіңіріп келемін.
Тәрбие дегенде маған мынадай ой оралады. Меніңше, дәл қазіргі қоғамға отбасы институты аса қажет. Өйткені, балаға ең бірінші тәлім беретін ата-ана, ал мектеп одан әрі баланы сүйемелдеуші. Сондықтан ананың ақ сүті, әкенің қанымен беретін тәрбиені жоғалтып алмау керек. Қазір қоғамда орын алып жатқан келеңсіз жағдайлар отбасындағы тәрбиенің әлсіздігінен болуы мүмкін. Әл-Фараби бабамыз “Адамзатқа ең бірінші тәрбие берілу керек. Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы” дейді. Сондықтан ұлтқа ең бірінші керек нәрсе – бала тәрбиесіндегі жауапкершілік.
– Елімізге төтенше режимі енгізілгелі билік мемлекеттік қызметкерлердің үйде отырып жұмыс істеуін міндеттеп отыр. Негізі осы қашықтан жұмыс істеуді алдағы уақытта да іске асыру мүмкін бе? Бұл мемлекеттік қызмет саласына тиімді ме?
– Әлемді жайлаған індет біздің елді де айналып өтпеді. Ең басты байлық – ұлт саулығы. Күні кеше ғана шыққан жаңа қаулыда мемлекеттік ұйымдарды 80 пайызға дейін қашықтан жұмыс істеу мүмкіндігін қарастыру жөнінде тапсырма берілді. Менің ойымша, мұның бәрі біздің мүддемізді ойлағандықтан. Бұл үйде оқшаулау немесе қоғамнан алыстату емес, адам мен ұлттың саулығы үшін жасалған қадам. Бұл – үлкен құрмет әрі жауапкершілік.
Қазіргі айтқан жаңалық ертең ескіріп қалатын ақпараттық заманда мемлекеттік қызметкерлер де қашықтан жұмыс істеуге қабілетті және дайын болуы тиіс. Біздің басқармамызда бұған дейін қашықтан жұмыс істеу тәжірибесі болды. Бірақ бұл жұмысты оңтайлы үйлестіруге ешқандай кедергі келтірген емес.
– Сұхбатыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан Ақтілек Бітімбай