» » » Бүгінгі күннің өтпелі екеніне сенейік

Бүгінгі күннің өтпелі екеніне сенейік


 Жақында медицина ғылымдарының докторы, академик Төрегелді Шарманов қауіпті індеттің ең басты емі сабыр екенін айтты. «Індетпен күресу нәтижелі болу үшін ең әуелі адамға сабыр, төзім керек. Өйткені дәл осы кеселдің психологиялық салдары – өте ауыр» дейді ғалым отандық басылымға берген сұхбатында. Расында ел арасындағы дау мен дақпырттың, қорқыныш пен қауіптің үмітті үрей жеңуінен болғаны анық. «Ауырып қаламын-ау» деген ой, «енді не болады» деген күдіктің өзі дертті жұқтырғаннан бетер екені белгілі. Осы орайда пандемия кезіндегі психологиялық көңіл-күй тақырыбында БҰҰ-ның ұлттық тренері, психолог Жұлдыз Төрәліқызымен әңгімелестік.  

‒ Қазір қоғамда қауіпті індет жайлы "қорқынышты" ақпарат көп. Бұл тұрғындардың психологиясына едәуір деңгейде әсер ететіні сөзсіз. Мұндай қарбалас жағдайда жағымсыз ой мен күмәннан қалай арылуға болады? Үрейді сабырға жеңдірудің жолдары қандай?
‒ Қазіргі төтенше жағдай кезеңінде үрей, паника, мазасыздық, қорқыныш сынды эмоциялардың көбірек белең алып кеткені рас. Алайда бұл қалыпты құбылыс. Себебі біздің  әрбір іс-әрекетіміз миға берілетін сигналға тікелей байланысты. Ал,  біздің ерте ми,  яғни рептильді ми алдымен қорғаныш пен қауіпсіздік мәселесіне жауап береді. Мұндай жағдайда не істеу керек? Ең тиімдісі, кез келген адам жасай алатын тәсіл,  су техникасы және өте әмбебап тыныс алу техникалары қай уақытта болмасын қозу деңгейін төмендетіп, ширығуды азайтуға мүмкіндік береді.
‒ Не себепті адамдар жақсы жаңалыққа қарағанда жағымсыз ақпаратты тез қабылдайды?
‒  Алдымен қазір айналамызда қандай ақпараттың көп екеніне назар аударайықшы. Әрине негатив көп. Ал, бұл негатив немесе жаман жаңалықтарды кім тез қабылдайды? Көбіне айналысатын белгілі ісі жоқ адамдар негативті өзіне сіңіріп, өзгелерге таратады. Белгілі бір дәрежеде өздеріне осы арқылы қанағаттану сезімін алады. Жалпы, адамдардың қалыптасу деңгейінде біреудің соңынан еру, біреуге бағыну қалыпты дүние. Бұл ‒  жалпы тірі ағзаларға тән. Күштіге бағыну мәселесі. Осы орайда "тобыр эффектісі" деген ұғымды атап өтуге болады. Яғни, бір жаңалықтың не белгілі бір нәрсенің артынан біліп-білмей еріп кету. Сонымен қатар, екінші себеп, бүгінгі күні БАҚ немесе әлеуметтік желілерде позитивтен көрі негатив көп. Бұл да өз кезегінде кері әсерін тигізбей қоймайды.
‒ Позитивті ойдың арқасында иммунитеттің күшейетіні рас. Күні бойы көтеріңкі көңіл-күйді қалыптастыру үшін не істеу керек?
‒ Ия дұрыс айтасыз, біздің физикалық денсаулығымыз психикалық денсаулықпен тікелей байланысты. Сол себепті  көңіл-күйдің дұрыстығы, стресске төзімділік ол міндетті түрде иммунитетке, яғни физикалық иммунитетке әсер етеді. Қазіргі кезеңде көпшіліктің көңіл-күйі құбылмалы. Бұл да қалыпты құбылыс. Сол себепті, алдымен байбалам салмай тұрып, дәл қазіргі сәтте айналысатын іс табу  бірден-бір көмекші бола алады. Ол іс сізге рухани азық бере алса, тіпті керемет. Егер өзіңізге сүйікті іс таба алмаған жағдайда, басқаларға қамқорлық көрсету жұмыстарымен айналысу, саламатты өмір салтын ұстану, жақындарыңызға қамқор болу, бүгінгі күннің өтпелі екеніне сену және ең бақытты, көңілді сәтті еске түсіріп визуализация жасау көңіл-күйді қалыпты ұстап тұруға көмектеседі.
‒ Кішкентай балалардың санасында індет жайлы қорқыныш орнамас үшін қазіргі жағдайды қалай түсіндірген дұрыс? Жалпы отбасындағы жайлылық тұрақты болу үшін ата-ана не істеу керек?
       ‒ Кішкентай балалар кез келген жағдайды дәл ересектер сияқты қабылдамайды. Егер  осы карантин кезіндегі қорқынышты алатын болсақ, бұл жерде ата-аналарының адекватты болуы өте маңызды. Себебі бала не көреді, не естиді соны жасайды. Егер балаңыздың жүрегіне негізсіз қорқыныш дәнін еккіңіз келмесе, олардың бос уақытының қызықты өтуіне уақытыңызды арнаңыз. Қазіргі кезде тегін отбасылық марафондар бар, балаңызбен бірге қатысып көруге болады. Бұл өз кезегінде баланың ойын жақсылыққа, сенімге итермелеуге көмектеседі. Балалардың позитивті жаңалықтармен сусындауына назар аудару маңызды. Егер қорқыныш, үрей пайда болған жағдайда,  не болғанын сұрап,  дұрыс түсіндіру, ақпарат беру қажет. Отбасындағы тұрақтылық ерлі-зайыптылардың екеуіне де тікелей байланысты. Жанұяны еш стрессіз ұстап қалу үшін екеуіне де бірдей күш жұмсауға тура келеді. Бастысы, түсіністікке келу және истерикаға, байбаламға салмай дұрыс сұрақтармен бір шешімге келу жолдарын қарастырған жөн. Қатты ашу қысып тұрса, алдымен тәтті, жылылау су ішіп,  тыныс алу техникаларын орындап,  бойыңызда қозу деңгейі жоқ екенін байқағаннан кейін әңгімелескен дұрыс. Себебі ашу дұшпан және осының әсерінен өкінішке ұрындырар дүниелер орын алуы мүмкін …
     ‒ Жақында ғана Жастар ресурстық орталығы ұйымдастырған вебинар барысына тоқталып өтсеңіз... 
      ‒ Вебинар "Covid 19: психологиялық қолдау мен күйзелістен сақтанудың жолдары" тақырыбында облыстың жастарын карантин кезінде қолдау және қажетті, маңызды сұрақтарына жауап беру мақсатында еркін форматта ұйымдастырылды. Шараға Қызылорда, Байқоңыр қалалары және аудан жастары қатысты. Вебинар барысында әртүрлі сұрақтар қойылды. Дегенмен басымдық үрей мен қорқынышты жеңу жолдары, отбасындағы тұрақтылық жағдайларына берілді. Еркін форматта болған соң  жасөспірімдер жеке өміріне қатысты сұрақтарға да жауап алды. Ақысыз өткізілген вебинар жастардың сұрақтарын қанағаттандыра отырып, өз ойларымен бөлісуге мүмкіндік берді.
‒ Сұхбаттасқаныңызға рақмет!

Гүлдана ЖҰМАДИН



 




Психологиялық көңіл-күйді тұрақтандыру үшін жасалатын қарапайым дұрыс тыныстау жаттығулары:
 Әдіс 1. Түрегеп тұрып немесе отырған күйде мүмкіндігінше дене бұлшық еттерін босаңсытуға тырысыңыз және бар назарыңызды тыныстауға аударыңыз.
‒ 1-2-3-4 деп санап жатқанда, деміңізді баяу, әрі терең ішке тартыңыз (іш қампияды, ал кеуде қуысы қозғалмайды);
‒ тағы бір рет 1-2-3-4 деп санап жатқанда, тыныстауда кідіріс жасаңыз;
‒ артынша 1-2-3-4-5-6 деп санап жатқанда, деміңізді бірқалыпты сыртқа шығарыңыз;
‒ тағы 1-2-3-4 деп санап, демді ішке тартарда, тыныстауда тағы бір кідіріс жасаңыз.
‒ 3–5 минуттан соң-ақ бастапқы жағдайға қарағанда әлдеқайда сабырлы және байсалды бола түскеніңізді байқайсыз.
Әдіс 2. Ашу, ыза қысқанда, біз демді әдеттегідей ішке тартуды ұмытып кетеміз. Сабырға келу үшін:
 ‒ деміңізді тереңнен сыртқа шығарыңыз;
 ‒ тыныстауда қолыңыздан келгенше ұзақ уақыт бойы кідіре тұрыңыз;
 ‒ деміңізді бірнеше рет ішке терең тартыңыз;
 ‒ тағы да тыныстауда кідіріс жасаңыз.
  

Су техникасы
 
 Адам ағзасы үшін судың маңызы өте зор. Сол себепті су техникасын эмоцияларды басқаруда қолдануға болады. Ол үшін суды өте аз мөлшерде, кішкене жұтым жасай отырып ішкен дұрыс. Егер көңіл-күйіңіз болмаса, тәтті су жақсы көмектеседі. Ал қатты ашу қысқанда немесе жылағанда сумен жуыну эмоциялық қозуды азайтады.

Гүлдана ЖҰМАДИН

16 шілде 2020 ж. 755 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930