» » » КІТАП ОҚИТЫНДАР КОМПЬЮТЕРДЕ ОТЫРҒАНДАРДЫ БАСҚАРАДЫ

КІТАП ОҚИТЫНДАР КОМПЬЮТЕРДЕ ОТЫРҒАНДАРДЫ БАСҚАРАДЫ

     Бақытжан Сапарғалиұлы Қызылорда қаласында дүниеге келген. Қ.Мұхамеджанов атындағы № 1 мектеп-гимназияның түлегі. М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінде ағылшын тілі мамандығы, «Ақмешіт» институтында мұнай-газ ісі мамандығы, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығында білім алған.  Бүгінде Абылайхан атындағы №140 қазақ орта мектебінде директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарады. «Волонтерлар фронт офисінің» sabaqtastyq бағытының үйлестірушісі.

– Білуімізше  мектепте директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарысыз...
– Иә, қазіргі таңда Абылай хан атындағы № 140 мектепте директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарамын. 2010 жылы М.Мәметова атындағы педагогикалық колледжді тәмамдадым. Шынымды айтсам, колледжді бітіре сала мұғалім болуға асықпадым. Себебі мұғалім тек білім ғана емес әр балаға тәлім-тәрбие беріп, ақыл айта білу керек. Ал мен нендей ақыл айтамын, қандай тәрбие беремін  деп ойладым. Осылайша ақыл-ойымды толықтырып, жоғарғы оқу орнымды бітіріп, мектепке тек 2017 жылы тәлімгер ретінде қабылдандым.
  Біршама жетістігіңіз бар. Алған марапат пен алғыс хаттарыңыз да көп. Сіз үшін марапат маңызды ма?
‒ Мен үшін марапаттың маңызы жоқ. Осы уақытқа дейін алған алғыс хаттарым жетерлік. Қай кезде де айтатыным, халықтың марапатына бөленіп, елдің алғысын алғаннан артығы жоқ. Себебі айналаң немен айналысып жүргеніңді және қаншалықты дұрыс екеніңді біледі, оң бағасын береді. Дегенмен пендешілікке салынып, елеп берген алғыс хатқа марқайып қаламыз. Оны тек келесі бір белесті бағындыруға мотивация ретінде қабылдаймын.
– Ағылшын тілінен білім алдыңыз. Бүгінде тіл үйренгісі келетін жастар көп. Тілді үйренудің оңай әрі тиімді жолы қандай?
– Тіл үйренудің оңай әрі тиімді жолы ‒ мектепте мұғалімнің берген тегін білімін толық игеру. Көбі дер кезінде оқымай, кейін сан соғып қалады. Қазіргі таңда қайда, қай жұмыс орны болмасын, ағылшын тілін жетік меңгеруді талап етеді. Сол себепті мектеп қабырғасында ден қойып оқыған жөн. Ағылшын тілін үйрететін курстардың көп екенін білесіздер. Бастысы, тіл үйренуге деген ынта болса жеткілікті.
–  Бала тәрбиесі жөнінде жиі айтылады. Ата-ана балаға жеткілікті түрде тәрбие беріп жүр ме? Тәрбиелі, патриот азамат тәрбиелеу үшін не істеуге болады?
– Бүгінгі күні бала үш жақты тәрбие алады дер едім. Ол ата-ана, мектеп, әлеуметтік желі тәрбиесі. Өзім ата-ана болғасын бұл сұрақ мені де мазалайды. Біз баланың киімі бүтін, тамағы тоқ болсын деп бар уақытымызды жұмысқа бөлеміз. Материалдық сұранысын қанағаттандырсақ, екінші жағы ақсап жатады. Бала ең әуелгі тәрбиені отбасынан алу қажет. Бала біздің айнамыз іспеттес қой, біз  не істесек, соны қайталайды. Яғни бала тәрбиелі болу үшін ата-ана өзін түзеу қажет.
– Осы уақытқа дейін мұғалімдерге көңіл толмаушылық орын алды. Оқушылар қашықтан оқытыла бастағаннан кейін ата-ана мұғалімнің қадірін түсінді. Енді оқу маусымын қайта қашықтан бастағалы жатырмыз. Осыған дайынбыз ба?
– Жаңа оқу жылы қашықтан оқытумен басталады. Өткен жолғы қателіктер мен кемшіліктерді ескере отырып, пысықталып жатыр. Дайын емеспіз деп бейқам отыруға болмайды. Қолдағы бар ресурстарды толыққанды пайдаланамыз. Осы ретте ата-ана мен мұғалім бірлесе жұмыс істеп, түсіністік танытады деп сенемін.
–  Мұғалімдердің жұмысы көбейді. WhatsApp арқылы әр ата-анамен тілдесіп, әр оқушыны қадағалайды. «Келесі жолы мынаны қайталамау керек» деген нәрселер болды ма?
–  Ауыз толтырып жұмыс көбейді деп айтуға келе қоймайды. Мұғалім өзі жан-жақты, сондықтан түрлі платформаларды пайдалана отырып білім берді. Өзім видеоредакторлар арқылы жұмыс істеуді меңгердім. Өзіңіз айтқандай, ата-анамен күнделікті тілдесіп отырдық, кем тұстарды бірге ақылдасып, жөндедік десем болады.
–  Тіл мәселесі қашанда өзекті. Қарапайым мысал келтірейікші, жастар бір-бірімен хабарлама арқылы тілдескеннің өзінде «қ», «ұ», «ң» әріптерін пайдалалануы екіталай. Баяндама оқыған басшылардың да қазақ тілінде бастағанын көрсек қуанамыз. Сіздіңше қазақ тілінің мәртебесін қайтсек көтереміз?
– Тілі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады деген. Тіл мен үшін қастерлі, құдіретті. Тіл мәртебесі – ел мәртебесі. Демек тіліміздің болашағына ел болып атсалысуымыз қажет. Қазір жастардан мекен-жайын сұрасаңыз, “Абая 101” немесе “Сейфуллина 50” деп жауап береді. Хәкім Абайды Абая деу қаншалықты дұрыс? Міне, осындай олқылықтарды қоғам жөндеу қажет. Біздің ана тіліміз өте көркем, әдемі тілдердің бірі ғой. Бірақ осы күні теледидардан түспейтін түрлі өнер иелері жергілікті диалектпен сөйлеп, кері әсер етуде. Ал оларды көретін, еліктейтін жастар соларды қайталайды. Ұлттық арнадан, бірінші арнадан айтылатын әр сөз сүзгіден өту қажет емес пе? Осындай тұстарды ескерсек, бәрі жақсы болады деп ойлаймын.
– Әлеуметтік желіде белсендісіз. Күніне қанша уақытыңызды бөлесіз?
– Әлеуметтік желіге қажетті ақпарат алуға, өзімнің керек деген дүниелеріммен бөлісуге кіремін. Әлеуметтік желі арқылы көптеген азаматтармен таныстым. Нақты қанша уақыт екенін білмеймін бірақ көп уақытымды алатынын мойындаймын. Тағылымды дүниелерді оқып, соны өзгемен бөліскенді ұнатамын. Кей сәттері іштегі шердің бәрін де ақтарамын. Қоғамда туып жатқан мәселелерді талқылауға атсалысамын. Өз ойымды ортаға сала отырып, өзгенің де ойымен санасамын.
– Жазбаларыңыздан шығармашылықтан алыс емес екеніңізді байқаймыз. Өлең шығарасыз ба?
– Арасында қалам алып шимақтаған болатынымыз бар. Мектеп қабырғасында жүргенде «Ақындықтың ауылы алыс десек те, Ақын жанды ұлың бар деп есепте»  деп жазғаным есіме түсіп отыр. Мүмкін сол мектептегі ұстаздарымның мықтылығы осы қырымды ашқан шығар. Өзім кіші жүз кетенің баласы болғасын қанда да бар ғой деймін. Осы күні шабытты ұлымнан аламын. Есімін Шерхан деп Шерхан Мұртаза ағамыздың құрметіне өзім қойғанмын. Шүкір сол бала ақылды болып өсіп келеді.
– Мұғалім қалай ерікті болды? Сіздіңше ерікті болудың мақсаты қандай?
– Әдеттегідей әлеуметтік желіде отырып, облыстық Жастар ресурстық орталығы парақшасынан еріктілер штабы құрылып, 7 бағыт бойынша қатарлары толықтырылып жатқанын көріп тіркелдім. Алғашқы жиналысына ұлымды ертіп барғаным есімде. Волонтерлік жұмыстың ауқымы өте кең, ал ең басты мақсаты ақысыз көмек беру, пайда алып келу деп ойлаймын.
– Сабақтастық бағытында жетекшісіз. Қандай жұмыстар атқарылуда?
–  Жақында еріктілер штабы атауы «Волонтерлер фронт-офисі» болып өзгеріп, мен Сабақтастық бағытының жетекшісі болып бекітілдім. Бұған дейін бұл бағытқа Болатбек Айтбенбетов жетекшілік еткен болатын. Атқарылған жұмыстар жетерлік.  Соңғыларының бірі Саулық бағытымен бірігіп, «Донор бол» акциясын өткіздік. Бұл акция екі мақсатта ұйымдастырылды. Біріншіден, қан орталығының қан қорын көбейту, екіншіден қайырымдылыққа түскен қаражатқа көп балалы отбасыларға азық-түлікпен көмек көрсету.
– Жақында еріктілер атқарылған жұмыстарын саралап, алты айға жоспар құрды. Маңыздысына тоқталсаңыз…
– Алдағы жарты жылдыққа жоспар құрылды. Айта кететін жайт, жоспарланған  көп шаралар төтенше жағдайға байланысты іске аспай қалды. Дегенмен тың дүниелер, қызықты ұсыныстар болды. Алдағы уақытта барлығына куә боласыздар деп ойлаймын. Біздің негізгі ой волонтерлік қозғалысты келер жылда да жалғастыру. Сондықтан қатарымызды көбейтіп жатырмыз. Қосыламын деген достарға әрдайым ашықпыз.
– Апта сайын сенбі-жексенбі күндері ТЖД-мен бірлесіп рейд ұйымдастырасыздар. Нәтиже қандай? Суға шомылушылар саны азайды  ма?
– Суға түсу маусымы басталғалы суға кету фактілері тіркеліп, қайғылы жағдайға әкеліп жатыр. Біздің мақсат ‒ осының алдын алу. Рейдтік шаралар Қызылорда облысының төтенше жағдай департаменті, Қызылорда облысы бойынша экология департаменті қызметкерлерімен бірлесе атқарылуда. Нәтиже бар, ПМК 29 деп аталатын су айдындарындағы суға түсушілер саны едәуір азайды. «Сақтансаң сақтаймын» демекші, қала тұрғындарын сақтық шараларын бұзбауға шақырамын.
– Республикалық «Мың алғыс» акциясына Сыр өңірінің еріктілері де атсалысты. Айтыңызшы, облыстағы бұл шара қалай жүзеге асты, кімдер атсалысты?
– Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамасымен өткен бұл акцияда 60 медицина қызметкерінің отбасына азық-түлік, мерекелік себет және құрбандыққа шалынған мал еттері таратылды. Бұл акцияға Сыр волонтерлары, фронт-офис волонтерлер және автоволонтерлер атсалысты. «Достық» үйінен тиелген азық-түліктерді мекен-жайға дейін жеткізуді толықтай волонтерлер атқарды. Қолында қомақты қаржысы болмаса да медицина қызметкерлеріне деген алғыстарын волонтерлер осылай да жеткізуге болатынын көрсетті деп ойлаймын. Дәрігерлердің еңбегі ұшан теңіз, алғыстың барлық түріне лайықты деп білемін.
–  Бір жазбаңызда «Шын досың қайсы» депсіз. Жауабын таптыңыз ба? Жалпы досқа сенесіз бе?
 – Біз осы күні достықтың парқына жетпей жүргендейміз. Бір-екі көріп дидарласқанға дос деп айта салатын болғанбыз. Досқа әрине сенемін, қасымнан табылар достарым да бар. Осы жазбамнан кейін сыйлайтын бір ағам хабарласып, осы тақырыпта ұзақ сөйлестік. Кейіннен «менімен жүр шын досымды көрсетейін» деп Шымкентке апарып, досымен таныстырған. Екеуінің арасындағы достыққа ешқашан сызат түспейтінін байқап, нағыз достың қалай боларын сезгенмін.
– Көбіне қандай кітап оқу керегі туралы кеңес беріп отырасыз. Бір айда қанша кітап оқисыз? Қай жазушының кітабы жаныңызға жақын?
– “Кітап оқығандар компьютер қарағандарды басқарады” дегенді естіп едім. Әрбір оқыған кітап оқырманға жаңа білім береді. Мен қатты шаршасам кітап оқимын. Кітапты оқи отырып сюжетті елестетіп отырамын, кейіпкерлердің қасында жүргендей боламын. Электронды кітаптарды оқи алмаймын, ол керісінше шаршатады. Бір айда бір кітаптан артық оқуға мүмкіндік болмай жүр. Соңғы оқыған Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» кітабы қатты әсерлендірді. Тәрбиелік мәні мол кітап дер едім. Қазақ жазушыларының барлығын оқуға ұсыныс беремін. Абайдан артық жазған ешкім жоқ, әр сөзін өмірмен ұштастыруға болады. Сондықтан жаныма Абай жақын.
– Бәріміз де «осыдан карантин бітсінші» деп жоспар құрып жүрміз. Көз алдыңызға қамсыз күнімізді елестетіңізші, мына індетті жеңіп, карантин аяқталса, ең алдымен не істейсіз?
– Сол күнге тезірек жетейікші. Карантин аяқталып оқушыларымды көруге асығып жүрмін. Басынан сипап, арқасынан қағып, кейде күліп, кейде ашуланып өтетін сабақтарымды сағындым. Оқушылар жаңа энергия, жаңа күш береді ғой. Тезірек қауышсам деймін. Елді қиындыққа салған мына індеттен тезірек арылғанымызды қалаймын. Қамсыз күнімізге жетсек деген арманым күн сайын күшейе түсті. Балалардың көзінен үрей сейілсе екен. Тезірек мектепке қосылып, білімін мектеп қабырғасында жалғастырса деймін. Ата-ана баласынан, баласы ата-анасынан айырылмасын. Еліміз аман болсыншы, қалғанын Алла өзі береді.
– Сұхбатыңызға рақмет!
Әңгімелескен
Мөлдір САБЫРЖАН

07 тамыз 2020 ж. 1 452 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031