БІЗДІҢ ТҮЛЕК БАУЫРЖАН
Ұстаз көзімен
Еліміз тәуелсіздік алғалы бері жүргізіліп келе жатқан тіл саясатының арқасында қазіргі таңда мемлекеттік тіл туралы оңды қоғамдық көзқарас қалыптасып отыр. Тіпті Отанымызда өмір сүріп жатқан басқа ұлт өкілдерінің де мемлекеттік тілді меңгеруге деген құлшынысы күннен-күнге арта түсуде. Бұл жағдайды қазақ тіліне құрмет деп түсіну керек.
«Тілдердің үш тұғырлылығы» бағдарламасының негізгі мақсаты мемлекеттік тіл – қазақ тілін орыс және ағылшын тілдерінің деңгейіне дейін көрсетіп, бәсекелестігін арттыру. Өскелең ұрпақтың үш тілді: қазақ тілін – мемлекеттік тіл, орыс тілін – ұлтаралық қатынас тілі және ағылшын тілін – халықаралық тіл ретінде оқып үйренуге ұмтылыс жасауы – заман талабы. Көп тілді оқыту – жас ұрпақтың білім кеңістігінде еркін самғауына жол ашатын, әлемдік ғылым құпияларына үңіліп, өз қабілетін танытуына мүмкіндік беретін қажеттілік. Тіл арқылы өсіп келе жатқан ұрпақты әлемдік кеңістік пен көршілес мәдениеттермен қарым-қатынас жасап, сөйлесе білуге дағдыландыруға болады. Көптілділік қазіргі әлемнің басты мәселесі адамдар арасындағы келісім мен өзара түсінуге көмектеседі.
Осы орайда №74 орта мектептің түлегі Бауыржан Базарбаев Әлиханұлын тілге тиек еткенді жөн көрдім. Бауыржан Әлиханұлы 1985 жылдың 5 жылдың қыркүйегінде Жаңақұрылыс елді мекенінде дүниеге келген. №74 орта мектептің 11-сыныбын бітіріп, сол жылы Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының «Математика» факультетіне грантқа түсіп, 2008 жылы үздік бітіріп шықты. 2008-2012 жылдар аралығында Астана қаласындағы «Астана-Достық» білім беру орталығында директордың оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметімен бірге еліміздің бас қаласындағы математика пәнін тереңдетіп оқытатын ер балаларға арналған қазақ-түрік лицейінде математика пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеген. Тынымсыз атқарған еңбегінің нәтижесінде 2010 жылы Ғизат Сағындық, 2012 жылы Әсел Қысықова есімді ҰБТ-ға дайындаған оқушылары мүмкін болған 125 балдың 125-ін толық жинап, абыройын асқақтатты.
2012-2014 жылдары Алматы қаласындағы С.Демирел атындағы халықаралық ағылшын тілінде ғана оқытатын университеттің «Математика» факультетіне магистратураға түсіп, үздік бітірген. Тәжірибе алмасу мақсатында Семей, Ақтау қалаларындағы «Достық» білім беру орталығында директордың оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарған Бауыржан Әлиханұлы қазіргі таңда Орал қаласындағы «Орал-Достық» білім беру орталығы директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары. Математика пәні бойынша Стамбул, Анкара, Мәскеу, Баку қалаларында өткен семинарларға қатысып, біліктілігін арттырған. Бауыржан Әлиханұлы – отбасында жұбайы Ақшолпанмен бірге балаларын тәрбиелеуші отағасы, ана тілінен басқа орыс, түрік, ағылшын тілдерін еркін меңгерген, ерекше қабілетті азамат. Мектебіміздің түлегі Бауыржан Әлиханұлына ұжым атынан, ұстаздары атынан әрдайым да мықты денсаулық, бақыт, шығармашылық табыстар тілеймін. Әрқашан ел абыройын биіктетіп, биіктерден көріне беруіне тілекшіміз.
Жұмагүл Исаева,
Жаңақұрылыс ауылы,
№74 орта мектептің қосымша білім беру педагогы