Қай жерде жүрсек те, көмектесуге даярмыз
Бауыржан РАҚЫШЕВ, А.Н.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығының кардиохирургия бөлімінің меңгерушісі:
Жүрек-қан тамыры аурулары бей-жай қарайтын дерт емес. Әсіресе қазіргідей пандемия кезінде барынша сақтануды қажет етеді. Осы орайда "Қазақстанның 100 жаңа есімі" жобасының өткен жылғы жеңімпазы, «Болашақ» бағдарламасының түлегі, кардиохирург Бауыржан Рақышевпен аурудың алдын алу шаралары жөнінде әңгіме өрбіттік.
‒ Covid-19 инфекциясының созылмалы аурумен ауыратын науқастар үшін қауіпті екені жиі айтылуда. Осы орайда вирустың жүрек-қан тамырлары дертіне шалдыққан адамдар үшін салдары қандай?
‒ Бұл вирустың әсері жалпы ағза үшін белгілі бір деңгейде әсер етеді. Әсіресе жүрек-қантамыр аурулары жане қант диабеті диагнозы бар науқастарда асқыну болуы мүмкін. Сонымен қатар ағзада тамыр ішілік өзгерістер болатындықтан майда тамырлармен қатар ірі тамырлар да зақымданады. Бұл әрине белгілі бір мүшенің кызметін бұзады. Сондықтан мұндай науқастарға аса мұқият болған жөн және дер кезінде дәрігерге қаралу керек.
‒ Пандемия ел медицинасының кемшін тұстарын ашық көрсетті. Дәрінің жеткіліксіздігі, мамандар тапшылығы сөзімізге дәлел. Осындай сындарлы сәтте сіздің салаңызда да әттеген-ай деген жағдайлар кездесті ме?
‒ Әрине елдегі ахуалға байланысты карантин уақытында күтпеген жағдайлар орын алды. Дей тұрғанмен халықтың басым көпшілігінде вирус ағымы жеңіл түрде өткені белгілі. Ал кардиохирургия саласында операция жасалу керек пациенттерге алдын-ала тексеру жүргізіледі. Содан кейін ғана операция жасалады. Пандемияның барлық салаға айтарлықтай әсер еткені сөзсіз.
‒ Жүрек ауруларының дамуына қандай факторлар әсер етеді, оның алдын-алуға бола ма?
‒ Жүрек-қан тамыры жүйесінің аурулары көп жағдайда науқасты мүгедектікке алып келеді. Сонымен қатар онкологиялык аурулар да осы санатқа жатады. Мұны «XXI ғасырдың обасы» деп те атайды. Жалпы жүрек аурулары ағзадағы басқа да аурудың асқынуынан және жүрек-қантамыр жүйесі қызметінің бұзылуынан пайда болады. Соның ішінде жүректің ишемиялық, ревматикалық, дегенеративті аурулары, туа бітті пайда болған ақаулары, миокард инфаркты, артериялық қан қысымының көтерілуі, сонымен катар жүректің созылмалы жеткіліксіздігі, кардиомиопатия жиі кездеседі. Бұл ауру түрінің дамуына қан кысымының көтерілуі, қандағы холестерин мен триглицеридтердің көп болуы, физикалық белсенділіктің төмен болуы, артық салмақ, қант диабеті, күйзеліс әсер етеді. Сонымен қоса генетикалық бейімділік те негізгі себептің бірі болып саналады.
‒ Әдетте көп дерттің шипасы дұрыс тамақтану, диета екенін айтамыз. Ал жүрек саулығы, тыныштығының басты емі қандай? Дәрі-дәрмексіз жүректі сауықтыра аламыз ба?
‒ Әрине дұрыс тамақтану, физикалык белсенділік, саламатты өмір салтын ұстану күнделікті режимде болу керек. Өйткені осы жағдайдың бәрі аурудың алдын-алуға әсер етеді. Дегенмен жүрек ауруына шалдықсаңыз және ол белгілі бір деңгейде асқынған болса, дәрі-дәрмекті де пайдалану керек.
‒ Науқасты тексеру барысында диагнозын анықтау қиын болған немесе шешім қабылдау ұзаққа созылған жағдайлар болды ма? Бір науқастың диагнозын анықтауға, анализ жүргізуге қанша уақыт жұмсалуы мүмкін?
‒ Пациент дәрігерге қаралғаннан кейін белгілі бір деңгейде аспаптық немесе лабораториялық тексеруден өтеді. Қазір жүрек-қантамыр жүйесі ауруларын тексеретін қажетті кұралдар жоғары деңгейде дамыған және біздің медицинада бар. Сол үшін бұл мәселенің шешімі бар деп айта аламын. Уақытына келер болсақ, ол аурудың түріне, даму сатысына байланысты.
‒ Кардиохирургия бойынша Қазақстан әлем медицинасына жаңалық енгізе ала ма? Жалпы саладағы ғылыми жетістіктер жайлы сөз қозғасаңыз...
‒ Жалпы мемлекетіміз кардиология мен кардиохирургияның дамуына жіті көңіл бөлгенін білесіз. Бүгінде науқастар уақытылы кардиохирургиялық және кардиологиялық көмек ала алады. Бұл сөзімізге елімізде кардиохирургиялык операциялар санының артуы, орташа жас мөлшерінің ұлғаюы, сонымен қатар әрбір облыс орталығы мен республикалық маңызы бар қалаларда емдеу орталықтарының ашылуы дәлел. Соның нәтижесінде қазір жүрекке жасалатын жалпы операциялар, жүрек ауыстыру операциясы, жасанды оң және сол қарыншаны орнату, толыққанды жасанды жүрек орнату операциялары жасалуда.
‒ Еліміздің шалғай аудандарында кардиохирургиялық емге мұқтаж науқастар қалай ем ала алады? Квота мәселесі толық шешілген деп айта аламыз ба?
‒ Жүрекке жасалатын операцияның барлығы мемлекет есебінен каржыландырылады. Сондықтан квота мәселесі де толық шешілген.‒ Дәл қазіргідей төтенше жағдай уақытында тұрғындар емханаға баруға жүрексінеді. Мұндай сәтте қандай шешім қабылдаған дұрыс?
‒ Әрине пандемияға байланысты оқшаулану және арақашықтықты сақтау аса маңызды болған соң тұрғындар көпшілік орынға барудан бас тартып, вирустың таралуына жол бермегені дұрыс. Дегенмен қазіргі уақытта емханалар сақтық шараларын сақтай отырып жұмыс жасауда. Сонымен қатар жедел желі телефондары мен онлайн кеңес беру жолға қойылған. Осы мүмкіндіктерді пайдаланып көмек алуға болады.
‒ Кардиохирургтің де жүрегі ауруы мүмкін бе?
‒ Әрине дәрігердің де денсаулығы сыр беруі мүмкін ғой (күліп). Десек те барлық алдын-алу шарасын сақтаған дұрыс. Осы ретте баса назар аударатын жайт, ауырмаудың жолын іздеу керек. Барлық зиянды әдеттерден аулақ болған жөн.
‒ Алдағы уақытта туған жерге келіп қызмет ету жоспарыңызда бар ма?
‒ Біз қоғамға қызмет етіп жүргеннен кейін қай өлкеде, қандай да бір науқасқа көмек қажет болса, үнемі дайын екенімізді еске салғым келеді. Осы ретте облыс тұрғандары да бізге келіп емделіп жүр. Сондықтан басқа қалада немесе туған жерімізде болсын қашанда көмек көрсетуге даярмыз.
‒ Сұхбатыңызға рақмет!
Гүлдана ЖҰМАДИН