» » » ЖУРНАЛИСКЕ САУСАҚ ҰШЫН ДА ТИГІЗЕ АЛМАЙСЫЗ

ЖУРНАЛИСКЕ САУСАҚ ҰШЫН ДА ТИГІЗЕ АЛМАЙСЫЗ

Талғат АЛМАНОВ, «Хабар 24» арнасының АҚШ-тағы меншікті тілшісі:

 
«Хабар 24» арнасының көрермендері бүгінгі газет қонағын жазбай таниды. Осыдан бірнеше жыл бұрын басты арнаның жаңалықтар тізгінін қолға алып, ақпарат таратқан жас журналист қазір АҚШ-та білім алып жүр. Кезінде Сербия Президентi Томислав Николич мырзамен,  Нидерландының Премьер-министрі Марк Рюттемен бірге эксклюзивті сұхбат ұсынған журналиспен жаһандақ жаңалықтар аясында әңгіме өрбіттік.

‒ «Хабар» арнасындағы жаңалықтар қызметі, одан бөлек түрлі мемлекет басшыларымен ұйымдастырылған эксклюзивті сұхбаттар, «Жерұйық» бағдарламасы, мұның бәрі үлкен жауапкершілік екені белгілі. Жалпы журналистикаға сіз қандай дайындықпен келдіңіз? Әңгімемізді бастамас бұрын телеарнадағы тынымсыз тіршілікті еске түсірсек... 
‒ Журналистикаға деген қызығушылығым оқушы кезден басталды. Қазақ  тілі мен әдебиеті мектептегі сүйікті пәндерімнің бірі болды. Әрі кішкентай кезімнен бірнеше тілде сөйлейтін азамат болғым келді. Оның үстіне  «Хабардың» эфирінен Зейін Әліпбек ағамызды көрген сайын сол кісі тәрізді диктор болуға талпындым. Араға талай жыл салып, сол балалық арман телевизияға  әкелді. Бұл салаға келген сәтте журналистикаға жаңа өзгеріс, жаңа леп беруге ұмтылдым, себебі менің де өзгелерден  кем түспейтінімді анам үнемі айтып, қолдап отырды. Осы орайда анам менің ең мықты мотиваторым болды. Халықаралық деңгейдегі маман болуды армандағанымды айттым. Сол үшін жас кезімнен ағылшын тілін жетік меңгердім. Шетелдік бағдарламалар мен журналистерді көргенде олардың қазақ журналистерінен алып бара жатқан ештеңесі жоқ деп ойлаушы едім. Шынында солай екен.
‒ Қазіргі таңда Нью-Йорк университетіндегі Артур Л.Картер атындағы журналистика институтында білім алудасыз. Оқу орны күткеніңіздей болды ма? Білім алушыға қойылатын басты талап қандай?
‒ Бұл оқу орны Нью-Йорктегі топ университеттердің бірегейі. Сондықтан ЖОО-да оқу оңай деп айта алмаймын. Ағылшын тілінде мақала жазу, сюжет жасау, деректі материалдар түсіру мен ойлағаннан да  қиын екен. Тиіп-қашып жүріп оқу деген атымен жоқ. Бастысы, ағылшын тілін жетік меңгерсеңіз болғаны. Тағы бір маңызды талапқа келер болсақ, берген тапсырманы уақытылы өткізіп, энтузиазм көрсетсеңіз оқуды сәтті аяқтайсыз.
‒ Мемлекеттік саясаттың бұқаралық ақпарат құралдарына әсері болмай қоймайды. Жалпы ағылшын билігінің БАҚ-қа  көзқарасы қалай?
‒ Меніңше, АҚШ-тағы мемлекеттік саясат журналистикаға еш әсер ете алмайтын сияқты. Америкада сөз бостандығы барынша сақталған және журналистерге саусағыңыздың ұшын да тигізе алмайсыз. Себебі АҚШ Конституциясы ең бірінші сөз бостандығы мен журналистерді барынша қорғайды.
 ‒ Сіз араласатын ағылшын ортасы қаншалықты қызық? Біздің қоғамнан бөлек ерекшеліктер жайында не айтар едіңіз?
‒ Шынымды айтсам, көбіне шет елдік азаматтармен араласамын, себебі мен оқып жүрген бағдарламада бірде-бір қазақ немесе орыс студенттер жоқ. Ең басты айырмашылық, құндылықтарда. Біз бағалайтын нәрселер шетел азаматтарына мардымсыз көрінуі мүмкін немесе керісінше. Бірақ достарымның барлығы тамаша.
‒  Ағылшын оқырманы немесе көрерменінің ақпарат құралдарына қатысты сұранысы қандай?
‒ Америкалық журналистикада талас-тартыс, дисскуссия тудыратын материалдар жоғары сұранысқа ие. Сондықтан  баспасөз беттері мен телеарнаның басым бөлігінен осындай ақпаратты көп байқауға болады. Жай ғана мысал, «New York Times» газетінің жылдық табысы 1,7 миллиард долларды құрайды. Әрі қарай өзіңіз ойлай беріңіз...
‒ Instagram  немесе facebook желісінен түрлі тақырыпта дайындалған сюжетіңізді жиі байқаймыз. Бір материалға анализ жасау қанша  уақытқа созылады және қандай ақпарат көзіне сүйенесіз?
‒ Салмақты материал дайындау ‒ менің журналист ретіндегі басты ұстанымымның  бірі. Ол үшін біраз уақыт жұмсалатыны анық, бірақ журналист ретінде даму үшін алдымен тақырыпқа зерттеу жүргізу қажет. FB-ға келер болсақ, бос уақытым болғанда ғана өзімнің жазған дүниелерімді салып тұрамын. Себебі материалдың көп бөлігін америкалық платформаларға шығаруға тырысамын. АҚШ-қа келгендегі мақсатым да сол емес пе, білім алып, тың тәжірибе жинағым келеді.
 ‒ Қазір жаһандық саяси мәселелерде қандай тақырып өзекті?
‒ АҚШ жайлы айтайын. Мұнда пандемиядан кейінгі басты тақырып қарашада өтетін президенттік сайлаудың айналасындағы дүниелер маңызды. Оның ішінде демократтар мен республикашылардың сайлауды қалай өткіземіз деген талқысы көп айтылады.
‒ Жақында ғана Қазақстаннан асырап алынған америкалық Әсия Бергердің оқиғасы көптің назарын аудартты. Сіз бұл жайлы алғаш қайдан білдіңіз? Сол кездегі ізденіс, эмоция жайлы қысқаша айтып берсеңіз? Жалпы шетелдегі қандастардың жағдайына да тоқталсаңыз...
‒ Әсияның ата-анасын іздеп жүргенін әлеуметтік желінің бірінен көзім шалып қалды. Іле-шала Әсияның өзіне хабарластым. Алғашында жай ғана қызығып, ата-анасы жайлы не біледі екен деп ойладым. Сөйлесе келе Әсияның даусынан, көзінен ата-анасын  табуға тырысып, көмек іздеп жүргенін түсіндім. Сұхбатты жазудағы мақсатым да сол,  Әсияның ата-анасын табуға шынымен көмектескім келді. Алланың қалауымен және қазақ халқының кең пейілділігі арқасында көп ұзамай ата-анасын таптық. Сол кезде Әсия қатты қуанды. Кішкентай кезінен АҚШ-та тұрса да, маған Әсияның жаны қазақ тәрізді көрінді. Қаны қазақ екені анық. Қалжыңдары да біздікіне ұқсайды. АҚШ-та ондай балалар көп.  Осы орайда барлығы да өз ата-анасын тапса екен деген тілегім бар.  
‒ Пандемия әсері әлемді түгел қамтыды. Бастапқыда көпшілік «саяси астар» іздеген вирус толқыны Америка қоғамына қалай әсер етуде? Журналист ретінде пандемиядан кейінгі жағдайды қалай бағамдар едіңіз?
‒ Шыны керек, қандайда бір болжам жасай алмаймын. Әлем күн сайын өзгеруде. Пандемияның қашан бітетінін бір Алла біледі. Бір айтарым, бүкіл әлем сияқты АҚШ жұртшылығы да аңтарылып қалды.
‒ «АҚШ-тың не себепті ұлы мемлекетке айналғанын білесіз бе? Себебі америкалықтар америкалық болғанына мақтанады. Бізден өзге еш айырмашылығы жоқ» деп жазыпсыз бір жазбаңызда. Алайда көпшілік пікірінде  екі  мемлекеттің арасы жер мен көктей екені белгілі. Екі елді салыстырсақ, біз неден ұттық, қай жерде қапы қалдық?
 ‒ Меніңше, біздің ұтқан тұсымыз ‒ ұлттық құндылықтар мен руханият жағы. Оның ішіне тәрбие, имандылық, үлкенді құрметтеу дегеннің бәрі кіреді. Ұтылатын жеріміз де жоқ емес, жаңа технология, білім беру, экономикалық жағдайдың бәрі соған дәлел бола алады.
 ‒ Жастардың басым бөлігі шетелде білім алған соң, сол қоғамда қалуды таңдайды. Сіздің бұл тақырыпта пікіріңіз қандай? Елге оралған жағдайда қандай бастаманы қолға алар едіңіз?
‒ Шынымды айтсам, ойға алған жоспарларымды құр сөзбен айтып, уәде беруді ұнатпаймын. Алла қолдап, Қазақстанға оралған соң жасалатын өзгерістерді іс жүзінде көрсеткім келеді. Бәлкім сол кезде тағы да сұхбат құрудың сәті түсер.
‒ Сұхбатыңызға рақмет!
Әңгімелескен Гүлдана ЖҰМАДИН
20 тамыз 2020 ж. 581 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930