» » Газет – жазу мектебі

Газет – жазу мектебі

    Қазыбек БОТАЕВ, облыстық «Кызылординские вести» газетінің бас редакторы:

– Бүгінгі журналистика туралы ойыңызды білсек. Ақпараттық қоғамдағы Қазақстан журналистикасының даму деңгейі қандай деп ойлайсыз?
– Уақыт өткен сайын өмір де өзгеріп тұрады. Әр заманның өз ерекшелігі мен адамзатқа қояр талабы басқаша болатыны содан  болса керек. Бүгінгі журналистиканы алсақ, өзгерістер көп, өйткені журналистика мамандығы қай кезде  де заман талабына сай болуы шарт. Қазіргі кезде бұл мамандық жеделдігімен бағаланады. Сондықтан әріптестеріміз болған оқиғалар мен түрлі шараларды неғұрлым тезірек ақпараттандыруға тырысады. Бұл жерде интернет, тағы да басқа журналисттің жұмысын жеделдететін заман ерекшелігін айта кетейік. Еліміздің журналистикасына келсек, әрине, көп ілгерілеушілік бар. Қазақстан журналистикасы бүгінде ақпараттық кеңістікте өз орнын алып отыр деп толық айта аламын. Бүгінде Қазақстан журналистері әлемнің түпкір-түпкірінде абыроймен қызмет атқарып келеді. Олардың арасында жас әріптестеріміздің көп екені қуантады.
Еңбек жолыңызды мұғалімдіктен бастапсыз. Журналистикаға қалай келдіңіз?
– Ия, ол рас. КазГУ-дың филология факультетін бітірген соң он жылдай Қызылорда қаласындағы мектептің бірінде орыс тілі мен әдебиеті пәндерінен дәріс бердім. Сол кезден бастап қазіргі «Кызылординские вести» (ол кездерде «Путь Ленина» деп аталатын) газетіне мақалалар жаза бастадым. Ол кезде жаспыз, телеарнада істегіміз келді. Күндердің күнінде облыстық радиоға қабылдандым, онда үш жылдай істеген соң телевидениеге ауыстым. Менің журналистикаға келуім осылай болды.
  – Журналист алысса алатын, жұлысса жұлатын батыр болу керек пе?
– Әрине әр адамда мінез болғаны дұрыс. Журналистикаға келген адамда, әсіресе жастарда, өз ойы мен ұстанымдары болу керек. Ішкі дүниеңді дұрыс жеткізе біліп, өз позицияңа мықты болсаң, жаман болмайсың, ал, осы талаптардың ең бастысы, адамға батылдық керек. Газет беттерінде, телеэкраннан өз ойыңды кібіртіктемей, батыл айтып отырсаң ғана жұрттың назарын өзіңе аударасың.
– Сіздің тағы бір қырыңыз – көркем аудармашылық. Көркем аударманың сапасы ескерілмей, кемшін түсіп жатқан жақтары бар ма?
– Көркем аударма  өте күрделі жанр деп айтар едім. Сонау сексенінші жылдардың ортасында алғаш рет мені аудармаға тартқан Дидахмет Әшімханов деген жазушы. Сол кісінің «Жолдас генерал» атты повесін орыс тіліне аударып, автордың оң бағасын алғанда төбем көкке жеткендей болды. Жазушы ағамыз аудармашыға қойылатын басты талап – автордың стилін сақтап қалу дейтін. Мен аудармаға кіріскен кезде осы сөздер үнемі есіме түседі. Әрине, аударманы өз бетінше шығарма деуге де болады. Алайда орыс тіліне, не басқа тілдерге аударған дүниеде автордың «иісі» шығып тұру керек. Ол оңай емес, сондықтан аудармашы жұмысқа кірісер алдында оның үлкен жүк және жауапкершілік екенін мойындау керек. Сонда ғана сенің еңбегің сапалы болып шығады, оқырманды қызықтырады.
 – Қызылорда облыстық телерадиокомпаниясында қызмет жасадыңыз. Газет пен телеарна екі бөлек әлем бе?
– Облыстық радиода, одан  «Қазақстан-Қызылорда» телеарнасында жиырма жылға  жуық жұмыс жасаппын. Телевидение деген бір ерекше дүние десем артық болмас. Әріптесім, белгілі журналист, жазушы Несібелі Рахметтің сөзімен айтсам, телевидение – синтез. Өйткені хабар немесе сюжет дайындауға журналистпен қатар оператор, режиссер, дыбыс режиссері тағы да басқа мамандар атсалысады. Материалдың эфирге сапалы болып шығуы осы азаматтардың жұмылып жасаған еңбегінің арқасы. Газет пен телевидениенің арасында айырмашылық көп. Ең бастысы, телевидение өзінің жеделдігімен ерекшеленеді. Таңертең шығып кетіп, бір-екі сағаттың ішінде сюжетті түсіріп, мәтінін жазып, оны монтаждап, түскі эфирге беріп үлгеру оңай дүние емес. Сондықтан телевидениенің мектебінен өткен азаматтардың бойында осындай қасиеттер қалып қояды екен. 
Газетке келсек, бұл үлкен мектеп, нақты айтар болсақ, жазудың мектебі. Ең бастысы, мұнда ойыңды жинақтап, көсіліп отырып жазуға мүмкіншілік бар. Менің жеке пікірім – жастар телеарнаға бармас бұрын газетте ең болмаса бір-екі жыл істегені дұрыс. Өйткені газет жазудың қыр-сырын  үйретеді, жазу стилін қалыптастырады. Мәселен, облыстық радио бар кезде мынадай тәртіп болды: телевидениеге қабылдану үшін журналист кемінде үш жыл радиода жұмыс істеу керек еді. Өйткені облыстық радионың да жас журналистерге берері көп болатын.
– Бүгінгі күні журналистиканың өзекті мәселелері сізді қызықтыра ма? Кейінгі буын журналистердің шығармашылығын бақылайсыз ба?
– Өміріңді журналистикаға арнаған екенсің, сала мәселелеріне, әсіресе өзекті мәселелерге қызығып отыру – сенің міндетің. Біріншіден, журналист әлемде, елімізде және өңірімізде болып жатқан жаңалықтардан хабардар болуға тиісті. Екіншіден, басқа басылымдарды үнемі оқып, телеарналарды көріп, радио тыңдап отырсаң, санаңа көп нәрсе түйесің, үйренесің. Жастарға келсек, әрине, талантты жастар көп, оларды тәрбиелеп, бағыт-бағдар беріп отыру артық етпейді. Сонда ғана олар ашылып, тұлға болып қалыптасады. Сонымен қатар жалқаулар, журналистикаға біреудің айтуымен немесе кезінде конкурс қолайлы екен, деп келгендер де бар екенін мойындайық. Оларға маман болып кету қиын әрине. Десек те оларды да тәрбиелеп мықты журналист етіп шығаруға болады, тек жастардың ынтасы керек.
– Өмірін журналистикаға арнаған адамдарға өз деңгейінде көңіл бөлінбеуде. Олардың еңбектері бағаланбай, өздері тасада қалып қойып жатқан сияқты. Сіз қалай ойлайсыз?
– Республикалық бұқаралық ақпарат құралдарын оқып, көріп отырсаң, мұндай фактілер кездеседі. Алайда Сыр бойының ардагер журналистерін алсақ, олардың жағдайы жаман емес сияқты. Әрине біз біле бермейтін жағдайлар болып тұратын шығар. Десек те 98 пайыз қазақ тұратын ел болғаннан болар, ақсақалдарымыздың жағдайы жақсы деп санаймын. Еңбегіңнің бағалануына келсек, барлығы журналистің өзіне, оның шығармашылығының деңгейіне байланысты.
– Сіздің ойыңызша, қазіргі жігіттер неге ұсақталып кетті? Басты үш себепті атай аласыз ба?
Әрине, жастарға көңілім толмайтын жайттар жоқ емес. Ең бастысы, қазіргі жастарда ынта аздау сияқты, кітап, газет оқудың орнына гаджеттерге үңіліп отырады. Жұмыс істеуге құлқы жоқ. Алайда адам болғасын, әртүрлі мінез, әркімнің өз ұстанымы болу керек. Бес саусақ бірдей емес қой. Бірде мықты, принципшіл, шыншыл адамды кездестіріп, оған қызығып отырсаң, тағы бірде жаныңдағы адамның істеген ісіне, айтқан сөзіне іштей ренжіп отырасың. Сондықтан қазіргі жігіттер ұсақталып барады деген пікіріңізбен келіспеймін.
– Мамандықты қайта таңдау мүмкіндігі туса, қай саланы қалар едіңіз?
Бала кезімнен заңгер болуды армандадым. Бірақ жыл өткен сайын шығармашылыққа көбірек назар аудара бастадым. Ал менен қазір сұрасаңыз, түбінде журналист болғаныма Аллаға шүкір деймін. Бұл мамандықтың арқасында қалың жұртпен араластым, халық мені танитын болды. Сондықтан қайтадан мүмкіншілік туса осы мамандықта қалар едім.
– Сұхбатыңызға рақмет!
Ерхан АҚЫН
          
18 қараша 2019 ж. 485 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031