БРАЗИЛИЯДА ОҚЫҒАН БАЛАЛАР ДАРЫНСЫЗ БА?

Латын Америкасында 9 жылдың ішінде 78 жас өрен оқып қайтты. Көпшілік алғашында оларды қазақ футболын өрге сүйрейді деп үміттенді. Оған себеп те жоқ емес. Жобаға қомақты қаржы бөлінген. Үш жылда бір лектің 26 баласына мемлекет қазынасынан 260 млн. теңге жұмсалды. Алайда футбол сарапшылары «бразилиялықтар таланттар елі болғанмен, доп тебуді үйрету жағынан еуропалықтардан қалыс қалады. Сол себепті, жастарды кәрі құрлыққа жіберу әлдеқайда тиімді» деді спорт журналисі Ермұхамед Мәулен.
Бразилияға барған балалар бірінші және екінші лигада өнер көрсетеді. Бір-екеуі аудармашы болып қызмет етеді. Соның бірі Фархад Жәнібеков қазір Шымкенттегі «Оңтүстік» футбол академиясында испандық жаттықтырушының жанында жүр. Испан маманының білгенін үйреніп алса, Фархадтың болашақта атақты Жозе Моуринью секілді бапкер болуы мүмкін. Виктор Павленюк те «Қайраттың» бас жаттықтырушысы Карлос Алос Феррердің аудармашысы қызметін атқарады. Осы тұста бапкер Ә.Дербісбаев балаларды шетелге жіберудің жаңа тәсілін ұсынды.
– Жас футболшыларды басқа жүйемен алып барған дұрыс. Мысалы еліміздің оңтүстік өңірінің баласын Испания, Португалия, Бразилия секілді допты көбірек бақылауда ұстайтын, техникасына басымдық беретін елге жіберу керек. Ал сұңғақ бойлы солтүстік өңірдің жеткіншегін Англия, Голландия болмаса Ресей академиясына жіберген жөн. Себебін түсінген шығарсыздар? Басты назарда – балалар өзге климатқа тезірек сіңісіп, өз техникасын табу керек, – деді.
«Оле Бразил» академиясының түлегі Мұхтар Қалымбетов «Бәйтерек» командасы жабылған соң жұмыссыз қалғанын айтты. «2015 жылы «Бәйтерек» командасы тарағаннан кейін барлығымыз тентіреп қалдық. Көбі «екі қолға – бір күрек» іздеп кетті. Былтыр бір жыл еш жерде ойнаған жоқпын. Қазір команда іздестіріп жатырмыз. Негізі шетелге балаларды жіберуді тоқтатпау керек. Өйткені Бразилияда жасалған жағдайдың жөні бөлек. Бірнеше ірі халықаралық турнирге қатыстық. Чемпион болдық. Жүлдегерлер қатарынан да көріндік. Португал тілін үйрендік. Қысқасы, жас балаларды тек Бразилияға емес, басқа да елге футбол әліппесін үйренуге жіберу қажет. «Бәйтерек» секілді бірінші не екінші лигада команданың болғаны дұрыс. Себебі үш жыл бойы бірге ойнағандар бір жерге шоғырланса, төккен тер босқа кетпес еді. Әйтпесе қазір балалар елге келгеннен кейін қайда барарын білмей қалды», – деді Мұхтар. Міне, кейіпкерлер ойы осындай. Бізді қынжылтатыны, қомақты қаржы жұмсалғанмен бағдарлама неге жеміс бермеді? Бұл жобаның әу баста шикі болғанын Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы да мойындады. Парламенттік тыңдауда сөз алған министр қазақстандық жастарды Бразилиядағы футбол академиясында оқыту еш серпін бермегенін және жоба жүзеге аспағанын айтты. Біздегі бар мәселе қаражаттың аз-көптігінде емес, қолға алынған жобаның соңына дейін жүзеге аспай, жарты жолда қалатынында. Демек бағдарламаға жұмсалған қаржы желге ұшты деген сөз.