САЯХАТ

  – Шақырдыңыз ба, әкім мырза, – деп есікті жұдырығының ұшымен ғана ұрып, ақ жейде киген қыздың дауысы ұйқымды бұзып жіберді.
– А, әкім?! Қайдағы әкім? – деп мен мамық, әрі таза тігілген қоңыр түсті креслода шалқайып жатқан күйі құлап кете жаздадым. Көзін жыпылық-жыпылық етіп, хатшы қыз қос қасын көтерген күйі қарап тұр.
– Кім әкім?
– Ауырып тұрған жоқсыз ба? Бүгін 10-да кәсіпкерлермен кездесу бар. Көлігіңіз дайын, – деді де шығып кетті.
Мен орнымнан атып тұрып айнаға жүгірдім. Үстімдегі немістің бренді Digel men-нің қара костюмі терезеден түскен күн сәулесімен жылтырайды. Толып кеткен қарнымнан алдыңғы түймелері бекітілмей тұрғаны болмаса, жарасып-ақ тұр. Жейдемнің білегіндегі көк жіппен тігілген инициалым көзге бірден түседі. Қолымда Patek Phillippe-тің сағаты 9:40-ты көрсетті. Самайымдағы шаш ағарыпты. Көзім шүңірейіп, жаңа ұйқыдан тұрған соң ба, сәл ісіп тұр. Кабинеттің есігін ашып, басымды ғана шығардым. Мен «мен» емес екенімді біреу танып қоймай ма екен?! Хатшы қыз ұялы телефонымен біреуге үздіксіз хабарлама жазып отыр. Біресе қабағын түйеді, біресе экранға қарап күледі. Мені байқаған болар орнынан түрегелді. Мен бірден еңсемді тіктеп, оған мән бермегенсіп, үлкен қадамдармен адымдап кете бергенімде, «Кешіріңіз!» деп саңқ ете қалды.
– Бітті. Құрыдым. Біліп қойды.
– Кешіріңіз, әкім мырза, киіміңізді кимейсіз бе?
– Хм, а, я, әкел.
Дәлізде кездескеннің бәрі сыпайы басын изейді. Хатшы қыз лифтті ашты да, шығып бара жатыр еді:
– Ау, көлігіме дейін шығарып салмаймысың, – дедім қабағымды түйіп. Бар ойым көліктің қайсысы екенін көрсетіп жіберсе болғаны. Бірақ уайымым бекер екен. Шыға берістегі екі қара джипті байқамау мүмкін емес. Жүргізуіші көліктен атып шығып, оң қолымен есігін ашты. Қаланың орталық көшелерімен жүріп келеміз. Көліктің қара терезесінен мен білетін қала түрленіп шыға келді. Бұрын іші лас, әрі салқын қоғамдық көлікпен жүретінмін. Қазір үстімдегі таза кашемирден бе, машинаны алдын ала жылытып қойғаннан ба, даланың суығы түк білінбеді. Жол да түзелгендей. Жүргізушілер де жол беріп, сыпайылық танытты.
Көк тереземен көмкерілген биік ғимаратқа келдік. Алдымнан оншақты адам күтіп алып, мәжіліс залына апарды. Айтуларынша, оң саясаттың арқасында бәрі жеткілікті, жұмыс жүріп жатыр. Берген есебінен мін таппайсың. Қызметіме дән риза мен жиналыстан көңілді шықтым. Жаңа кейпіме үйрене бастағандаймын. Шығаберіске келгенде жанымдағы көмекшінің есік ашуын қалай күтіп тұрғанымды байқамай да қалдым.
Негізгі көшеден солға бұрылдық. Күзетші күркесіне дейін асфальт төселіпті. Биік қоршаудың арғы жағынан екі қабатты үй көрінді. Балконда тұрған балаларым болу керек, қолдарын көтеріп, жамырай жөнелді. Үлкені Англияда оқиды. Кішілері жеке мектепке барады. Үйдің қақпасы ашылып, ішке көлікпен кірдік. Үстіне жасыл киінген екі әйел үйді айнала қоршаған аласа шыршаны қымтап жатыр. Қыс болса да, субұрқақты жаңа ғана біреу жылтыратып сүртіп қойғандай. Алыстағы балаларым ойнайтын футбол алаңына аузым ашылып келе жатқанда аяғым сүрініп, ұйқымнан оянып кеттім. Сөйтсем мұның бәрі түсім екен.
Шатыры тесік, жарығы жоқ бір бөлмелі үйімде жатырмын. Үстімде әкемнен қалған ескі тон. Терезеден айдың сәулесі түсіп тұр. Әйелім мен екі қызым екі көрпені үсті-үстіне жамылып, тәтті ұйқыда. Ертең тағы суық күнде тағы құрылыста еңбектенуге тура келеді. Енді осы айлығыма жылы қолғап алсам ғой. Бірақ, жоқ. Одан да қызымның сұрап жүрген қуыршағын алып берейін. Қолғапты келесі бір айлықта алармын. Бірақ мен бәрібір адал еңбектенсем ғана жеңіп шығатыныма сенемін. Қиындық уақытша. Бірақ мына түстен кейін ойымда бір тілек пайда болды. Енді әкім түсінде менің өміріме саяхат жасап көрсе ғой, шіркін.
Әсел БЕГМАН
---
15 ақпан 2019 ж. 524 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Шілде 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031