Рәйбәлінсә

Есіктен таяғына сүйенген Қатираш кіріп келді. Өңі сұп-сұр.
– Бұл қай бәлінса?
– Рәй бәлінса...
– Рәйіңді қайдам, байымды жазсыншы...
Екі күнге тамақты бірден істеп, ар жағында ашып кетсе де алдына қоя берсе, доғдыр іздеп шырылдамай көрсін. Салақ қатын Қатираш, жо-жоқ, салақ емес-ау, пысықтығы шектен асып, мазасы қашып кеткен Қатирашты көргенде кезектің алдынан бір-ақ шығардық. Байы әтрәбление ма бірдеңе. Опшым, денсаулығына әгрәбление болған-ау...
Сиырын айдап өтіп бара жатып, соға салатын әдетімен Қомшабай да қомпаңдап кіріп келді. Соға салатын түгі жоқ, ауырғанына алты ай болды, жазатыны бір доғдыр жоқ. Ақыр соңында «денсаулығым не болып жатыр екен, соға салайыншы» дейтін күйге жеткен. Есіктен ене сала кезекті көрді де:
– Қаралып алыңдар. Мен күнде осы жердемін ғой. Ертең соғармын, – деді де қайта шығып кетті. Шамасы өшірттен шошып кеткен-ау, тәйірі. Әйтпесе, шатақтың шаңын шығарған оның бақсы атынан ат үріккені былай тұрсын, ауыл көшетінді шығарған.
Қомшабайдың артынан майланбағалы жыл болған есік сықыр етіп қайта ашылды. Кезек тағы да мойын созып, «кім кеп қалды» дегендей алая қарады. Еһ, баяғы жалмауыз ғой. Бара жатқанның балтасын, келе жатқанның кетпенін қағып алатын, бірақ доғдыр мен мілітсаға әлі келмей, соларда кеткен ақысын көршісі Мырқымбайдан алатын сол баяғы Алпамсоқ. Иә, ол солай. Түріне, әңгімесіне қарасаң доқ көрсеткеннің «дұхын» шығарады, жұрттың мұрнын бұзады, бұзған сайын қызады, ал сол жерге мілітсә келсе, бірінші болып «сызады». Бірақ оны өз аузынан естісең, ең соңынан кеуде керген, кеудесіне бөлке нан піскен біреу дерсің... Қысқасы, сол Алпамсоқ келе жатыр. Тәйірі, ешқашан ешкімге көңілі толмаған. Әкім қараның бәрі келе сала Алпамсоқтың алдынан өтеді. Өткен жолы келген әкім бір ат мінгізген екен, онысы алты айға әрең жетіп, алты айдан соң «ұнамай» қапты. Мына кезекті жылжытар бір жан болса, сол болар деп ел үмітпен қарады. Келушілерді ойша санады да, ол да кері бұрылды, ел күдікпен қарады.
Таң қылаң бере келген кезектің алды есіней бастады, тал түс болды. Маза қашты. Әңгімеге Бәтима араласты.
– Апырай, осылар неге көрмейді, мына тұрған Жалағашты. Қандай тамаша. Онан берідегі Сырдария да құр дария емес, доғдырлары аурудың үйін шарлайды, өздері бір дем алмайды. Құрғыр, біздің ауылда дұрыстап ауыра да алмайсың. Ауруыңды білгің келіп, бәлінсаның табалдырығын тоздырып, ақыры ауруыңды ұмытып кетесің. Опшым, мен не үшін келдім? Міне, тағы да жазылып кеттім, – деді де есікті бетке алды.
Елді тыңдаумен ғана бас шұлғып отырған Батыр бұл жолы есікке саусағын шошайтқан күйі аңтарылып қалды. Бәрі сықырға қарай құлағын ғана емес, бұ жолы екі көзден тосты. Кәстөм-шалбар, көзінде әшки, қолында пирәшки, аяғында жүн нәски, шіләпәсін қайырып бәзбіреу кірді де талып қала жаздады. «Е, Құдай, бұл кім болды екен» десті аңтарылған аңғал жұрт. Әлгіміз жымия сәлемдесті де, кәбинеттерді қаға бастады. Бәрі құлып, анау ашуланды тұтқаны алардай жұлып. Әрі қарады, бері қарады, сонау тұрған ашық кәбинетке барады. Апырмай, айтып-айтып тастады, қаһарын төкті, бәрін сөкті. Өмірге Алпамыс, Қобыландылар қайта келгендей халық бөркін аспанға атты. Бір уақытта аға аяжан:
– Айтып болдыңыз ба? Сіз кімсіз өзі?! Бір «нәрмәльні» шай ішейін десең осы. Есікті жап та, кезекке тұр. Сосын қараймыз мәселеңізді, – дегені сол еді бас дәрігер де, мас дәрігер де, жас дәрігер де жедел жүгірді де кетті. Әлгінің қолын қос қолдап алып, арқасынан қақты, майдай жақты, содан байыз тапты. Кезегіңіз не, бәлінсанің алдынан тезек те таппай қалды.
Сөйтсе, әлгіміз аудан әкімі екен ғой...
Қыр баласы