» ҚОҒАМҒА СЕРГЕКТІК – АКТЕРДІҢ АЗАМАТТЫҚ БОРЫШЫ

ҚОҒАМҒА СЕРГЕКТІК – АКТЕРДІҢ АЗАМАТТЫҚ БОРЫШЫ

Нұркен ӨТЕУІЛОВ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, кино және театр актері:
Абай образы менің санамда 5-6 жылда қалыптасты
− Сіздің сахнадағы шынайы бейнеңізді, театрдағы терең ойыңызды Тәңіртаудың баурайында, атаңыз Өтеуілдің бауырында сіңірген тәрбиемен, жалпы дала философиясымен байланыстырады. Өнерге әсем өрнек салу үшін адамды тағы не өсіреді? Бүгінгі Нұркен Өтеуіл қалай қалыптасты?
− Адам болмысының қалыптасуы біліммен қатар, ізденіспен келеді. Әлихан Бөкейханның мынадай сөзі бар: «Ұлтқа қызмет ету үшін бірінші білім емес, мінез керек» дейді. Мендегі қасиеттің бәрі атаның қанымен, ананың сүтімен дарыған болу керек, бала күнімізде сол кісілер көрсеткен тәрбие, оның ішінде үлкенді сыйлау, адамды құрметтеу, ешкімнің ала жібін аттамау сынды құндылықтар бойымда мінез болып қалыптасты. Сол мінезбен білімнің арқасында елдің өнер, мәдениет саласында қызмет етіп жүрген жайым бар. Өмірде ең маңыздысы адамның ниеті екенін ұмытпау керек.
− Аға, Абай – Гималай ғой. Биік шыңды бейнелеуге қалай тәуекел еттіңіз?
− Әрине, мен Абайтанушы емеспін, бірақ әр қазақ Абайды өз пайым-парасатынша танып, түсіну керек. Абай – қазақтың жаны, Абайдың жазбаларында ұлттың тәрбиесі мен өнегесі жатыр. Осы тұрғыда менің рухани өсуіме театр сахнасында сомдаған Абай рөлі үлкен әсер етті. Бұрын да айтып жүрмін, атам Өтеуіл бала күнімде жанына шақырып алатын. Үйдегі үлкен бір кітапты қолға алып, «мына бетті ашсаң қара сөз бар,  мына бетте жақсы бір өлең бар, соны оқы» деп тапсырма беретін. Шамамен 13-14 жастағы баламын ғой, жаңағы өлеңге қарағанда даладағы ойынға көңілім алаң бола береді. Сол кезде атама реніш білдіріп, ойын уақытында шақырып алды деп іштей қарсылық танытатынмын. Бірақ қазір атам менің санамда Абай бейнесін бала күннен-ақ қалыптастырғанын түсіндім. Бағыма орай  театрға келген соң М.Әуезовтің «Абай» спектаклінде басты рөлді сомдау бұйырды. Ойлана келе «Абайдың поэзиясы мен қара сөзін сахнада бейнелеп, халыққа қойылым арқылы неге жеткізбеске?» деген сауал туындады. Кей кезде біз кейіпкердің сөзін жаттаумен ғана шектелеміз ғой, ал сахнада тұлғаның образын көз жасыңмен, маңдай теріңмен сомдағанда бұл басқа дүниеге айналады. Солай «Абай – ЖАН» атты моноспектаклді шығардық. Оның ішінде Абайдың жаны, халықтың, менің жаным бар. Әр көрерменнің өзіне қояр сауалы мен алар жауабы да осы қойылымның ішінде болды. Абай әлеміне біз осылай ендік. Абай образы менің санамда 5-6 жыл дайындалды, оның бейнесін халыққа толық көрсету үшін замандастарыма, пьеса жазатын драматургтерге «Абайдың жанын шынайы көрсетуіміз қажет» деп талай рет қолқа салдым. Осы жылдар аралығында Фархад Молдағали деген жас режиссердің көзқарасымен менің ойым бірігіп, бес-алты ай ішінде қойылым сценарийі жазылды. Солай «Абай – ЖАН» сахнаға шықты. 
 − Көрермен қалай қабылдады?
− Әрине, біз бейнелеген Абай образын көрерменнің бәрі бірдей қабылдады деп айта алмаймын. Бұл қойылым театрға табыс әкелетін немесе менің өз басыма пайда табуға арналған дүние емес. Бұл – рухани күш сыйлайтын спектакль, сондықтан халық әрқалай түсінеді. Абайдың бір-екі өлеңін білетін, бірақ қара сөзінің тереңіне бойлап көрмеген көрермен де бар. Кейбір көрермен «Абай мұндай емес, ол ашушаң емес, ол айқайламайды» дейді. Абай жалғыз қалған кезде, жаны ауырған сәтте оның қасында ешкім болған жоқ қой. Маған ерекше әсер еткені де сол болды, қазақтың мінезін, қоғамның күйінішін айтқан сәтте ол қалай бәрін оп-оңай отырып жазды? «Мен осы жасқа жеткенше жақсы өткіздім бе, жаман өткіздім бе, әйтеуір талай өмірімді өткіздім. Алыстық, жұлыстық, айтыстық, тартыстық» дейді Абай. Оның қасіретін сөзінен-ақ сезінуге болады, соққы жеді, халық арасындағы әділетсіздікті көрді, жан-жақтан қыспақты, рухани құлдырауды, биліктің озбырлығын басынан өткерді. Абайдың әлеміне әр адам ену керек, сол кезде ғана спектакльдің айтар ойын түсіне алады. Әркімнің жүрегінде өз Абайы бар, соны зерделеу қажет. Кейбір көрермен қойылымнан соң хабарласып, «Абайды қайта оқыдық» деп хат жазады. Абайдың сол қоғамға қарата айтқан мәселесі әлі де өзекті. Өткенде бір үлкен кісі келіп «Абай – ЖАН»-ға қарап отырып, біздің тек сырт киіміміз ғана өзгергенін көрдім, біз әлі Абайдың заманындағы адамдар екенбіз» деген пікір айтты. Мен Абай арқылы көрермен жүрегіне рухани сәуле түсіре алғанымды білдім, оған қуандым да, себебі Абайды бейнелеу оңай дүние емес.
Кейіпкерді зерттеу – докторлық диссертация жазумен тең
− Өзіңізді өнерге ынталандырған Бекжан Тұрыс «Өмірзая» спектакліндегі кейіпкерін сомдау үшін жүйке аурулары ауруханасына, «Жүрейік жүрек ауыртпай» драмасындағы қария рөлін бейнелеу үшін қарттар үйіне барып тұрған екен. Сізде де осындай кейіпкеріңіз үшін тәуекелге барған сәт болды ма?
Бұл барлық актердің міндеті деп айтуға болады, себебі рөлді әр актер өзінше зерттейді ғой. Мысалы, бір рөлді алған кезде оны тану үшін күндіз күлкің, түнде ұйқың бөлінеді, отбасыңнан да алшақтап кететін сәттер болады. Мысалы, Гамлет тәрізді үлкен рөлдің жауапкершілігін алған сәттен-ақ  оның әлеміне еніп, зерттей бастайсың. Бекжан ағамыздың білмегі де осы ғой, қарттар үйіне барғанда  «оны кім, не үшін тастады? Қарттардың жаны қалай ауырады?» деген сауалға жауап беру үшін сен оны көзіңмен көріп, қолыңмен ұстауың керек. Актер өзі сомдайтын кейіпкерін зерттеген сәтте докторлық диссертация жазғандай болады. Оралхан Бөкей ағамыздың «актер деген мамандық күндіз-түні ұйықтамайтын, оқу-тоқуды таңдап алу» деген сөзі бар. Міне, актердің бейнеті – осы.
− Театр сахнасында жүрген 21 жылда жүзге жуық рөлді сомдапсыз. Сыр көрермені сіз ойнаған Шәмшіні, «Ғасырдан да ұзақ күндегі» Әбутәліпті тамашалады. Айтыңызшы, тарихи тұлғаларды сомдауда қандай да бір тылсым дүние бола ма?
Әрине, онсыз болмайды. Мысалы, Абайды өз жүрегіңнен өткізіп барып, сахнаға шығармасаң ол бекер дүниеге айналады. Абай тәрізді тебіренесің, жаның ауырады, көзіңнен жас, маңдайыңнан тер шығады. Арпалысасың, оның әрбір айтқан сөзіне әрекет жасайсың, әрекет арқылы халыққа жеткізесің. Кешегі Шәмшінің өмірін алайықшы, сондай тарихи тұлға неге жылдар бойы гаражда тұрды? 1986 жылы жастар азаттық үшін алаңға шыққан кезде олардың рухын көтеруге себеп болған Шәмшінің әні емес пе еді? «Менің Қазақстанымды» айтқан кезде адам жаны қалай рухтанады? Кешегі аптада Н.Бекежанов атындағы облыстық драма театрында қойылған спектакльден өзіңіз де көрдіңіз ғой, осы ән айтылған сәтте халық орнынан тұрып кетті. Міне, тұлға мен әннің құдіреттілігі. Шәмшінің әнімен қанша ұрпақ тәрбиеленді, қанша жас ән күшімен отбасын құрды. Мен үшін Абай да, Шәмші де санасы еркін адамдар, қыспағы жоқ  тәуелсіз тұлғалар.  «Мен қанша ән жазсам сонша жылаған болуым керек» дейді Шәмші. Ол не үшін жылады? Неге көзіне жас келеді? Оның да өз астары бар...
− Ал сол тұлғалардың болмысын ашамын деп сіз қанша рет жыладыңыз?
Білесіз бе, Шәмшіні айтқан қазіргі сәтте-ақ менің көзіме еріксіз жас келіп отыр. Жаным мен жүрегім ауырады. Біз оның ел арасында думандатып, халық ішінде көңілді ән салғанын ғана білеміз, бірақ естеліктерді оқып отырып тұлғалардың қиналған сәтін сезінуге, түйсінуге болады. Ол Мұқағали болсын, Шәмші болсын, бәрі қоғамның қыспағын көрді, себебі, олар еркін. Ал еркіндікті ешкім қаламайды ғой. Міне, сол кісілердің көрген қайғы, тартқан азабын түсінген сайын көзіме жас үйіріледі.
− Сіз ақылды адамның азабын кейіптегенде өз болмысыңызбен үндестік табатындай көрінеді. Мысалы, Шәмші қойылымында Шәмшімен бірге қоғамға күйінген Нұркенді де көрдік...
− Актерде өнермен қатар, азаматтық борыш болу керек. Азаматтық борыш деп отырғанымыз – қоғамда болып жатқан дүниеге бей-жай қарамау. Біздің тіліміз, ұлттық руханиятымыз қалай дамып жатыр? Қазір әлеуметтік желіде қазақы болмысымызға сай келмейтін тақырыптар талқыға түсуде. Рухымыз күйреп бара жатқан тәрізді, еркін сөйлеу, тәуелсіз ойлау қажет деп басқа арнаға түсіп кеткендейміз. Осының бәрі жаныңды ауыртады. Сол кезде сахнадан тарихи тұлғаларды сомдап, сол бейне арқылы бүгінгі қоғам болмысын елге көрсеткіміз келеді. «Шәмші» қойылымында Отан жайлы айтқан Чадаевтың мынадай сөзі бар: «Мен өз Отанымды аузымды тігіп, тіземді бүгіп, көзімді жұмып жақсы көруге мойынсұнған емеспін. Менің ойымда Отанға мейлінше пайдалы болудың жалғыз әрі төте жолы – оны қапысыз тану ғана. Көзжұмбай құштарлықтың заманы әлдеқашан өткен. Біз алдыңғы толқыннан кейін олардан қарға қадым болса да ілгерілеу үшін келгенбіз. Олардың кеудемсоқтық, көрсоқырлықтарын қайталамау үшін келгенбіз. Ел тарихына адамзат ойының ұшар биігінен қарамайынша түк те шықпайды» дейді. Жаңа өзіміз айтып отырған Абай адамзат ойының ұшар биігінен қарады, Шәмші де солай. Осындай тұлғаларды сомдаған кезде әрине сіздің де санаңыз өзгереді. Қоғамға салғырт қарап, тарихи бейнені сомдаймын деу өтірік дүние. М.Әуезовтің «Қараш-Қараш» оқиғасында Жарасбай былай дейді: «Ертеңін ойламайтын қайран жұрт надандықтың құрбаны болуға шақ тұрғанын сезбейді. Оларға қарын тоқ болса болды. Бірінің тілеуін тілеспейтұғын бос мақтанға семірген тойымсыздар оқуға, білімге ден қойса, жандаралдың жандайшаптары мен көлденең көк аттысына аузына келгенін оттатқызып қоймай, өрісімізді кеңейтер едік. Елдің болашағы көкірегі ояу, зерделі жастарда». Сол Жарасбайдың сөзімен Әуезов өзінің ойын, жан дүниесінің толғанысын беріп отыр. Ал мен оны сахнаға шығарғанда бүгінгі қоғамның бейнесін қосып, халықтың санасына ұғындыруым керек. Көрдіңіз бе, бәрі бір-бірімен байланысты. Кейіпкер арқылы өз қыжылыңды, ой арпалысыңды жеткізе алуың қажет. Үндестік деген осы.
Спектакльді көрудің де өз мәдениеті бар
− «Театр – тобырды ұлтқа айналдырады» дейді Томас Манн. Театрдың елді түзеуге қауқары қаншалықты жетеді?
Дәл қазіргі қоғамда қазақ тілінің құндылығын сақтап тұрған өнер ордасы болса, ол – театр. Ұлттық салт-дәстүр, қазақ жазушыларының шығармасы, М.Әуезовтің, Ғ.Мүсіреповтің тілдік қорын сақтап қалған да − театр. Шерхан ағамыз «театр көп болса, түрме азаяды» деп не үшін айтты? Бұл жерде үлкен мәдениет бар. Театрға келудің, қойылымды көрудің де өз мәдениеті бар, бізге осы жетіспейді. Қойылым көріп отырып ортасында шығып кететін, телефонмен сөйлесіп, өзгенің ойын бөлетін көрерменді өзіңіз де көріп жүрсіз. Біз тіпті қойылымды көруге дайын емеспіз. Мен осы тұрғыда орыстардан үлгі аламын, театрына барған кезде көрермен мәдениетін бақылап отырамын. Олар залға кіргеннен бастап ақырын сөйлеп, тыныштық сақтайды. Ал бізде қойылым барысында көрерменге «мен концертте отырмын, қазір шығамын» деп сөйлеп жатады. Сол үшін алдымен халықтың мәдениет деңгейін көтеру қажет. Театр осы мәселеге де жауапты. Мұның бәрі қазіргі жеңіл, арзанқол дүниелерді санамызға сіңіріп алғанымыздың әсері. Қазір көп адам ойланбайды. Айтыңызшы, сіз концертке барған сәтте ойланасыз ба? Әншінің бір-екі әніне қол шапалақтап, айқай-шумен, көңіліңізді көтересіз де қайтасыз. Ал театр адамға үлкен ой салады, санасына төңкеріс жасайды. Театр – айна, кейде көрермен өзін көреді, сабақ алады, жаңа ой түйіп кетеді. Театр осының бәрін көрсете білсе – негізгі миссияның орындалғаны. Театрда қойылған комедияның да астарында зіл жатыр, ол жай ғана күлу емес. Күліп тұрып жылататын спектакльдер бар...
− Көрермен мәдениетінің төмендігін жаһанданудың салдарынан деп түсінеміз бе? Жалпы бүгінгі қоғамға қарап отырып, болашақты қалай елестетесіз?
        − «Қараш-қараш» қойылымында мынадай оқиға бар: «...жаңағы Жарасбайдың сөзінен соң сәбидің дауысы шығады. Сонда Бақтұғылдан «осы сәбидің болашағы жарқын болады дегенге сенесің бе?» деп сұрайды. Мені де болашақ алаңдатады, егер де тіліміз шұбарланып, бір-бірімізге құрметіміз кеміп, руханиятымыз құлдырайтын болса, онда келешектің келбеті бұлдыр. Мысалы, Жапонияда баланы 12 жасқа дейін өз ұлтының салт-дәстүрімен, тілімен тәрбиелеп өсіреді. Балаға алдымен ананың тәрбиесі, халықтың өнегесі берілу қажет. Жапонияның іргелі ел болуының басты себебі де осы. Адам  алдымен өзін, ұлтын сыйламай басқаны құрметтей алмайды. Міне, содан кейін ғана болашақ жайлы айтуға болады. Әрине ұрпағымыздың келешегі нұрлы болсын деп тілейміз, оның ішінде жастар, өздеріңіз де барсыздар.
− Аға, қойылымнан соң көрермен көзінен қандай әсер іздейсіз?
Әдетте көрермен спектакльден кейін ризашылығын білдіріп жатады, бірақ халықтың көзқарасын қойылым барысынан-ақ сезінуге болады. Көрермен  образын сомдап жатқан кейіпкердің әлеміне бірге еніп кетсе, сен қанаттанасың, аспанға ұшасың. Қазақтың бағына біткен Димаш өлең айтқанда өзін ұмытып, халықты баурап алады. Бұл – өнердің құдіреті, талант, онда жасандылық жоқ. Сол тәрізді кез келген өнер адамы сахнада өзін ұмытқан сәтте көрерменге жақсы әсер қалдырады. Ал халықтың аурасы мен энергиясы қойылым кезінде бізге анық білінеді.
− Театр сахнасы − тарих, психология үндескен орын, ал актерге берілген рөл үміт пен үрейдің арпалысы тәрізді. «Қап, осы кейіпкердің бейнесін аша алмадым-ау» деген өкініш бола ма?
− Кейде рөлдің жауапкершілігін алған сәтте «мен осы мамандықты дұрыс таңдадым ба?» деп өзіме сұрақ қоямын. Қиналған сәтте «мүмкін менің шамам жетпейтін болар» деген ойлар да келеді. Бәрі керемет деуден аулақпын, кемшілік бәрінде болады. Әр ойнаған сайын кейіпкерің үшін іздене түсесің, жаңа қырын танығандай боласың. Мысалы, менің Нұр-Сұлтан қаласында ойнаған Шәмші рөлім мен Қызылордадағы Шәмші бейнесінің арасы жер мен көктей. Сырға келіп Шәмшіні сомдағанда оның жаңа қырын таптым. Негізі актердің ізденісі осында жатыр деп ойлаймын, ол өзі бейнелеген образға көңілі толмау қажет, егер оған масаттанса, бәрі де тоқтайды.
Оқыс оқиғадағы шынайы Гамлет
− Әдетте сахнадағы спектакльді көргенімізбен, театрдың ішкі кухнясын біле бермейміз. Қойылым барысында рөлге әсер ететін оқыс оқиғалар бола ма?
Әрине, ондай жағдайлар көп болады (күліп). Шекспирдің Гамлетін ойнау барысында физикалық күшке көп салмақ түседі. Бірде осы қойылым басталар сәтте белім тарс етіп, ұстап қалды. Бұрын бір спектакль кезінде омыртқамды зақымдап алғанмын, емделген соң күтіне бермейсің, кішкене суық тисе, сыр береді. Сондай бір күні Гамлетті ойнап жатып белімнің ауырғаны сонша орнымнан тұра алмай қалдым. Спектакль басталды, мен бірінші монологымды айтып бола бергенімде белім шыдатпай, құладым. Сол жердегі жігіттер жүгіріп келіп, сахнадан суырып әкетті. Санаулы минуттардан соң сахнаға қайта шығуым керек. Негізі жоғары жақтағы балконнан көрінуім қажет, бірақ мен еңкейіп астынан шықтым. Актерлар маған бір жағдай болғанын бірден түсінді. Ол кездегі көркемдік жетекшіміз театртанушы Еркін Жуасбек азамат болатын, ол кісі де қойылымды жоғары жақтан көріп отырған, маған бірдеңе болғанын сезе қойып, бірден жүгіріп келді. Менің белімнің ауырғаны сонша жаным шығып кете жаздады. Еркін ағаға қойылымды әрі қарай жалғастыра алмайтынымды айттым. Екінші құрамда ойнайтын Сырым Қашқабаев деген талантты актер бар, сол кезде оны да шақыртқанбыз. Ол киіммен дайын тұр. Еркін аға «Нұркен, сен тарихта бір актер ойнап жатып, екінші актер ары қарай жалғастырып кетіпті дегенді көріп пе едің?» − дейді. «Көрген жоқпын, бірақ тарихта қалсын да» деп мен әзілдеймін. «Мен қазір сахнаға шыға алмаймын» деймін тағы да. «Сонда сен үшін келген көрерменді қайтесің?» дейді Еркін аға. Жедел-жәрдем келіп тұр. Амал жоқ, дәрігерлер салған дәрінің көмегімен сахнаға қайта шықтым, белім әлі де ұйып тұр, қатты қимылдасам құлайтынымды білемін. Екі сағат Гамлетті ақырын ғана ойнап шықтым. Қойылымнан соң Еркін Жуасбек келіп «мен сен ойнаған рөлдерді көріп жүрмін, бірақ мына Гамлет ерекше шықты» деп күлді. Белімнің ауырғаны жаныма батып, қиналғанның әсерінен Гамлеттің де ішкі күйзелісі шынайы берілген болу керек. Одан кейін гримімді сүртіп, ақырын сыртқа шықсам екі-үш көрермен күтіп тұр екен. Маған алғысын айтып жатыр. Ал мен бар мүмкіндігімді көрсетпегеніме іштей қысылып тұрмын. Бірақ көрермен оны сезіп тұрған жоқ. Актер әрқашан осындай тосын жағдайларға дайын болу керек, себебі көрерменің еш кінәсі жоқ.
− Белгілі бір тұлғаны сомдау актер психологиясына әсер ететіні рас. Қойылымнан соң кейіпкердің аурасынан шығу ұзақ уақыт алатын болар...
Әрине, 1-1,5 сағат бойы сахнада басқа адам болып ойлану, сөйлеу санаңа салмақ. Көбіне спектакль біткеннен соң жеке қалуға тырысасың. Өз-өзіңе келіп, ақырын ойланып, есеп бересің. Кейіпкермен қатар көрерменді ойлайсың. Бірақ ол образдан шыға алмай қалу деген сөз емес. 10-15 минуттан соң қайтадан қызу тіршілікке еніп кетесің, себебі ол сенің – жұмысың.
− Өз «жанымызды» қалай түсініп, қалай тазартамыз, аға?
Әдетте адамның жаны ауырады деп айтамыз, бірақ оның қай жерде екенін ешкім білмейді. Меніңше, жанды өз-өзіңе есеп беру арқылы түсінуге болатын тәрізді. «Жақсы кісілердің қатарынан болғың келсе күніне бір мәрте, болмаса жұмасына бір рет, ең болмаса айына бір рет өз-өзіңе есеп бер. Әрбір ақылды адамға иман парыз, әрбір иманды жанға ғибадат парыз» дейді Абай. Иман қайдан келеді? Иман – жанның тазалығында. Адам бойындағы сабырсыздық, ұрыс-керіс, жаман ой, тіпті лас су да адам жанын кірлетеді.
− Сыр бойында болған бір аптада қаладан қандай әсер алдыңыз?
Қызылордаға шамамен 2007-2008 жылдары «Бәйтерек» тобының гастрольдік сапары кезінде келгенбіз. Ол кезде Қазақстанның барлық қаласын аралап шыққан едік, бірақ ең керемет концерт осы қалада өтті. Халық стадионға сыймай, есікті сындырып кірген сәт біз үшін сенсация болған. Қала халқын ерекше жақсы көремін және өңірдің тазалығына сүйсінемін. Қазақстанның барлық қаласы осындай болу керек тәрізді. Мұның бәрі аймақ басшысы Қырымбек Елеуұлының еңбегі деп білемін.
− Аға, алдағы уақытта сізді тағы қандай тарихи тұлғаның бейнесінде көреміз?
Енді Алаш арыстарының бейнесін сомдасам деген ой жүрегімде жатыр. Ол кісілердің қазақы болмысы мен рухын өскелең ұрпақтың санасына жеткізу, сахнаға алып шығу – менің үлкен арманым.
− Сұхбаттасқаныңызға рақмет!
 Әңгімелескен
Гүлдана ЖҰМАДИН
 
---
25 сәуір 2019 ж. 819 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Шілде 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031