ӨНЕРГЕ ӨЗІНДІК ӨРНЕК САЛҒАН...
Н.Бекежанов атындағы драма театрында драматург Л.Егембердиеваның «Көресіңді көрмей» спектаклі қойылды. Спектакльдегі Ақдидар ана рөлін «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» Кәмила Әбжанова сомдады. Бірнеше жылдан бері талай сахналарда қойылып, көрермен көңілінен шыққан бұл туынды Кәмиланың да жанына жақын. Себебі, ол қоғамнан бір, тағдырдан бір тауқымет тартқан ана мұңын жан жүрегімен сезінді. Ой санасын ойсыратып өткен осынау әсерді көрермен көңіліне қапысыз жеткізуге тырысты. Бір уақ бақытсыз ана кейпіне еніп, шарасыздықтан шарқ ұрды. Жылады, күлді, жұбанды. Спектакльді көре отырып, есірген ұл мен кесапат келіннің әрекетіне күйзелесің, көзіңе жас үйіріледі. Шарасыз қалған ананы аяйсың... Әйтеуір, соңында жанына жұбаныш тапқанына қуанасың.
Оқиғаның желісі былайша өріледі: Бақытты өмір кешіп жатқан жас отбасы тосын жағдайға тап болады. Сүйген жары ұлтшыл деген баппен сотталып кеткеннен кейін Ақдидардың басынан небір ауыр күндер өтеді. Ал қартайған шағында өзегін жарып шыққан өз баласынан көресіні көреді. Ішкілікке салынып, адамшылықтан безген кіші ұлы мен келіні қарияны үйінен қуып шығады. Қара шаңырағын қимай, артына қарай-қарай кете барған қарт ана қаладағы үлкен ұлының қолына келеді. Мұнда да көңілі жайланбады. Ұлы құшақ жая қарсы алғанымен, келіні оң қабақ танытпады. Қарияның үстінен шыққан ауылдың иісін тіпті жаратпады. Көңілі жабырқаған кейуана күн сайын Кеңсайға барып, өткен шағын ой елегінен өткізетін. Бірде сол жерден хабарсыз кеткен алғашқы жарын жолықтырады. Осыдан кейін ғана оның өміріне оң өзгеріс енеді.
Біз бұл мақаламызда Сыр өңіріндегі дара өнер ордасы Н.Бекежанов театрында 44 жыл еңбек етіп, талай образдарды сәтті сомдаған Кәмила Әбжанованың образын ашуды жөн көрдік. Негізі, оның бұл салаға келуіне режиссер А.Тоқпанов себепші болған еді. Сол кісінің шақыртуымен 1972 жылы Алматыдағы М.Әуезов атындағы Академиялық драма театрының студиясын, одан кейін 1996 жылы Алматыдағы Т.Жүргенов атындағы театр және кино институтының драма актері факультетін бітірді. Осыдан кейін ол үшін тек арман болып келген театр өнеріне даңғыл жол ашылды.
Бойындағы қабілетін шыңдап, кәсіби білім алған ол 1972 жылы Н.Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театрына жұмысқа орналасқан еді. Осынау өнер шаңырағында 44 жылдан бері еңбек етіп келеді. Бүгінге дейін жүздеген рөлді сомдады. Олардың қатарында Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш-Баян сұлуындағы» Мақпал, Р.Отарбаевтың «Қандыөзек» спектаклінде Жалқытайдың анасы, Е.Төлеубайдың «Жеңгетай» комедиясында Толым, И.Сапарбайдың «Сыған серенадасы» поэтикалық драмасында Баронесса, М.Ф.Ахундзаденің «Кетпейсің! Болды, кетпейсің!» комедиясында Ханпері, Ә.Тәжібаевтің «Екі дәурен, бір ғұмырында» Ділдә, жоғарыда айтып өткен Л.Егембердиеваның «Көресіні көрмей» драмасында Ақдидар бейнесін кемеліне келтіре ойнап, көрермен көңілінен орын алды.
Өнерде өз қолтаңбасын қалдырған актриса К.Әбжанованың еңбегі әркез лайықты бағаланды. 1988 жылы «Еңбек ардагері» медалімен, 1998 жылы Білім, мәдениет және денсаулық сақтау министрлігінің және Қазақстан ЛКСМ орталық комитетінің «Құрмет грамотасымен» марапатталды.
2000 жылы «Қызылорда облысының құрметті азаматы», 2005 жылы – Қазақстан Республикасының «Мәдениет қайраткері» арнаулы белгісін, 2009 жылы «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағын иеленді. Ал 2016 жылы театрда белгіленген Ш.Бәкірова атындағы ауыспалы жүлдені жеңіп алды. Сондай-ақ, таяу күндерде аталып өткен мәдениет саласы қызметкерлерінің төл мерекесінде К.Әбжановаға мәдениет және спорт қызметкерлері салалық кәсіподағы облыстық филиалының «Еңбек даңқы» төсбелгісі табысталды.
Айта кетейік, актриса өмірлік жары Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, «Құрмет» орденінің иегері Б.Алпысбаевпен елу жылға таяу өнер сахнасында бірге еңбек етіп келеді. Олардың өнердегі шыққан биігін әріптестері де жоғары бағалайды.
Ғазиза ӘБІЛДА