» Біз Бекетай биді білеміз бе?

Біз Бекетай биді білеміз бе?

Туған халқымыздың жүздеген ғасырлық жәдігер тарихында елі мен жерін өле-өлгенше қастерлеп өткен біртуар перзенттері аз болмаған. Неше ықылым тарих аласапыранында жоғалмай, қайта уақыт өткен сайын жұлдыздай жарқырай түскен халқымыздың ардақты ұл-қыздарының есімдері ел тәуелсіздігі тұсында жаңғырып, жалпақ елдің мақтанына айналып отыр. Соның бірі – Арал өңірінде дүниеге келген, көзі тірісінде ел-жұртының ыстық ықыласына бөленген Бекетай  Қатпаұлы. Бектайдың арғы тегі Кіші жүздің Әлім аталығы, оның Жаманақ-Өріс-Айдарбек-Күлік руынан тарайды. Бекетай бидің туған атасы Жәңке батыр Абылай ханның  тұстасы, әйгілі алты биінің бірі болған. Бұл жөнінде Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің  Абылай  хан  жөніндегі шежіресінде жан-жақты айтылған. Орыс  кеңсесінде  қызмет  атқарған  оның қазақтың  мүддесін бірінші кезекке қойғанын ауызекі  аңыз-әңгімелерден  жақсы білеміз.Тіпті ескіден келе жатқан есті сөзді ілгеріде құйма  құлақ, көкірегі  алтын сандық  ауыл қарттарының  уәлі аузынан  талай естігенбіз.

                            Алты Асанды құтыртқан,
Қотанкөлдің  арпасы.
Айдарбекті құтыртқан,
         Бекетайдың  арқасы.                                                                                                         
Бекетай  жөнінде бертініректе өмір сүрген, бірақ  аты-жөні тарихта  сақталмаған белгісіз  шайырлардың  мынадай да жыр жолдары бар:
                                                     Билігіне бір айтқан, 
Қазалыда орыс пен
Қазақтың  жоқ  таласы.
Арғы  тегі  Жаманкөз,
Ата жұрты Бөген мен,
Аққұлақтың  арасы.
Заманында  зиялы,
Ұлық  болған шамасы.
Қызметі ежелгі,
Қазалының  қаласы. 
Сол  қалада ояз боп,
Қара қазақ ішінде
Бір түспеген бағасы.
Түп атасы Ер Жәңке,
Күліктердің дарасы.
Кезінде  Бекетай ата жөнінде тиісті орындар тарапынан «ескілікті жақтаушы», «патша қызметшісі» деген әртүрлі қитұрқы пікірлердің шырмауында болып келдік. Мұның салдары көп уақыт бойы Бекетайдың өмірі мен халқына жасаған қамқорлығы, кісілігі жөнінде білгісі келгендердің жолына да кесе көлденең тұрып келгені мәлім. Шынында Бекетай кім? Оның есімін осы уақытқа дейін Арал-Қазалы өңірі тұрғындарының қастерлеуі неліктен? Шамамен 170 жылға жуық уақыт өмір сүріп, аты аңызға айналған, айналасына беделді, жұртының сойылын соққан осынау кісі жөнінде әуелі аузы дуалы ақсақалдар арқылы сұрау салдық. Оның нәтижесі жаман болған жоқ. Бекетай туралы Бөген ауылының тұрғыны, зейнеткер Насыредин Жолаев ақсақалмен жолығып сұхбаттастық.
Табиғатында нендей әңгімені қозғаса да әдемілеп, нақышпен айта білетін Нәкең Бекетай ата туралы сұхбатын тым әріден бастаған көзі тірісінде.
– Шырағым, мынау Жер ана да, үстіндегі жеті қат аспан да бәз-баяғы қалпы. Тек аспан мен жер астында уақыт желі аласұра соғады. Дүниеге тағы да жас ұрпақ келеді. Әр ұрпақтың пешенесіне жазылған тағдыр-талайы бар. Бірі – жаугершілік тұсында жапан далада атамекені, тілі мен діні үшін арпалысса, енді бірінің тұсында елі мамыражай тыныштықта бейбіт өмір сүрген. Иә, «жақсыдан шарапат» деген осы шығар. Бекетай туралы қойы қоралас, ауылы аралас екі ауданның көне көз, құйма құлақ қарттары ылғи да ілтипатпен еске алып отырғанын талай мәрте  естігеніміз бар.  Бидің ата қонысы – Аралдағы қазіргі Аққұлақ елді мекенінің маңайы. Әкесі Қатпа ел ішінде беделді сөз тізгінін ұстаған салмақты кісі болған. Оның үстіне дәулетті, абыройлы кісі сүйікті ұлы Бекетайды жастайынан адалдыққа, имандылыққа, кісілікке тәрбиелейді. Кейін Бекетай ат жалын тартып мінер тұста сол кездегі Қазалы фортында мешітте сауатын ашады. Мұнан кейін он бес-он алты жастағы бозбала шағында Бекмырза ханға хатшы (писарь) болады. Ежелден еркіндікте өмір сүрген Солтүстік Арал бойындағы жергілікті ру, тайпалар сол тұста Қазалы фортының іргетасын қалауға келген патшалық Ресейдің әскери экспедициясына қарсы шыққан еді. Бұл көтерілісті тарихтан баршамызға танымал Жанқожа басқарды. Рас, жергілікті жасақтың қолындағы айбалтасы мен көк сүңгісі жасанған жауға пәлендей қарсы төтеп бере алмайтұғын. Алайда ұлы бабалар аманатқа қалдырған атамекеннің ұлтарақтай пұшпағы үшін қазақ жастары жауған оққа қарсы шапты. Асылы, намыстан артық азамат үшін не бар екен? Бірер жылға созылған осынау соғыс ақыры Жанқожа жасақтарының жеңілісімен аяқталды. Бекмырза хан басқыншылардан қашып жүріп, ақыры солардың қолынан қаза табады. Хандықтың қол астындағы ел-жұрт тұс-тұсқа тарап кеткен еді. Бекетай да орыстардан қашып жүріп атамекені Аққұлаққа оралады, – дейді Насыредин қария.
Жазушы Толыбай Абылаевтың айтуынша, Бекетай сол тұстағы саяси-жағрапиялық құрылым бойынша Сырдария губерниясы Қазалы уезі бастығының бірінші көмекшісі болған екен. Ол кездері бұл уездің құрамына қазіргі Қазалы, Қармақшы, Арал аудандары кіргені белгілі. Жастайынан билікке ерте араласқан Бекетай ұзақ жылдар халқына қалаулы, еліне елеулі болып ат үстінде ғұмыр кешіп, 54 жасында қапияда жол үстінде қаза табады. Міне, өз дәуірінде халқының қамы үшін жарғақ құлағы жастыққа тимей өткен Бекетай би туралы бізге жеткен ауызекі әңгімелердің бір парасы осындай.
Қорғанбай ЖИЕНБЕКОВ,
Арал ауданы
---
25 сәуір 2019 ж. 835 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031