БАТЫРДЫ ҰЛЫҚТАҒАН ДӘСТҮРЛІ ТУРНИР
Өткен сенбіде самбоның мықтылары Жосалыға жиналды. Онда дәстүрге айналған айтулы аламан жыл сайын жүзеге асады. Биыл Кеңес Одағының Батыры Тәйімбет Көмекбаевты еске алуға арналған ХХIV халықаралық мемориалға Ресей, Өзбекстан, Тәжікстан мен еліміздің барлық өңірінен 9 салмақ дәрежесі бойынша 150-дей боз кілем шебері бақ сынады.
Жыл сайын жеңіс күні қарсаңында дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан аталмыш спорттық мерекенің ашылу салтанатына қатысқан облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов, Қармақшы ауданының әкімі Сұлтан Мақашов ел басына күн туған жылдары ел қорғаны болған аталар рухына тағзым етіп, осындай тағылымды спортық шараны ұйымдастырушыларға алғысын айтса, самбо күресінен Қазақстан Республикасының мемлекеттік жаттықтырушысы Қаймен Есендияров самбо күресіне елеулі еңбек сіңірген бір топ сала мамандарына құрмет көрсетті. Атап айтар болсақ, Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген жаттықтырушы Әділбек Серікбаевты «Самбо күресінің Құрметті ардагері» медалімен, ал Қазақ күресінен әлем, ал самбодан бірнеше рет халықаралық жарыстарда атай салған Бауыржан Райсов пен Ғалымжан Әбдірахмановты «Самбо саңлағы» медалімен марапаттады.
Жосалы кентінің бас спорттық кешенінде жайылған қос кілем үстіне алғашқы болып 52 және 57 келі және басқа да салмақ дәрежесі бойынша шақырылған балуандар жарыстың көркін қыздырды. Спорттық шараның бірінші күні топтық және жартылай финалдық белдесулер өткізілсе, жарыстың келесі күні өз салмағында оза шапқан балуандар ақтық белдесулер өткізді. Екі күнге созылған спорттық мереке қорытындысында 52 келіде қызылордалық Дәулет Тұрғанов, 57 келіде алматылық Асхат Балтабаев, ал 62 келіде қарағандылық Рахат Жаңаниет жеңімпаз атанса, 68 және 74 келіде қызылордалық боз кілем шеберлері Ерлан Жақсыбеков пен Ғалымжан Әбдірахмановтардың мерейі үстем болды. Сонымен қатар 82 және 90 келіде Арапхуа Ғайбалиев пен Мұрат Баймұратов өз салмағы бойынша І орын иегері атанса, 100 келіде өзбек палуаны Нодир Мерхаликов, ал 100 келіден жоғары салмақта Ресейден келген Аслан Калибаев жеңімпаз атанды. Сыр саңлақтарының арасында Ержан Абдуллаев пен Жайдар Есенов, Дамир Әбдеков, Олжас Талапбекұлы және Марат Баймаханов өз салмақтарында ІІ және ІІІ орын жүлдегері атанды.
Жарыс демеушілерінің ұйымдастыруымен жарыстың соңғы күнінде түйе балуандар сайысы өтті. 16 түйе балуан екі топ бойынша өзара белдесулер өткізді. Топ ішінен ақтық сынға Мақсат Исақабылов пен шымкенттік Нұрдәулет Мыңғышов шығып, Мақсат қарсыласын таза жеңіп, демеушілер тағайындаған 2 млн. теңгені қанжығасына байлады.