«Ақмешіт жастары» достарын шақырады
Бүгін сол жағалауда орналасқан «Жастар ресурстық орталығында» «Ақмешіт жастары» газетінің ұйымдастыруымен «Ақмешіт жастары» достарын шақырады» атты форум өтті.
Өңір жастары бас қосқан жиынды «Сыр Медиа» ЖШС-нің бас директорының орынбасары Марат Аралбаев ашты. Бас қосуға облыстық «Жастар ресурстық орталығының» директоры Абылайхан Сабанбаев, облысымыздағы өзгеде аудандардың «жастар ресурстық орталықтарының» директорлары және студенттер мен белсенді жастар қатысты.
БАҚ-тағы жастар тақырыбының негізгі бағыты олардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету, білім, жұмыспен қамту саласындағы кепілдіктер, кәсіпкерлік, талантты қолдау, оларды замандастарына үлгі ету және жастар бірлестіктерінің жұмысын насихаттау деген сан саланы қамтиды. Тақырыбы сан алуан республикалық не облыстық деңгейдегі қоғамдық-саяси, әлеуметтік, мәдени-әдеби – қай басылым болса да бір нөмірде, тіпті айлық жоспардың өзінде қамти алмауы мүмкін. Бірақ арнайы жастар бағытындағы газет-журнал апталық, айлық шығарылымында толыққанды қамтуға жеткілікті мүмкіндікке ие.
Газет аптасына 2 рет шығады. Бұған дейін 12 бет болып шыққан басылым қазір Д2 форматына көшті. Айына бір рет оқырманға ұсынылатын 40-қа жуық бет, 150-ден аса айдар бар. Аудандарға іссапар барысында жіберілген материалдары дер уақытында тіпті кейде мүлдем жарияланбай қалады деген мәселелер болды. Осы орайда біздер әр ауданға кураторлар бекіттік. Олар аудандардағы жастар ресурыстық
орталықтарының мамандарымен бірге жұмыс істейтін болады, – деді газет редакторы Айжан Абдуллаева.
орталықтарының мамандарымен бірге жұмыс істейтін болады, – деді газет редакторы Айжан Абдуллаева.
Шара соңында форумға қатысушылар газеттің онлайн нұсқасын дамыту, ауданнан тысқары жатқан елді мекендердің хал-ахуалын, ондағы жастардың бүгінгі жай-күйін басылым бетіне шығару жайлы өз пікірлерімен бөлісіп, өзге де алда атқарылар жұмыстар туралы ойларын ортаға салды. Қуаныш Дәуренбеков газетте жастардың бизнес жобалары мен стартап идеяларын үнемі жариялап тұрса, оқырманға пайдалы тұсы басым болатынын айтты. Ал «Қармақшы аудандық жастар ресурстық орталығының» директоры Әділ Ибрахим қазір әлеуметтік желіге желімдей жабысқан жастардың газеттегі оқымайтындығын айтып күйінді. Мұны былай қойғанда, бүгінгі жастардың ауылшаруашылығы саласында жұмыс істеуге құлықты еместігін жеткізді. Себебі қазір елді мекендер де 20 жұмыс орны бос тұр екен. Айлығы 70 мың теңгеден асып жығылады. Ол осы мәселеге газет ұжымы бей-жай қарамай, назарында ұстаса екен деген ұсынысын білдірді.
Шара аяқталған соң газет ұжымы аудандардан келген ресурстық орталықтардың директорларын «Сыр Медиада» орналасқан газет ұжымдарымен таныстырды.
Ақтілек БІТІМБАЙ