» Тепе-теңдік

Тепе-теңдік

    
   
Analisys
         Дәурен ОМАРОВ

Байқайсыз ба, сіз бүгінде көп адамға күмәнмен қарайтын болғансыз. Біреуден көңіліңіз қалса «қазіргі заманда ешкімге сенуге болмайды» деп ренжи сөйлейсіз. Кейде өзге түгілі өз-өзіңізге деген сенім жоғалып, іштей жеп тынасыз. «Неге?» деп сұрақ қойып көрдіңіз бе? Әлде бірсарынды сүреңсіз тірлігіңізді кешіп келесіз бе? Өміріңізді өзгертуге талпынбадыңыз ба?
Айтпақшы, сенімге селкеу түсіп, сергелдең күйде жүрген мен ғана деп ойласаңыз қателесесіз. Сіз жай ғана ғаламның бір бөлшегісіз. Қазір күллі әлем күйзелісте...

XXI ғасырда сарапшылар, саясаткерлер, журналистер, ғалымдар, футурологтар «сенім дағдарысы», «сенімнің жоғалуы» терминдерін қызу талқылауда. Халықтың ұйымдарға, мекемелерге, билік құрылымдарына сенімінің жоғалуы дүниежүзінде көрініс тауып отыр. Оған себеп те жоқ емес. Саясаткерлердің сайлауға дейінгі серттерінің сөз жүзінде қалуы, құқық қорғаушылардың әділеттен алыстауы, алып мемлекеттердің әлсіз елдерге әлімжеттік көрсетуі, мүдде қақтығыстары адамдардың шыдамын шытынатты. XXI ғасырда дау-дамайды бейбіт түрде шешетін xалықаралық қатынастар үлгісі құлдырады. Біріккен Ұлттар Ұйымындағы АҚШ өкілі Билл Ричардсон Орта Шығыс елдерінің дамуына тұсау болып отырған басты мәселені атады: «ол – сенімнің жоқтығы». Сондықтан әлем елдері xалықаралық құқықта мүлде басқа ойын ережелерін іздеуге көшті. Ал экономикалық дағдарыстар мен санкциялар қаржы ұйымдары мен кәсіпкерлерді қажытып жіберді. Соның салдарынан олар миллиондаған, бәлки миллиардтаған қаражаттан қағылды. Доллардың айналасындағы әңгіменің өзін таңды таңға ұрып, айтуға болады: құбылмалы нарық, тұрақсыз баға. Бұдан кейін халықты неге сендіруге болады? Сонымен қатар сарапшылар бизнес институттарына, БАҚ және мемлекеттік емес ұйымдарға деген сенім деңгейі рекордтық төмен көрсеткішке дейін түсіп кеткенін айтады.
                                       
Грузия ІІД Полиция академиясының жетекшісі (2007-2012), Украина Ұлттық полициясы басшысы (2015-2016), мемлекет және қоғам қайраткері Хатия Деканоидзенің айтуынша, сенім – бұл халық пен мемлекет арасындағы қоғамдық келісімшарт. Сол келісімшартты бұзатын – жемқорлық.
«Сыбайлас жемқорлық – мемлекетке, үкіметтік емес ұйымдарға және тіпті азаматтық қоғамға деген сенімінің жоғалуына әкелетін үлкен қауіп», – дейді ол.
Дін өкілдеріне де сенім азайды. Адамның ақыл таразысы қабылдамайтын сайтани секталар мен тілін біз, жүрегін мұз қылып, қантөгіске итермелейтін әсіредіншілдер қаншама отбасының обалына қалды. «Жаман тәпсір жайылып жер жүзіне‚ Дін десе тұра қашты есті азамат. Бар обалы олардың тәпсіршіде, Адасып нұрлы аятқа жағыпты тат», деп ХХ ғасырдың басында пайымдаған Шәкәрім қажы сөзінің маңызы бүгінде арта түскенін байқаймыз.
Cыртқы факторлар адамның ішкі дүниесін шайқап жіберді, яғни таным-түсінігі, келешек туралы көзқарасы өзгерді. Жүрегіне күмән дейтін вирус қонжиып отырып алғаны соншалық, тіпті күмәнмен өмір сүру қалыпты жағдайға айналды. Шын қуанып, риясыз күле алмайтын дәреже жетті. Оны аңғару қиын емес. Өйткені, адамдар ең жақын деген туыстарымен, достарымен есеппен, сақтықпен араласады. Әгәрәки бір ағайыны қарыз сұраса, ішінен «ақшамды қайтармай қалады-ау» деп күдігі басым тұрады. Шынында қарызын қайтармаса, өкпесі қара қазандай болады. Сонда бұл адам материалдық шығынға емес, рухани шығынға да ұшырап отыр. Яғни, ашу, ыза, кек дейтін көзге көрінбейтін дерттерге жүрегінің төрінен орын беріп қойды. Сенім болмаған жерде айқай-шу, кикілжің жүреді. Бірақ адамдар заттай зардап шексе де, ішкі жан дүниесінің алай-дүлей болуына жол бермейтін темірқазық танымды табуы һәм табуы керек емес пе? «Малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы» деген түсінік қайда қалды? Осы ізгілікті іздеу жолында төрткіл дүниенің түлігін сарп етсең де аздық етеді.
Кез келген мәселеде «Америка ашудың» керегі жоқ. Ұлы далада түрме тұрғызбаған, үйлерінің есігіне құлып салмаған ұлы бабаларымыздың таным-түсінігіне терең бойлау қажет. Шаңырағына кім келсе де жылы шыраймен қарсы алып, құдайы қонақ қылып, сенімнің шынайы үлгісін көрсеткен аталарымыздың тәртібін талақ етпеген ләзім. Олардың болмысын бойымызға дарыта білсек жеткілікті. Қазақ қана емес, әр ел өзінің тарихи тамырына жүгінуі тиіс. Лев Толстой айтпақшы, адамдар мемлекетті емес, алдымен өз жанын түзеуді қолға алса, орынды болар еді. Орыстың «әулиесінен» сөз қалған ба, «жақсылыққа сену үшін, алдымен оны жасай білу қажет» деп қорытады тағы.
Ал мемлекет халықтың сеніміне кіру үшін не істеу керек? Құқық қорғаушы, жазушы, GR саласындағы сарапшы Сәуле Мектепбаеваның сөзімен жауап беріп көрелік.
«Мемлекет неғұрлым жылдам үйрене бастаса, сенімді арттыру мүмкіндіктері де соғұрлым көп болады. Бұл орайда мемлекетке клиенттердің сұранысына аса сезімтал бизнестен үйренген дұрыс. Қазір бірқатар елдерде бақытты болу құқығы халықаралық құқықтық құжаттарда бекітілмегеніне қарамастан Бақыт министрліктері пайда болуда. Біз мемлекеттен бақытты болу үшін жағдай жасауын талап етіп, қызмет көрсетудің жаңа түрлерінің пайда болуын күтудеміз. Диалог біртіндеп адам құқықтарынан клиентке бағдарланған мемлекет жайына ауысады», – дейді ол.
Сәуле Мектепбаева көрсеткен тығырықтан шығар жол – уақытша амал ғана секілді көрінеді. Анасы жұмысқа кеткен емізулі баланы анау-мынау әрекетпен кешке дейін алдап ұстауға болатынын білетін шығарсыз. Алайда мемлекеттің клиентке көзқарас ұстанымын «сен маған, мен саған» деген сияқты пайда табуға ғана негізделетінін ескеру керек. Мәселен, қазіргі адамдардың протатипін алып қарайық, жұмысы тұрақсыз (маусымдық болуы мүмкін), қарызға белшеден батқан (көршісіне қарыз, ағайынға берешегі бар, ірілі-ұсақты бір емес бес кредиті бар), шиеттей бала-шағалы, әйелі аурушаң (үй шаруашылығымен үйде отыр) осы адам өз мәселелері үшін мемлекетті кінәлі деп санаса, ал билік біз мүмкіндіктерді жасап отырмыз, енді өз мәселеңді өзің шеш деп кері итерсе, қаншалықты ақылға сияды? Бұл оның соңғы сенімін сөндірмей ме? Әрине мемлекет жеке адамдардың мәселесін жалпыға ортақ механизмдер ұсыну арқылы реттейді. Экономикалық нарықтық көзқарас тұрғысында бұл дұрыс шығар, бірақ көңіл-күйі жоқ, болашаққа сенімсіз адамдар мемлекетке қаншалықты пайда әкеле алады? Сондықтан клиент ретінде көңілден шығуды ғана емес, адамның ішкі жан дүниесінің теңгерімін де ұдайы назарда ұстау керек.
 «Сенім дағдарысына» ұшыраған қазіргі әлем жұртына не керек? Батыс сарапшыларының айтуынша, халық саяси интригалардан шаршаған. «Көкірегі кең, өз ісіне сенімді кішкене дененің әлем тарихын өзгертуге қауқары жетеді» деген Махатма Гандидің сөзінің жаны бар. Әкеден айрылып, жастайынан жетімдіктің тауқыметін тартқан Шыңғысхан әлемді қалай өзгертті, бұдан бөлек, Әмір Темірдің тектілігін айтсақ та болады. Махатма Гандидің өзі қалыпқа сыймайтын болмысымен ұлтын ұйыстырып, әлемді аузына қаратқан жоқ па? Иә, әлем халқының ішкі дүниесі халықаралық саяси, мәдени, қоғамдық сахналарда ойналатын, көрермені сүйсініп тамашалайтын спектакльдердің сценарийін жазатын көзі ашық, көкірегі ояу «кішкене дененің» келуін қалайды. Бірақ... ол қашан келеді?.. Ол келгенде сізге спектаклінен жақсы рөл ұсына ма?.. Жақсы рөлде ойнауға лайықпын деп ойлайсыз ба?..
---
07 маусым 2019 ж. 624 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Шілде 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031