Коронавирусқа байланысты оқушылардың жазғы демалысы қысқара ма – министр жауабы
Жазғы демалысты қысқарту жоспарланып отырған жоқ. Төртінші тоқсан алтыншы сәуірден басталады, оқушылар қашықтан оқыту режиміне көшеді
Білім және ғылым министрлігі жазғы демалыс мерзімін қысқарту мәселесін қарастырып жатқан жоқ. Бұл туралы ведомство басшысы Асхат Аймағамбетов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Жазғы демалысты қысқарту жоспарымызда жоқ. Егер күтпеген жағдайлар болса, осындай шешім қабылданып қалуы мүмкін. Бірақ, тағы қайталап айтамын, әзірге жазғы демалысты қысқарту мәселесі қаралып жатқан жоқ", - деді Аймағамбетов онлайн брифингте.
Айта кетсек, төтенше жағдайға байланысты қазақстандық оқушылар 16 наурыздан 5 сәуірге дейін демалысқа шықты. Төртінші тоқсан алтыншы сәуірден басталады. Оқушылар қашықтан оқыту режиміне көшеді.
Карантин жағдайында қашықтан оқыту "Ел арна", "Балапан" телеарналары, "Qazaq radiosy", интернет ресурстар мен пошта арқылы жүргізіледі.
Ал жоғары оқу орындары мен колледж студенттері 16 сәуірден бастап қашықтан оқытылуда.